16:37
Ұлы Даланың рухани жауһары

Ә.САРАЙ / ЕДІЛ-ЖАЙЫҚ

Әнес Сарайдың “Еділ-Жайық” романы 1991 жылы “Жұлдыз” журналында басылып, 1992 жылы “Жалын” баспасынан жеке кітап болып басылып шықты. 1994 жылы аталмыш шығармаға Қазақ Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Газет-журналдардың жағдайы нашарлаған, әдебиетке қамқорлық кеміп, әдеби сын құрыған кезге тап келіп, роман жан-жақты салдарды талдаудың нысанасы бола алмады.

Ал ондай талдаулар болуға тиіс еді. Өйткені романда төңкеріс оқиғасына тың көзқарас бар еді, сонымен бірге “Алашорда” қозғалысы ұлт мүддесіне сай саяси күш ретінде суреттелді. Романның жазылу жылдарын еске алсақ, бәлкім, соңғы тақырып өткір көрінбеуі мүмкін, бірақ сүйіспеншілікпен шыншыл суреттелген. Екінші бір мәнді мәселе, автор кеңестер дәуірінің өтетінін білгендей, төңкеріс тақырыбы болды-болмады әңгімеге айналатынын сезгендей, романды басы ашық нақты сенімді деректерге құрған.

Шығарманың тұс-тұсында тарихи экскурс міндетін атқаратын құжаттар келтіріліп отырған. Сондай-ақ, шығарманың бас кейіпкерлері Ізбасар Жәнекенов, Ахтан Мұхамедиев, Қажығали Жарқынбаевтар қияли кейіпкерлер емес, өмірде болған қаһармандар. Қазақтың бұл үш азаматының есімі Астрахан ревкомының төрағасы С.М.Кировтың Ленинге жолдаған жеделхаттарынан табылды. Шығарманы қиял көмегімен еркін толғау мен құжаттарға кіріптарлық көркем дүниеге оң, теріс әсер етіп, із қалдырады. “Еділ-Жайықты” осы қырынан зерттеу де әдеби таным тұрғысынан қызықты болмақ.

Роман оқиғасы 1918 жылдың күзінен басталып, 1919 жылдың ақыр соңымен бітеді. Уақыт жағынан бір жылдық мерзімді қамтиды. Ал кеңістік жағына келсек – оқиға желісі Астраханнан басталып, Атырау, Маңғыстау, Орал облыстарын қамтиды. Ресейдің оңтүстігіндегі Астрахан “революцияның бесігі” еді. Ол талай бүлікті, қыспақты басынан кешіріп, орталықтан бөлініп қалғанмен, большевизмнің туын қолынан түсірмеді. Өйткені ондағы билік тізгіні қабілетті адамдардың қолында болды: Киров, Атарбеков, Нариманов, белгілі “Оптимистік трагедия” пьесасының кейіпкері Лариса Райснер. Революцияның тағдыры сынға түскен 1918 жылдың күзінде В.И.Лениннің барлық нацмендерге өзін-өзі билеуге еркіндік жариялаған үндеуі – көпұлтты Астараханды күреске жұмылдырған. “Еділ-Жайықтың” басты кейіпкерлерінің Астраханнан табылуында осындай сырлар бар.

Жан-жақтан анталаған Антанта, оған арқа таңған ақ гвардияшыл бүлікшіл генералдардың орталыққа жорығы емес, “тек қана жалғыз отын тапшылығының” өзі-ақ революцияны тұншықтыратын түрі бар деген мағынадағы В.И.Лениннің хатын Астрахан ревкомының төрағасы С.М.Киров 1919 жылы сәуір айында алды. Онда Атыраудың Жылыойдың өңіріндегі мұнай қоймасы ракушаны басып алуға ұсыныс жасалған. С.М.Киров оларға астыртын барлау жасауды қолға алады. “Еділ-Жайық” романының кейіпкерлері сөйтіп тарих бетіне қалқып шығып, ұлы оқиғалардың бел ортасында болады.

Бұл кезде Еділ-Жайық өңірінде әр түрлі бағыттағы бірнеше саяси күштер әрекет етті: Қызыл Астрахан, большевиктік Бөкей ордасы, монархистік жолды ұстанған – Жайық – казак атамандығының штабы Атырау, бір күні қызыл, бір күні ақ болып, қолдан-қолға өтіп тұрған Орал қаласы, Алашордалық Жымпиты, Қызылқоға, Ойыл, Темір, уақытша үкімет өкілі полковник Оспан Көбеев пен жанкелдиншіл Тобанияз “тіл табысып”, бірлесе әрекеттескен түсініксіз Маңғыстау, Астрахан мен Атырау арасындағы Забурынға орныққан ақты да, қызылды да мойындамайтын балықшылар атаманы Қарабас қауымы. Оқиғаның басты өзегі – осы қауымның төңірегінен шырмалып шықпайды. Оларды өз жағына қызылдар да, ақтар да, алашордашылар да тартады. Қарабас олармен бірде табысып, бірде кетіседі. Ақыр соңында оларды ақтар да, қызылдар да аямай қанға былғайды.

Романда Жанша, Халел Досмұхамедов, Алашорда жасағының бастығы Тоқа Жарқынбаевтардың, Қарабас балықшылары арасындағы алашорда өкілі Ысмайылдың іс-әрекеттері романда өз алдына бір желі болып құрылған. Алашорда кіндігі Жымпитыны қорғау, Алашорданың Ойылдағы әскери мектебіндегі большевиктер салған ылаң, Алашорданың Қызылқоғадағы милиция мектебінің жауынгерлік тірліктері суреттеледі. Ең ақырында Батыс Алашорда уәлаятының капитуляция алдында, Елек орманында Халел мен Фрунзенің кездесуі әңгімеленеді.

Романның кейіпкерлері Ракуша аралында 12 миллион тонна мұнай барын Астраханға хабарлайды, Астрахан Мәскеуге хабарлайды. Ембі мұнайын қолға алу үшін қиян-кескі соғыс басталады. Чапаевтың 25 дивизиясы Самарадан Жайық бойына келеді. В.Лениннің тікелей нұсқауымен Александров-Гай – Ембі теміржолының құрылысы басталады. “Еділ-Жайық” романының кейіпкерлеріне Ракуша мұнай қоймасын шегінген Толстов әскерінің өртеп-бүлдіруінен сақтау тапсырылады.

Романда төңкеріс жылдарындағы Еділ-Жайық, Атырау теңізі аймағындағы халық тұрмысы, саяси күштердің шарпысуының кең понорамалық суреті берілген. Шығарма бір ғана саяси оқиғалар жетегінде кетпей, ел тірлігінің, әсіресе, Атырау теңізі үстіндегі балықшылар қауымының қайталанбас ғажап суреттерін салуға қалам қуатын аямаған. Шығарманың қайсыбір тұстарында детективтік жағдайлар кездеседі. Бірақ ол әдейі сюжетті шымырлау үшін ойдан шығарылған емес, өмірде орын алған осынау кең ауқымды тарихи оқиғаның құрамдас бір бөлігі болғаны шындық.

Жоғарыда әңгіме болған ауқымды оқиғалар бір романға қалай сыйған деген сауал тууы ғажап емес. Шынында да, бір кітапқа сыйғызу мүмкін емес. Автор “Еділ-Жайыққа” дейін “Алтын арал” романын жазған. Тақырыбы да, кейіпкерлері де бар. “Алтын арал” жеке шығарма ретінде өз алдына өмір сүрді. Әлі де өмір сүре береді. Уақиға желісі осылай құрылған. Бұл екі романды қосып шығарса, Еділ-Жайық оқиғасы тұтастық мағынаға ие болар еді.

“Еділ-Жайық” – бүгіндері тарих еншісіне айналып бара жатқан өткен ғасырдың басындағы ұлы дүрбелең кезіндегі Атырау өңірінің тыныс-тірлігіне арналған кезеңдік шығарма. Ол қазан төңкерісін мақтамайды да, даттамайды, халық басынан өткен бір күрделі оқиға ретінде баяндап қана қояды. Батыс идеологтары эволюциялық жолды қанша дәріптегенмен, қоғам іштей іріп-шірігенде, тазалану үшін революциялық төңкерістердің керек кездері болады. Бірақ ол сол қоғамның ішінде пісіп-жетілуі керек. Автор қазақ қауымында ұлттық қозғалыстың пісіп-жетілгенімен, таптық қозғалыстың пісіп-жетілмегенін, сол себепті басты кейіпкерлер төңкеріс мақсаттарын шала ұғып, күмәнді ойларға жиі-жиі берілетіндері арқылы – бұл әлемдік оқиғаға өзінің авторлық көзқарасын аңдатады.

“Еділ-Жайық” – бажайлап оқыған зерделі оқырманға айтар астарлы сырлары көп, зерттеушісі келіссе, әдеби құндылықтары да бар, әрқашан өз оқырманын табатын шығарма.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 213 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: