07:31 Ұлы Даланың рухани жауһары | |
К.АХМЕТБЕКОВ / ҚАСІРЕТ Қазақ халқының басынан кешкен қилы езең, қиын тағдыры туралы тағы бір көркем шығарма дүниеге келді. Осы романның “Қасірет” деген атының өзі айғақтап тұр... Роман авторы Кәрібай Ахметбеков – бүгінгі белді жазушыларымыздың үлкен ортасында жүрген қаламгер. Бұрын-соңды қазған шығармаларымен жұртшылыққа жақсы таныс оның әсіресе, “Ақ даласы” – айтулы туынды қатарына қосылып, баспасөз бетінде тәуір бағаланғанын да білеміз. Жазушы – роман-дилогиясында қазіргі қайта құру кезеңінің көкейкесті мәселелерінің бірі болып отырған ел мен жер тағдыры турасында батыл, жарқырата жазып, көкейде жүрген маңызды мәселелер төңірегінде ой тербеген болатын. Өз тақырыбын, өз жазу мәнерін, өз қолтаңбасын тапқан жазушының жаңа шығармасын оқу да, ол туралы ой қорыту да бір ғанибет қой. Міне, біз “Қасірет” романын осындай оймен қолға алған едік. Роман жанрының басты белгісі қомпиған көлемі емес, көтерген мәселесінің көкейкестілігі арқылы анықталса керек. Алдымен ашып айтарымыз “Қасіреттің” нақ осындай қасиетке лайық екендігі. Шығарманың өне бойында өзгені, яғни, оқырманды жіпсіз жетелеп, еріксіз еліктіріп отыратын ой ағысы, сюжет желісі бар. Оның сізге бас алдырмай оқытатын оқиғасының қызықтығы емес, көркемдік кестесі келіскен пайым-парасатының биіктігі. Автор шығармасының архитектоникасын, оқырман ықыласын біржолата билеп алудың оңтайлы жолын, жазу формасын дәл тапқан. Сондай-ақ ол Бүгінгі өмір мен Өткен тарихты сабақтастыра суреттеу және оның байланысын барынша жымдастыру арқылы әдемі әдеби әдіс қолданған. Жазушының шығармашылық шеберлігінің шеңбері де осы тұста айқын аңғарылады. Ахметбеков стилінің сыршылдық сипаты – романның риясыз табысы дерлік дерек. Бұл әлбетте қаламы төселген, творчествосы толысқан кәнігі қаламгерде ғана болатын қасиет. Сондай-ақ оның ойы терең, тәжірибесі толымды екендігіне де жақсы мысал. Романның бұл – бірінші кітабында аса көп көрінбесе де, ұзақ әңгімені бастап беріп, салған жерден сан алуан сауалдарымен,өмір-тіршілік жөніндегі өзіндік түсінік-түйсіктерімен көрініп, бейнесі көкейінде бірден ұялап қалатын Ертағы, түптің түбінде ұзын саны – 2-3 томнан тұрады-ау дейтін осы көлемді шығарманың орталық кейіпкері екендігіне күмәнсіз сенесіз. Ол бір дарияның бастау көзі сияқты. Ертағы – жазушының жан жолдасы, жан сырын жасырмай жайып салған жансерігі. Кәрібай осылайша шоқтықты шығармасына келісті кейіпкер тапқан. Романның оқиғасы да соның өміртарихымен қоса өріліп, өрбіп, шырқау биікке көтеріледі. Ол – Ертағы – орталық кейіпкер автордың аузындағы сөзін, көңіліндегі мұң-наласын, жүрегіндегі жарасын, ойындағы көкейкесті мәселелерді қағып алып, қағаз бетіне түсіріп, жұртшылыққа жеткізуге асығып жүрген абзал дос. Ертағы әп дегеннен-ақ көзге ыстық, көңілге жақын тартылып, онымен тез табысып кетудің себебі неде деген сауалдың туындауы кәміл. Ағымыздан жарылып, анығын айтсақ, Ертағы сіз бен біздің – қалың оқырман қауымның замандасы. Әрине, замандастың да замандасы бар. Біздің байқауымызша, Ертағы қысыр әңгімеге үйір; қыңыр мінезді әлдекім емес, дала мен қаланың өмірін жақсы білетін, қабырғалы халқының, туған елінің өткенін де, бүгінін де жетік меңгерген, болашағына алаңдайтын аяулы Азамат. Сәнді киім, сәулетті тұрмыс, тойып ішкен тамағына мәз, бар мақсаты мансабының өскені болып жүрген жаны жадағай, өресі тар, ойы саяз тоғышарлар тобына қосылмай, кеудесінен сана сәулесінің нұры шашыраған зиялы Замандаспен – тосын. Кейіпкермен кездескеніңе қуанасың. Кәрібайдың тұрмыстық суреттен басталған шығармасы бірте-бірте әлеуметтік әңгімелерге ауысады. Қала тіршілігінің кейбір көріністері: ит асырау (ал бала туу, бағу, тәрбиелеуге зауқы жоқ), сүт кезегі, әлдекімдердің жоқ жерден шатақ шығарып, таң атпай ұрыс-керістің өріс алуы (жүйке тоздыратын жөн-жосықсыз байламдар, адамдардың бекерден-бекер бір-біріне тіл тигізулері), кешегі қан майданнан аман келген ардагерлер, үй шаруасын әйелімен қатар атқарып жүрген қазіргі еркектер, балабақша, қиырдағы қазақ мектептеріне бозала таңнан тұрып, балаларын сүйретіп, сорлары қайнаған ерлі-зайыптылардың көретін қорлықтары... Қиюын келтіріп, қисынын тауып жазған осы мәселелер жөніндегі Ертағының мына бір ойы: “Шаһарлы жердің тіршілігінде жүйкеге де, діңкеге де тиетін нәрсе онсыз да жетіп артылады” деген түйінге тірелген. Бұл өзі шынтуайтына келгенде көпшілігіміздің көкейімізде жүрген, шиеленіскен, шешімі толық таптырмай жүрген мәнді мәселе емес деп кім айтар екен?! Осынау ірілі-уақты өмір көріністерін көлденең тартып, жазушы ол жөніндегі өз ойларын ортаға салып, бізбен сырласып-ақ кетеді. Кәрібай Ертағының зайыбы Сүткенженің қарт әке-шешесі Ошақбай мен Қарашаш туралы сыр шерту арқылы, қазақ семьясындағы сыйластықты тілге тиек етіп, осы орайдағы ұлттық ғажайып әдет-ғұрыптарымызды суреттеген. Сүткенженің әке-шешесінің арасындағы қартайса да суыспаған сыйластық қандай керемет. Тәтті татулық, шынайы сезім, ыстық ықылас жүрегіңді жылытады. Әлгі айта беретін, қиссалардағы ақиреттік дос болу деген сөздің төркіні осында жатқан болар-ау деп топшылайсың. Қазіргі кезде, демографтардың деректеріне қарасақ, қазақ халқының өсіп-өркендеуі көңілдегідей емес. Бұл ретте көбінесе кінәні қала келіншектеріне арта беруші едік, бүгінде ауылда да жағдай күрт өзгеріп кеткені белгілі. Осынау баладан қашқан кесірлі әйелдер аталмыш қаламгердің де жанын ауыртатын көрінеді. Себебі, Сүткенженің шешесі қалаға келіп жатқанда келіні Оңласынның босанғанын естіп, қош деместен ауылына тартып кетеді. Соған өкпелеген қызына анасының айтатын мына сөзі шындық қой: “Бұрын алла қысты дедік, енді адам қысса амалың бар ма?!”. Тағы да: “Сендердің ниеттеріңе салса, бұл үйде бала түгілі, бақаның үні шықпас”. Міне, бұл дүниеге бірнеше бала әкелсе де, аш-жалаңаш қиыншылық заманда бәрінен айрылып, жалғыз ұлдың (оның өзі аштық жылы айдаладан тауып алған Сақыпкерей) қас-қабағына қарап қалған ананың жан сыры. Ал бұл бүгінгі не ішем, не киемді білмейтін, тамағы тоқ, киімі көк еркетотай келіншектерге арналған ескертпе-сын. Табиғаттың ұлы сыйы – бойға біткен перзентті тумай жатып тұншықтырып, бар өмірін күнделікті уақыт қызығына арнауға бейім жас әйелдерді уытты тілмен аяусыз шенеу – ұлттың болашағын ойлаудан туындаған оңды шешім. Кәрібай келін мен ене арасындағы сыйластық, келісті жарастық мәселесін де жақсы көтерген. Немересін жанындай жақсы көретін, ол үшін шыбын жанын қиюға әзір әжелер жайлы жазушы толғанысы да жүрек толқытар әсерлі шыққан. Бұл сияқты ұлттық мінез, халықтық салт-дәстүрдің жоқшысы болу – жазушы парызы екенін қаламгер жақсы түсінген. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |