21:51
Ұлы Даланың рухани жауһары

Қ.ИСАБАЙ / КОМЕНДАНТ

Сталиндік террор кездерінде көп-көп лауазым иелері небір адал азаматтардың қанын мойындарына жүктеді, жоғарыдан түскен әмірді мүлтіксіз орындаймыз деп әділ қазылықты белінен басып, кешрігісіз күнәға батты. Жасап отырғандары көрінеу қиянат, обал екендігін біле тұра, солай істеді, заңсыздыққа қарсы тұруға бойларынан, ет жүректен жігер таба алмады. Дәл осы типтес бір кейіпкерді біз Қалмұқан Исабай романына да кезіктерміз. Ол – Әмір деген қазақ жігіті, КГБ шенеунігі. Бұл бейшара шет елде қызмет етіп жүрген отандастарының арасынан қалайда жау іздеп табу үшін әуре-сарсаңға түседі. Мансап құрты да жыбыр қағып тиыш жүргізбейді. «Шпион тапсаң – жұлдызың көбейеді иығыңда» деп мазалайды. Сондықтан Әмір өзінің суқи әдістерін қолданып, төлегеннің оның айналасындағылардың соңына түседі. Төлегеннің басқа ізін аңдиды, оның әйелін салпаңқұлақ етуге жанталасады.

Құрметті оқушы!

Сіз дұрыс аңғарып отырсыз. Қалмұқан Исабай романының тауқымет шегуі дәл осы Әмір Байтасовқа байланысты. Күллі әрекеттері тіпті кеңес заңдарының өзіне томпақ келетіндігін біле тұра, Алмания жеріндегі кеңес комендатурасына істеген КГБ қызметкерінің ойына келгенін істей беретінін романда жан-жақты және ашық жазылған. Автор кезінде «тұтас КГБ-ні қаралағаным жоқ, бір адамды ғана әшкерелеуге тырыстым» деп ақталғысы келгенімен, сол кездегі Көркем әдебиет баспасы бас редакторының «бір адам бейнесінде КГБ жүйесін әшкерелеп көрсеттің» дегені шындыққа әлде қайда жанасымды.

Бұдан қырық жыл бұрын баспадан шығып жалп етіп сөнген «Ажал құрсауында» (1961), «Бетпе-бет» (1963) романдарының шырағы қайта жанып, мына жаңа заманда «Комендант» (1998) деген атпен дилогия құраса – бұл фактінің әдебиетіміздің тарихы үшін үлкен маңызы бар.

Мұның өзі, біріншіден, қазақ әдебиетіне абырой. Бұдан қырық жыл бұрын тоталитаризмнің оң көзіне тап беріп, еркіндік ауа үшін айқасқа түсу – бүгіндер ғана айтуға жеңіл. Екіншіден, Қалмұқан Исабайдың бұл романы суреттеп отырған заманының шындығын, арылмас қайшылықтарын бетке басып көрсету арқылы жаңа уақыт зәруліктеріне қызмет ететін диірменіне су құяды.

Романның сөзі дәмді, екпінді, тұжырымды. Ол – қайбір дөй романдардың он бетінде айтылғанды қарапайым сөйлеммен бір жолға сыйғызатын, әр сөзіне қуат дарыта білетін жазушының қолтанбасы. Кейіпкерлерінің портретін жасағанда аузы-мұрнын санап түгендеп отыруға уақыт шығындамайды. Сырт келбетін бергенде де кейіпкер мінезін ашуды көздейді. «Әмір келіншек тұлғасынан көз айырмай шығарып салды. Есік жабылғаннан кейін де оның көз алдында мөлдіреген қара көз, қайқы кірпік, мәйегі аузынан шыққандай қып-қызыл еріні, түп-түзу семіз балтыры қалған еді. Солай тұрған бетінде Әмір жұтынып қалды».

Бұл тәсіл екі қоянды бірден атып жығуға мүмкіндік береді. Әрі кейіпкер кескінін елестетеді, әрі келіншекке сұқтанған кісінің кейпі белгілі болып қалады.

«Комендант» романын ізденімпаз жазушының айтарлықтай табысы деуіміз керек. Біз Еуропа сахнасында қайрат көрсетіп жүрген қазақ жігітіне бір қол соқсақ, соның бейнесін қалауын тауып сомдай білген Қалекеңе екі қол соғамыз. Қазақ өзін ешқандай ұлттан жоғары тұрмын деп есептемейді, бірақ ешкімнен кеммін, төменмін де те санамайды. Шытырман оқиғалы роман үшін бір үлкен қорытынды екенін мойындауымыз қажет. Ұлы Вольтерден қалған бір сөз бар: «Зеріктірмейтіннен өзге жанрдың бәрі жақсы» деген.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 125 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: