20:57 Ұлы Даланың рухани жауһары | |
С.БАҚБЕРГЕНОВ / ҚАРҒА ТАМҒАН ҚАН Соғыс уақыты. Қыс мезгілі. Роман гвардия лейтенанты Досов пен полк штабының бастығы гвардия майоры Ветков арасындағы әңгімемен басталады. 23-гвардиялық атқыштар полкінің майоры Ветков-кішкене көк көзді, орта бойлы, денесі тұтас, сом, әрі мығым, иманжүзді жан. Андрей Акимович Ветков гвардияда жақында болған полк лейтенанты Досов пен полк командирі Бугеевтің арасындағы келеңсіз жағдайдың мән-жайын білуге келген еді. Досов пен Ветков взводтың қорғаныс шебінен екі жүз метрдей ұзап, қалың ағаштың арасына еніп, күзгі шабуыл кезінде снаряд түсіп құлатқан жуан қайыңның көлденең түсіп, сұлап жатқан діңгегіне отырып ұзақ әңгімелесті. Досов өзінің қиын тағдырын қысқаша баяндай келе, Бугеевпен неге келіспей қалғанын түсіндірмекші болды. Бугеев Высокое селосын жаудан босатқан шақта Досовтың жарлықты өздігінше орындағаны үшін наразы болды. Содан бері Досовқа ананы бір айтып, мынаны бір айтып жала жаба беретін болды. Сөйтіп келе Досовты дуэлге шақырады. Екеуі де жараланады. Ветков оқиғаны бастан аяқ тыңдаған соң ағаш-ағаштың арасындағы кішкене сүрлеу жолдың біріне түсіп, штабқа қарай кетті. Досов блиндаксға қайта оралып, нардың үстіне шығып, шалқасынан жатты да өткен жаздағы үлкен жорықтарды есіне түсіріп, қалың ойға шомды. Үш күндік жорықта алғындағы ақ жолақ етігінің басына қарап, көз алдына жалпақ бет, қысық көз, сүп-сүйкімді ақ сары қыздың келбетін елестетті. Олар орманның биіктеу жеріне келіп бекініс құрған. Керзі етіктің қоншына тығылған ақ қалайы қасықтарын алып, жапатарамағай ботқаны бөлісіп жеді. Сергей Донской деген жауынгер барлығын күлдірді. Соғыстың алғашқы терін бірге төгіп, жаудың алғашқы оғына кеудені бірге тосқан достарын есіне түсірді. Алматыдан бір топ солдат келіп ротаға қосылған еді. Солардың ішінде Ақбота мен Бәкен деген екі жас жігіт бар еді. Досов Бәкенді ойлады. Бәкен әлі комсомол қатарына өтпеген екен, ол “егер алда-жалда қайтыс болсам, мені комсомолға мүше етуіңізді сұраймын” деп штабқа хат жазған еді. Жауды бекіністен қуып тастауға келген кезде оққа жығылған Бәкен қаза болғаннан кейін, сыртында Ильичтің келбеті салынған, ішінде Еңбек Қызыл ту және қызыл жұлдыз ордендерінің суреті бар сұр билет берілген. Досовты Бугеевке қарсы шыққаны үшін 15 күнге түрмеге жапты. Досов түрмеден шыққан соң Бугеев онымен мүлде сөйлескен жоқ. Ветковтың көмегімен Досов байланысшы офицер етіп тағайындалды. Басқа қызметке ауысатынын естіген жауынгер Нәлқара Сатыбаев Досовқа сырын айтады. Ол өзінің Қырғызстандыкі емес екендігін, туған жерлері бір екенін айтты. Нәлқара әңгімесін аяқтай алмай қалды. Досов жаңа жауынгерлер ортасына тап болды. Досовтың ендігі жұмысы – құпия пакеттерді блиндаждарға жеткізу еді. Осындай тапсырма орындау барысында Досовтың мініп жүрген торы атына оқ тиеді. Қараңғы түнде ертоқымды қолына алып Досов жаяу бір блиндажға жетеді. Бұл блиндажда Нәлқараны кездестіреді. Жылқы етін сағынып жүрген болса керек, Нәлқара торы атты сүйреп әкеліп, соймақшы болады. Нәлқара өткен жолы аяқтай алмаған әңгімесін жалғастырады.Әңгіме оқ тиген торы ат жайында еді. Нәлқара зергер еді. Төре аулынан бір сұлуды алған Нәлқара әкесіне өмір бойы қарыз болып қалғанын айтты. Қонысбек деген байдың тоқалына арнап жүзік, білезік, алқа, шолпы соғады. Еңбегіне бозтарланның үйірінен таңдап жүріп, құлынды бие алады. Биені өсіріп, баптайды. Досовтың әкесі бапкер еді. Нәлқара сол кісіге биесін апарып көрсетеді. Бәйгеге қосу үшін қандай жем беріп, қалай баптау керек екендігін айтады. Нәлқараның бозтарланы бәйгеден озып келеді. Қонысбек орнына бірнеше ат бермек болып бозтарланын қайта сұрайды. Бар байлығы – сүйікті жары Наршагүл мен бозтарланы болған Нәлқара оған келіспейді. “Қуаныш пен бақытым, үлкен мерейім болған бозтарлан 1930 ж. сорым болды” деп Нәлқара әңгімесін тоқтатты. Таң атты. Нәлқара жылқыны сойды. Штабына қайта оралған Досов майор Матвеевке түнде болған жайды баяндап берді де, ат сұрады. Досов штабқа әкелінген он аттың ішінен бір атты таңдап, оған артист Панка деген ат қояды. Көктем келді. Бір күні кезекті тапсырмамен жол жүріп келе жатып салт атты әйелді көзі шалады. Әйелді үрейлендірмек болып, қасына жедел шауып барады. Жете бергенде аты құлап, Досов та жерге құлайды. Әлгі әйел капитан екен. Бір күні Досовты штабқа шақыртады. Генерал әлгі әйелдің Досовқа шағымданғанын айтады. Досов асханаға келгенде қабырғада ілініп тұрған “Комсомольская правда” газетінің бетіндегі “Я хочу жить” деген мақаланы байқап қалады. Оның есіне интернатта жүрген шағындағы газет-журналдарды қызығып ұрлағаны есіне түсті. Досов ақыры осы мақаланы бәкісімен ойып алып кетеді. Блиндажға оралған соң қараса бұл Баубек Бұлқышевтің мақаласы екен. Мақаладағы ойлар өзінің көптен бері айта алмай жүрген сыры сияқты болды. Мақаланы бірнеше қайталап оқып, ішіндегі 4-5 сөйлемді жаттап та алады. Оның ойын “жолдас лейтенант, сізді штабқа шақырып жатыр” деген дауыс бөліп жібереді. Көк дөненіне мініп Досов тағы жолға шықты. “Мақаладағы Жанна деген қыз, менің сүйген қызым екен” деп түйді ол. Кезекті сапардан оралған соң блиндажына келді. Офицер капитан Марковтың орнында плащ-палатканы жамылып біреу жатыр еді. Бұл жігіт түнімен Дробчинскиймен сырласты. Ол баласына жақында хат жазғанын айтты. Енді бұл жігітті штраф батальонына жіберіпті. Ақыры бұл жігіт өзінің ақ екенін дәлелдеп тынды. Досов кезекті бір тапсырманы орындап, қайтып келе жатқанда медицина қызметінің сержанты Эмилия Ивановна Калиновскаямен танысады. Бұл әйел Досовтың есіне ақылын айтатын жеңешесін түсірді. Көктемгі шуақ жауынгерлердің еңсесін көтергенімен, блиндаждың іші судың қансыған жаман иісі қолқаларын қапты. Жақында Алматыдан азық-түліктері мен арақ-шараптарын әкеліп берген еді. Алексей Дробчинский мен Досов асханаға келді. Бұнда отырғандар генерал Черниковтан сөз естіген болу керек, көңілсіз. Майор Матвеев иығы қуышып бұрышта жалғыз отыр. Генерал Черников күнде біреуді сілкілеп-сілкілеп алмаса көңілі көншімейтіндей еді. Бұл егер жігітке Бауыржан Момышұлынан басқа ешкім қарсы сөз айтпаған екен. Ол бірде генералға: “Арыстан боп ақырғанмен орманды билеп ала алмассың” депті. Осы сөз мақал боп тарап та кетіпті. Алексей екеуі асханада біраз отырды. Досов Алексейге Бугеев арасындағы болған жайды айтты. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |