19:34
Ұлы Даланың рухани жауһары

Т.ЖОМАРТБАЕВ / ҚЫЗ КӨРЕЛІК

Қалыңдық іздеген бай балаларының бір күнде келіп құда түсуі, байлық, дәулет, атақ абыройларының бірдей болуы авторлық ой, идея, көркем шешім үшін әдейі таңдалған тәсіл. Роман уақиғасы – талай халықтар әдебиетінде бір таныс сюжет, әйгілі мотив. Мысалы, шығыс халықтарында кең таралған сюжет: үш жігіт ағаштан (саздан т.б.) сұлу қыз жасайды. Бірі ағаштан жонады, бірі киіндіреді, бір жан салады. Бәрі біткенде үшеуі қызды мен аламын деп таласады; тағы бір сюжет: самұрық алып кеткен хан қызын үш жігіт құтқарады, бірі оның қайда екенін тапса, екіншісі самұрықты атып түсіреді, үшіншісі оны жерге түсірмей қағып алады т.с.с. Тағы да оған таласады.

“Қыз көрелік” романының көркемдік жүйесінің негізіне осындай жасанды синкретті сюжет әдейі таңдалады. Енді осы ертегі мен роман арасындағы идеялық сәйкестер мен өзгешелікті ажыратып көрелік.

Ертегі сюжеті. Бір шалдың сұлу қызына үш жігіт келіп көңіл білдіреді. Үшеуі де қызға ұнайды. Қыз оларды сынау үшін маған сыйлық әкеліңдер деп жұмсайды. Олар сиқырлы айна, жәшік, бальзам  табады. Сөйтсе, ғашық қыздары аяқ астынан дүниеден өтіпті. Оны айна арқылы көріп, жәшікпен ұшып жетіп, бальзам арқылы тірілтіп алады.

Қыз олардың бірін таңдау үшін бір жыл уақыт сұрайды. Қыз кімді таңдамақ? Оқушы алдына осы сұрақ тартылады. Ертегі сюжеті осы.

Т.Жомартбаев романының идеясы, фабуласы бұл сюжеттен өзгелеу.  Қаламгер  алдына ағартушы-демократтық мақсат қояды  да роман көркем мазмұнын соған бағындырады. Бұл форма ертегі мазмұнын да айтарлықтай өзгертеді. Уақиғаға да, кейіпкерлерге де авторлық интенцияда (әрекетте) жаңа көзқарас, көп идея бар.

Роман құрылымында ертегілік фабула мәні мотив түрінде ғана алынады деуге болады. Бірдей, ұқсас адамдардың бірдей қызметі арасынан мәндісі, маңыздысы туралы ойлану. Философиялық астары жан мен тән, рухани  әлем мен сыртқы тірлік, байлыққа бағытталатын ізденістерге. Ойларға бастайды.

Т.Жомартбаевтың ертегі мотивінде де жаңалық бар. Ертегідегі жігіттер – сұлу жігіттер. Айтушы оларды бірінен бірін бөлектемейді, сынамайды да.

Т.Жомартбаев та жігіттер әрекеті, сөздері, ойлары ирониясы аралас юмормен жазылады. Заман өзгеріп жатқанда сұлу қыз іздеуден басқаны мұрат қылу түгіл, ойламаған надан жігіттер. Ертегіде жігіттер қызға ғажайып сыйлықтар іздейді. Т.Жомартбаев та адам  ақыл-ойы, ғылымның соны жемісі, адамзатқа пайдасы мол нәрселер іздейді.

Ертегіде қыз таңдау белгісіз. Ойлану оқушы үлесінде. Т.Жомартбаев та, сауатты, білімді Ғайынкамалдың кімді таңдайтыны белгілі. Зиялы Мұхаметқалиды романға сол үшін енгізеді. Демек, авторлық идея өзегінде “...Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық” – деген Абай ойлары бар. Романда Т.Жомартбаев осы идеяны көркем мазмұнға айналдырады.

“Қыз көрелік” туралы пікір айтушыларды біраз ойға қалдырған мәселе ағартушы-демократтық идеясы айқын, терең мазмұны бар шығармада ертегі фабуласының пайдаланылуы, әрі оның Т.Жомартбаев романы құрылымының синтетикалық сипатын ғана танытпай, көркем мазмұнын да белгілеуі.

Көркем мазмұн мен авторлық идея арасындағы қатынасты, байланыс пен айырманы жан-жақты тексеру қаламгер ізденістеріне талдау жасауға да мүмкіндік береді. Әрі бұл көптеген ірі шығармаларда кездесетін қыстырма бөлшектік (элементтік) эпизодтық тиісті қолданыс емес. Ірі шығармада шағын ертегіні мақсатты қолдану арқылы шығарма идеясын, авторлық ойды, көркемдікті күшейтуге қол жеткізген. Өкінішке орай, ХХ ғасыр басында қазақ прозасында қылаң берген бұл әдіс кейін өз қолдаушыларын таппағандықтан, авторының оны жүйелі ізденіске, көрікті келісімге ұластыра алмауынан жалғасын таппай қалды. Ал өзге халықтар әдебиетінде ол қаншалықты қуатты  тәсілге айналғанын Г.Маркес, Ш.Айтматов т.б. қаламгерлер шығармалары дәлелдей алады.

Қаламгер романында қыстырма ертегіні өзінше пайдаланады. Негізгі ертегілік мотивті сақтай отыра оның құрылымына реалды өмір көріністерін енгізеді. Мысалы, Берлин, Париж, Лондон тәрізді қалаларға барған жігіттердің сыйлық іздеу, жүріс-тұрысы, сөзі бейнеленеді. Ғайса байдың, Ғайынкамалдың биографиялық мәліметтері баяндалады. Әсіресе, Ғайынкамалдың зеректігі, Уфада оқуы, оның құрбылары, заман туралы ойлары айтылады. Романға Мұхаметқали бейнесі қосылады.

“Қыз көрелік” романында  шарттылық мол, тіпті роман сол шарттылыққа құрылады. Көркемдік жүйе өзегіндегі авторлық ағартушы-демократтық идеяны жеткізуші де осы шартты үлгі түр. Автордың мақсаты қазақ елінің көріністерін, түрлі әлеуметтік топтардың іс-әрекетін, мақсат-мүдделерін суреттеу емес. Автор мақсаты – оқыған қыздардың өз бостандығына жете алатынын айту ғана емес, адамнан адам артықшылығы – білімінде дейтін ағартушылық идея. Оған роман финалындағы эпилог тәрізді автор ойларының баяндалуы мысал бола алады.

Алдымен осы романда автор қолданатын шартты құрамдас білімдерді (компоненттерді) іріктеп қаралық.

Өмір мұратын сұлу қыз алу деп ойлайтын арқаның ірі бай, белді аталарының балалары. Дәулеттері де, атақ абыройлары да бірдей. Олар Ғайынкамалға бір күнде келіп құда түседі.

Ғайынкамалдың тапсырмасы бойынша үш патшалық астанасына Лондон, Берлин, Парижге сапар шегеді. Үшеуі де бірдей ақша (5 мыңнан) алып аттанады. Үшеуі де адам баласы енді ғана көрген, адамзатқа пайдасы зор ғажайып нәрселерді (бағалары да бірдей – үш мың) сыйлыққа алады. Олардың сыйлықтарының Ғайныкамал үшін пайдасы да бірдей болады. Алайда, түптеп келгенде Ғайынкамал оқыған, сауатты Мұхаметқалиды таңдайды.

“Қыз көретін жігітті біз көрелік” деген шартты қою үшін бұл әрекетке бара алған қыздың өзіндік ерекше жағдайы болуға тиіс екені белгілі. Қазақ ортасында бұл құбылыс жоқ болмаса да тым  сиректеу кездеседі. Қазақ қыздарының өздеріне жар таңдауы,  сүйгеніне қосылуы тарихта болмаған іс емес, алайда Т.Жомартбаев романында мүлде шартты шешімге барады.

Роман идеясы “Қыз көретін жігітті біз көрелік” деген ойдан бастала ма әлде “Адамнан адамның айырмасы білімінде” (Абай) дегенмен жалғаса ма, болмаса ертегі сюжетінен туындады ма, әйтеуір, осы үш түрткіге байланысы бары анық. Мәселе, осы  идеяны Т.Жомартбаев қалай көркем мазмұнға айналдырады. Ал Т.Жомартбаев романы көркем мазмұнының ерекшелігі өте көп.

 Ертегі сюжетінде қыздың кімді таңдайтыны айтылмайды және төртінші Мұхаметқали тәрізді кейіпкер жоқ. Мұхаметқали – Т.Жомартбаевтың ағартушылық-демократтық идеяларының жемісі. Романдағы басты тұлға – Ғайынкамал. Автор идеясының аясынан табылуы үшін оның сауатты, оқыған жан болу керек. Басына түскен қиын таңдаудан сүрінбей, абайлай өтіп өз теңіне қосылатын мүмкіндігі бар қалыпта  алынуға тиіс. Сондықтан да ол оқыған – тоқығаны, көргені мол, сауатты, ақылды қыз ретінде алынады. Өзіне өмірлік серік етіп бай балаларын емес, оқыған, сауатты Мұхаметқалиды таңдайды. Бұл шығарма көркем мазмұнынан аңғарылатыны қосалқы ой ғана.

Шығарма басында сюжетке құда түсуші бай балалары қосылғанға дейін, автор негізгі кейіпкерлерін оқушысына таныстырады. Мінез-құлқы, портреті т.б. қосалқы жайларға дейін баяндалады. Мәселен, Ғайынкамал мен оның әкесіне, Жәкішке байланысты эпизодтарда қазақ қызының жай-күйіне қатысты қоғамдық мәні  бар кейбір жайлар қозғалады.

Уақиғаларға бай балалары араласқаннан бастап романда шарттылық көбейді. Автор баяндауында ойнақылық, ирония, юмор үдейді. Т.Жомартбаев осы кезден бастап Ғайса бейнесін де, Ғайынкамалды да, қазақ қоғамындағы саяси-әлеуметтік ахуалды да біртіндеп ашады. Талдаудан көркем бейнеге көшеді.

Автор негізгі фабула ретінде алып отырған уақиғаға ертегі сюжеті қосылғанға дейін де романда шарттылық байқалады. Мысалы, қыз таңдаушы жігіттердің атақ дәрежелерінің де бірдей болуы, бір күнде құда түсу т.б. Автор олардың портретін, мінез-құлқын бейнелеуді мақсат қылмайды.

Бақталас бай балаларына тапсырма бергеннен кейінгі уақиғалар да уақыт кеңістік өлшемдерінде оқушыдан сонша алыс көрінбейді. Мұның сыры да осы шарттылықта.

Қыз таңдаушы серілер келіп құда түскенде билікті Ғайынкамал әкесіне береді. Мәпелеп өсірген, бетінен қақпаған әкесіне деген ақылды қыз құрметін қаламгер осылай көрсетеді. Алайда, әкесіне абайлай ескертеді. “Менің құным мал емес, теңімді тапса ғана бересің” деген сөздер артында салмақ та бар. Авторлық бұл шешімде әке-шеше алдынан өтпеген әдепті қазақ қызының психологиясы бар.

Қызымды теңіне берем деген Ғайса да арқаның атақты байларының балалары келіп құда түсе қалғанда бірінен бірін таңдай алмай, таңдауды қызына ұсынады. Ғайса байдың жұмбақ  әрекетінің сырын да автор көрсетеді. Егер олардың бірін таңдар болсам, қалған екеуі кектеніп жауласуы мүмкін деп ойлайды Ғайса.

Билікті бай балаларының өзіне бергенде де атақ пен ақша буына көкірегі өскен бай балаларының өзі біріне-бірі қимайтынын Ғайынкамал біліп отыр. Ақыры жар таңдау билігі айналып Ғайынкамалдың өзіне келеді. “Сіз мырзалар, таласпаңыздар, мен сіздерді біріңізді біріңізден артық деп есеп қылмаймын, маған үшеуіңіз де бірдейсіздер, бірақ мен сол кісіге тиемін, кімде кімнің ғылымы, білімі өзіммен бірдей болса және біріңіз мені қандай ғылыммен болсын, айтып жеңіп, я болмаса мен сұраған сөздерге жауап берсеңіздер?”. Бұл талапты оқыған бай балаларының орындай алмасын ол жақсы біліп отыр. Басқаны  сатып алуға болса да, ақыл, білімді сатып алуы мүмкін емес.

Роман соңында теңі Мұхаметқалиға қосылып, Семей қаласында қазақ жастарын оқытып жатқан Ғайынкамал туралы айта келе, Т.Жомартбаев өз мақсатын былай түйіндейді: “Басында ықтияры бар бақытты қыздар кімді сүйсе, өз басының қор болмас қамын ойлайды. Кіммен сүйіп өмір сүрсе, жақсы өмір сүреді, соны ойлап басында миы, көкірегінде ойы, санасы бар қыздар балияға толған соң өзінің теңін тауып алып, теңін біліп, өзіне қандай адам өмірлік болуға жарайды, соны талап қылып іздей бастайды”. 

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 91 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: