21:08 Ұлы Даланың рухани жауһары | |
Қ.ИСАБАЙ / КОМЕНДАНТ Қазақ әдебиетінде орыс ұлты өкілдерінің бейнесі көңілдегідей шықпайтыны жайында сыни мақалаларда жиі айтылады. Осы олқылықты жоюдың жолдары қайсы? Тіпті аса ірі жазушыларымыз да бұл сұраққа тиісті жауап таба алмай, сүрініп қалып жатады. Зерделесек, байқаған кісіге Қалекең қоймаларында бірсыпыра назар аударарлық тәжірибе жинақталып қалған сияқты. «Комендант» романында, мәселен, орыс офицері Деденовтың мінезі сәтті сомдалған. Бұл – күрделі тұлға. Асыл қасиеттері де, абырой әпермейтін кемшіліктері де бір басына жетерлік. Міне, осы қайшылықтарымен-ақ капитан Деденов роман жүйесіне әдемі кірігіп, шығармаға тосын әр беріп тұр. Мейлінше адал, жүрегі жомарт Деденов бір жағы қызба, кей-кейде бұрқаған сезім жетегінде кетіп, теріс іс істеп қояды. Майор төлеген ақылов өзінің орынбасары, қай уақыт бас бермей кететін Деденовты ақылмен жолға салып отырады. Коменданттың бұйрығына қарамастан, Деденов солдаттарына немістерді жұмысқа күш қолданып шығара бастайды. «Мұныңыз не? Халыққа неге күш жұмсайсыз?», - деді Төлеген қатқыл үнмен. «Смоленскіде олар оқ жұмсаған...», - деген кезде Деденовтің көзі үлкейе түсті. Төлеген Деденов көзінен кек ұшқынын көргендей болды. Әлде осы әсер етті ме, келесі сөзді ол майда үнмен айтқан еді. «Смоленскіге фашистер барған, ал Шмальштадқа кім келіп отыр?!» Деденов үндей алмай қалды. Аузына сөз түспей, көзін басқа жаққа аударып әкете берді». Роман кейіпкерлері Деденов пен Төлеген осылай бірінің мінездерін бірі ашып отырады. Әсіресе Төлегеннің істегі байсалдылығы, сабырлылығы, орынбасарының жөнсіздіктерін жоғары жаққа шағынбай және бастығыңмын деп қоқаңдамай түзетуге тырысатындығы қазақ жігітінің бейнесін шуақтандыра, қомақтандыра түседі. Шырғалаң оқиғалы роан жанры – қазақ әдебиетінде әзірге сирек кездесетін түр. «Комендант» романының ерекшелігі – шығарма тартысының айырықша сипатында, халықаралық деңгейге көтерілетіндігінде. Мұнда «интелледженс сервис», ФБР, бұрынғы Гестапо агенттері қайшыласады. Кейде бір-бірінің алқымынан алса, кей жағдайда Төлеген ақылов басқарған неміс қаласының бей-берекетін кетіруге әрекеттенеді. Яки Қ.Исабай романының материалының өзі жазушы қаламын шытырман шығарма жанры арнасына түсірген бе дерсің. Майор Төлеген Ақылов түрлі-түсті шпион, жансыздардың қилы-қилы айла-әрекеттерін әшкерелеймін деп жүріп, Шерлок Холмс кәсібімен айналысуға мәжбүр. Болмашы деталь, жай көз елей бермейтін уақ-түйек белгілер арқылы айлалы жаудың нелер жымысқы қылмыстарын ашып, көзінің жітілігімен, қырағы, тапқыш зерделігімен оқушысын қайран қалдырып, шығарма сюжетінің желісіне «байлап», «көгендеп» қояды. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |