09:35
Ұлы Даланың рухани жауһары

Қ.ИСАБАЙ / КОМЕНДАНТ

Жазушы Қалмұқан Исабайдың «Комендант» атты кітабы жанрлық сипаты жағынан шытырман оқиғалы роман түріне жатады. Бір қызығы: осы шырғалаң оқиғалы романның өзі талай шырғалаңға түсті...

Кітап алғаш рет «Бетпе-бет» деген атпен 9000 дана таралыммен 1963 жылдың аяғында шықты. Арада бір ай өтер-өтпесте баспа директорына шақырылып, роман тақырыбының социалистік қоғам талабына сай еместігі себепті қатты айыпталды. Сөйтіп «Орган қызметін дұрыс бейнелемегені үшін сауда жүйесінен алынып, тиражы жойылсын және қайтып шығарылмасын» деген актіге қол қоюға мәжбүр болады.

Атап айтқанымыз жөн, Қалмұқан Исабайдың «Комендант» атты романы кешегі Отан соғысы және одан кейінгі бүлінген шаруашылықты қалпына келтіру кезеңдерінің үлкен бір шындығын суреттейді. Шындығы дегенде, жазушы біреу-міреулердің естігендерін,, әлдебір құжаттарды жиып-тергенін не қиялмен ойлап тапқанын емес, өзі қазанында қайнап, жүрегінен өткізгенін, көзі көріп, қолымен ұстағанын жазды. Роман оқиғасы екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі алманияда өтсе, бұл қаламгер онда жастық дәуренін өткізді. Роман қаһарманы Шмальштадт қаласының коменданты болса, роман авторы Ильменау қаласының коменданты болды. Не қиямет қиындықтарды бастан өткерді. Соның бәрі қордалана келе Төлеген деген роман кейіпкерінің бейнесінде жинақталды. Төлеген тұлғасында сонымен бірге концлагерь тамұғынан азат етілген қайсыбір қазақ жауынгерлерінің тағдырынан да қалған белгі бар.

Төлеген соғыстан бұрын суретші өнерін қуды. Арнайы училищеде оқып жүрген жерінен майданға аттанды. Жазушының осы бір көзі ашық, көкірегі ояу кейіпкерге тоқталуының, бас қаһарман дәрежесіне көтеруінің мәні бар. Төлегеннің роиандағы әрекет ортасы – шет ел, жат жұрт. Сюжет желісінің бағдары айқындала, анықтала бастағанда Төлеген иығына түсетін жүк салмағы оңай болмады. Концлагерьде неміс, орыс, латыш, т.б. ұлттар өкілдерінен құрылған жасырын ұйымның белсенді мүшесі ретінде бір көрінсе, өркениетті ел қаласында комендант қызметін ойдағыдай атқарып және өзгелерден озығыңқы тұруы тиіс. Және осының бәрі иланымды, нанымды, шындыққа сәйкес суреттелуі керек. Роман бағдарламасының сәтті орындалғаны сондай, Төлеген бұрын көрмеген, білмеген Еуропада өзінің ел жайлауында жүргендей емін-еркін сзінеді. Кей реттерде ол Батыстың жеке зиялыларынан уақыт талабын тереңірек түсінуі жағынан басым түсетінін де аңғартады. Роман өрнегіне осы жайлар табиғи өрілген. Қаһарман Төлеген «Бәрекелді! Тусаң ту!» дегізіп, оқушысын сүйсіндіріп отырады.

Романда жиі ұшырасатын және оның салмағын арттырып тұрған қаһармандардың бірі – профессор Клаус. Жаңа соғыс қаруын ойлап табуда алғырлығымен көзге түскен үздік ғалым. Шытырман оқиғалы романның қым-қиғаш оқиғаларының бір ұшығы осы оқымыстының төңірегінде жүргізілетін шет ел барлау орындарының тіміскі әрекеттеріне тіреледі. Көрнекті неміс ғалымын өз жағына шығарып алу жолында Шмальштадт қаласының коменданты майор Төлеген Ақылов та бірқатар қам-харекет жасайды.

Соғыстан кейінгі Алманияның жағдайы белгілі. Кәсіпорындар жұмыс істеуден қалғалы қашан. Комендант болып бар билікті қолға алған екенсің, халықтың ендігі жағдайына сен жауаптысың. Осының бәрін түсінген Төлеген ішкі, сыртқы жаулардың құйтырқы әрекеттеріне тойтарыс бере жүре, халық шаруашылығын қалпына келтіру ісіне жанын салады. Қолға алған шаруаның оңға басуы немістердің өздеріне тікелей байланысты. Халықты жұмылдырмайынша, көздеген мақсатқа жете алмайсың. Соған қалай жетуге керек? Осы мәселеде Төлеген профессордан кеңес сұрайды, қала жұртымен сөйлесіп беруді өтінеді. Екеуара мынадай диалог жүреді:

«Менен көмек сұрағыңыз келе ме?»

«Әрине.»

«Сіз маған бұйыра ада аласыз ғой?»

«Неміс халқы «біреудің үйіне ақыл айта барма» дейді ғой, - деді Төлеген, - елді қалпына келтіру үшін неміс халқымен тізе қосылып жұмыс істеуіміз керек. Егер халықтың өкілі болып саналатын сіздей адамдарға бұйыра сөйлесек, арамызға суық леп кіріп, жақындаса алмауымыз мүмкін ғой».  (жалғасы бар)  

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 132 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: