17:23 Ұлы Даланың рухани жауһары | |
Ш.ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ / ӘДІЛ – МАРИЯ Ш.Құдайбердіұлы “Әділ мен Мария” романын 1925 жылы жазған. Бұл көрнекті қаламгердің кемеліне келген, көлемді, күрделі шығармалар жазуда мол тәжірибе жиған шағы. Алайда, түрлі қоғамдық, әлеуметтік және шығармашылық мәселелерге байланысты бұл романның қолжазбасымен қаламгер алаңсыз айналыса алған жоқ. Шығарманың тұңғыш рет жарық көруі 1988 жыл. “Әділ мен Мария” – ХХ ғасыр басындағы көркемдік ізденістерді көрсете алатын қазақ романдарының бірі. Автордың “Қайғылы роман” деуіне қарағанда романдағы сентименталды пафосты қаламгердің айрықша көрсеткісі келген тәрізді. Романда болған уақиғаның уақыты мен орны, қатысқан адамдар аталады. Қаламгердің уақиға желісін сақтай жазуға ұмтылғаны да аңғарылады, алайда, замана, уақыт тілін түсіне алғаш Ш.Құдайбердіұлының өз толғамдары мен ой әуендері де аз емес. ХХ ғасыр басындағы қазақ романдарындағы көркемдік-идеялық ізденістің бір ірі арнасы Ш.Құдайбердиевтың “Әділ мен Мария” романында тақырыпқа тереңдеу, оның философиялық астарларын ақтара қарауға ұмтылу байқалады. Ш.Құдайбердиевтың өмірді бейнелеу принципі ағартушы-демократтық эстетикадан өзгелеу, тереңірек. “Әділ мен Мария” романын жазған уақытта социологиялық реализмінің таптық, партиялық принциптері Ш.Құдайбердиевке мәлім. Өнердің аяғына тұсау, мойнына құрық түсе қоймаса да, қақпайлаулардың, “құрқұрлаулардың” күшеюі аңғарылатын. Көргені көп, түйгені мол қаламгер үміт күткен жаңа үкімет өктемдігінен тіксіне бастаған. Сондықтан да Шәкәрім саяси күрес шиеленісе бастаған Семей түгіл, бітпейтін дау жанжалы мол ағайын арасы, ауылдан да алыста. Шыңғыстау қойнауында өзімен өзі оңашада. Қаламгердің тақырыпқа, роман өзегіне айналар фабулаға өзге көзбен, оймен қарағаны байқалады. “Кәрі Шыңғыстау! Адам жерге ие болғаннан бері қарай сенің көрмегенің жоқ. Шыңғыс, Темір сияқты талай-талай сайыпқырандарыңды қолыңнан жөнелттің. Сенде талай адамның құмары қанып, қуанғаны да болды, жүрегі жанып, суалғаны да болды. Талай-талай талпынған жас жүрек мұратына да жетті. Талай бақытсыздықтың жарық күндей үміті үзіліп те кетті. Сенде неше түрлі ел дәурен сүріп, аң аулап, мал да бақты. Сенде талай-талай сабаздың қаны судай ақты. Ай мен күндей ажарлы сұлу, қыршын жастарды да, арыстан жүректі айнымас батырларды да, әлемнен озған алаяқ, аузынан бал тамған шешен билерді де жерошақтай жер қазып, үңірейтіп бауырыңа көміп жатсаң да, бақайыңнан келмей түк көрмегендей-ақ маңқиып тұра берсең-ау! Онымен де қоймай қысқа күнгі күн шығыстан ұзақ күнгі күн батысқа қарай керегедей жайылған кең қолтығыңды ашып үңірейтіп: “Кел-кел! Тағы менің қолтығыма кіріп, біресе рахат, біресе бейнет көріп, аз күн арпалысып өтетінің келіңдер!” – деп үнсіз даусыңмен шақырып тұратыныңды қайтемін!”. Бұл экспозиция – бастаудың өзі қыз-жігіт арасындағы уақиғадан өзге өлшемдерді көрсетеді, хронотоп өзге. “Әділ мен Мария” романын жазудағы мақсат қолында билік, байлық бар күштілер мен бір ғана ат-шапан үшін біреудің тағдырын трагедияға ұшыратар алаяқ қулар құлқынын жинақтап көркем бейнелеу емес. Сол тәрізді, қазақ әдет-ғұрпы бойынша әкелері құда болып баталасқан, бірін бірі сүйген жастар өмірінің ерлі-зайыпты болған кезінде де тағдыр тәлкегіне душар болу тарихын баяндау да емес. Қаламгер мақсаты, ой-идеясы тереңде. Автор Шыңғыстау қойнауында өткен, өтіп жатқан, өте беретін сансыз уақиғалардың бірін ғана алып, соған мәңгілік өмір, Шыңғыстау, адамзат философиясы тұрғысынан қарайды. Сезімге оранған ой ағысын, тебіренісін көркем образға көшіреді. Шыңғыстауға бағытталған монолог, диалог, лирикалық шегіністер мен ой толғамдарында философиялық ойлар, образға бөлер түрлі психологиялық, пейзаждық параллельдер, шешендік арнау, толғау, сұрау көп кездеседі. Ой-толғамдары көлемді бейнеге айналады. Шәкәрімнің көркем прозасында шығыс әдебиеті әсері, шығыстық сарындар сайрап жатыр. Мысалы, Ш.Құдайбердиевтің “Бақыт бақшасы” деген топтамасында кездесетін әңгімелер көркемдік-мағыналық бағытында Санайдың “Шындық бақшысы” (діни-дидактикалық шығармалар), Сағдидің “Бустон” (“Жемісті бақша”), “Гулистан (“Гүл бақшасы”) тәрізді өсиет, насихатқа негізделген афористік сипаты мол мөлтек әңгімелермен үндеседі. Шәкәрім әңгімелерінде шығыстық әуендер ғана емес, Шығыс әдебиетіне тән стильдік белгілер де бар. Мысалы, “Жиі тоқылған жібек бұйымдай құлаққа жұмсақ, тәтті пісірілген сіңімді тамақтай жүрекке жылы тиетін, жақсы үнді, сұлу сөзді ақындар май айының қызыл гүліндей, қыршын жастардың қызықты, қымбат өмірлерінің қиын сырын сипаттаса, кейде қыс айының декабріндей жайлаған жасыл гүлді қуартатұғын талай-талай жүректердің тамырын жүзінің нұрымен билеп соқтыратын сұлуларды солған жемістей суалтатын баянсыз өмірдің бақытсыздық мұндарын сипаттаса, ол айтылған сөз, салған ән қуаныштың да, қайғының да өзіне лайықты сөз ұнаулы үнімен айтылса, дүниеде осыдан жақсы жанға жайлы әдемілік, жарасымдық бар ма екен? Бет сұлулығы – сыйы болса, дауыс пен сөз сұлулығы жан сыйы ғой, әрине, тән сыйынан жан сыйы артық екеніне дау жоқ, бірақ бет сұлулығын әркім-ақ таниды. Сөз бен ән сұлулығын танушы аз”. Сөйлем құрылымы шығыстың классикалық прозасына тән, әдейі әдеміленген. Теңеу, эпитет, метафораларға толы, бояуларға да қанық. (жалғасы бар) әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |