16:27
Ұлы Даланың рухани жауһары

Ж. НӘЖІМЕДЕНОВ / АҚ ШАҒЫЛ

Романда көзге көрнекті, бедерлі жасалған тұлға Темірәлі бейнесі. Әу баста ол балықшы, теңіз жағалауынан келіп, ұжымшарға бастық болады. Мал баққан қыр елінің тірлігін жете білмейтін жігіт қай малға қандай шөптің жұғымы болатынын ескермей, алғашқы бетте біраз мал шығыны болады. Ойпаң немесе тегіс жерге үйген пішеннің түбіне су кетіп шірітеді деген сылтаумен, шөпті шоқалдардың үстіне үйгізіп, мемлекетке жалған ақпар бергізіп жүрген пішеншілер мен бригадирлердің көзбояушылық әрекеті де бұл отқа май құя түседі. Осының бәрін көзбен көріп, қолмен істеп, біліп отырған ферма бастығы Сағынай Темірәліге кеңес беріп, ақыл қосудың орнына, оны орға жығуға әрекет жасап, ақыры аудандық газетке ұжымшар партия ұйымының хатшысы ретінде мақала жазып, дегеніне жетіп, пасық ойын жүзеге асырып тынады. Өйткені оған Темірәлінің орны қажет. Әрқашан «Темақа-Темақа!» - деп жалпылдап, сыпайы сызылып, оқырманға сыр бермей келген Сағынай, енді картаны ашуға болады деген соңғы сәтте ғана шын ниетін, ішкі пасық есебін танытты. Жазушының суреттеуіне қарап, «дос болып қас қылғаннан сақта, тәңірім», - деген халық өлеңі дәл осы Сағынайларға айтылған ба деп қаласың.

Романда назар аударатын Әжімгерей мен Сандыбай образдары. Бұлар жас жағынан бір-біріне қарайлас қарт адамдар, ал мінез ретінде мүлде қарама-қарсы тұлғалар. Әжімгерей қарт өзінің жұртқа жасаған жақсылығы мен әділін айтатын ақыл-парасатымен көп құрметіне бөленген ауыл ақсақалы. Аға сыйлап өскен қазақ сияқты елдің әр ауыылнда-ақ осы кісі не айтар екен деп, жұртты аузына қаратып, сөзін тостыратын, басалқалық айтатын байсалды ақыл иесі қариялар бар. Әжімгерей солардың бірі және сәтті жасалған бірегей.

Суреттеулер мен баяндауларда Жұмекен әзіл-қалжынының жұртты жалықтырмайтын жылылық лебі айқын аңғарылады. Ал романдағы жасөспірім бозбала жігіт Есімханның «Ұят» деп аталатын ұғымды игеруі, жер ошақ басында сүйекке таласқан иттердің әрекеттерін жалаң баяндамай, өмір құбылыстарымен психологиялық параллель жасай отырып суреттеуі – осылардың бәрі де жазушының жаңа жанрдағы сәтті қадамын танытады.

 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 374 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: