22:58
Ұлы Даланың рухани жауһары

Х. ЕСЕНЖАНОВ / АҚ ЖАЙЫҚ

Контрреволюциялық бүліктен кейін жасырын атпен, құпия ел аралайжүріп дала қазақтарына ауылдағы тап тартысының сырын түсіндіретін, адамдар санасында әлеуметтік үлкен өзгерістерді дайындаған Әбдірахман Әйтиевтің астыртын істері мен Шұғыл тұқымының озбырлығына қарсы бас көтеріп, әділет жолын құптайтын ақылды, ойлы Жүніс қажы, дүние жайлы түсінігі бірте-бірте қалыптасып, кейін революцияның мықты бір тірек, сүйенішіне айналып кететін Хакім Жүнісов характерлері арқылы жазушы адам мен қоғам қатынасының кейбір құбылыстарын оқушыға қаз қалпында жеткізген.

Қажы жолын мүлтіксіз өткергенімен, өмірге көзқарасы, принципі, әрекет-қимылы жағынан Жүніс – кереғар характер. Күндерінің күнінде ата дәстүрінен аттап, дін ұясының өзінде, мешіт ішінде де Шұғыл баймен сілкілесіп қалады. Оның табынатын бір-ақ «тәңірі» бар: ол – әділет жолы.

Автор Жүніс қажының көркемдік шешімін аяғына жеткізе алмай биологиялық, кәрілік заңы, табиғат заңымен ғана өз ажалынан өлтіріп асығыс қоштасқанымен, осынау тамаша халықтық характердің бар бітімімен бір жайсаң самал еседі. Ол ғылымның, білімнің болашағын таныған. Ата салтын сақтай отырып, бірақ баласы Хакімді орысша оқытады. Қален мұғаліммен бауыр етіндей біте қайнасып кеткен.

 Жүністің төрт тіреу – төрт ұлы (Хакім, Нұрым, Әлібек, Әділбек). Адамгершілік, адалдық үлгісі – атадан балаға жалғасып кете береді.

Жүніс қажының антиподы – Шұғыл болыс. Ол ескі тірлік, қара ниет қатыгездік қонысы, ізгілікке қарсы көтерілген сойылдың қолдаушысы, қорғанышы, ақ гвардиялар мен «ұлтшылдардың» ел ішіндегі таянышы. Өз ұрпағы – өз ұлы Ехлас докторға мұра қылып тартатынн үлгісі де оның адамдарға деген қарау пиғылынан өрбіп жатыр.

Шаңырағы шайқалып, ошағы ортасына түскен бақытсыз отбасы – сыбызғышы Қайыпқожа, жазықсық жетім Қали, зұлымдық есептің құрбаны аңқау, аңғал Кәрімғали – бәрі-бәрі өмірдің ащы сорын осы Шұғыл шөмішінен жұтқан.

Жарамсақ Жолды Шұғылдың старшина сайлауы тегін емес. Өйткені оған көңілін қалт жібермей бағып отыратын, Шұғыл мұратын қалтқысыз іске асыратын қолшоқпар керек.

Жол – сол ортаның туындысы. Ізгіліктің қатерлі бір жауы осы Жол тәрізді өз «мансабы» үшін ар-ұятын талақ қылып жүре беруге бар қосалқы тірі пенделерден шығады.

«Ақ Жайық» трилогиясы арқылы біз әр қилы көзқарастағы талай ондаған адамдар тағдырымен табысамыз: Бақытжан Қаратаев, Сұлтан Қаратаев, генерал Мартынов, Ғұбайдолла, жасақшы Мәмбет, Нұрым, Жолмұқан, офицер Абылаев, шабарман Маймақов т.б.

«Ақ Жайық» трилогиясында ізгілік атаулының әрдайым тілегіне болып, дегендері орындалып жатқан жоқ-ты. Шығармадан талай ауыр, қиыншылық суретін көргенбіз. Бір бет өліп-тіріліп, ақыры Абылаев айуандықпен айдалада атып кеткен, бетін бүркер бір уыс топырақ бұйырмаған Меңдігерейдің қайғылы қазасы, опасыздықпен сол суық қолдан қыршын қиылған Сәлмен мен Жанғожаның ажалы ұнамды кейіпкерлер алдынан ешқандай тосқауылдың кездеспегені емес-ті. Үкім орындалатын түні камерада у ішіп өлетін Дмитриев те тілегенім осы дей алмас еді. Тас қамауда Бақытжан Қаратев бар еді, топ революционерлер «Алланың» рақымымен кіріптарлық жұмыр қойқаның жиегін жастанбаған.

Адамдарды мінезі іс-әрекеті, арман-үміті, пиғыл-ниетіне қарай жіктеген меже уақыт. Халық санасындағы өзгерісті, халық мінезіндегі бар құбылысты қадағалағанда да біз осы заман тынысынан бағдарлаймыз.

Қоғамдық сілкініс тұсында, тарихтың сын сағатына бір-біріме жарыса өрбитін қос желінің – жаңа туып келе жатқан азын-аулақ қазақ интеллигенті мен негізі халық өкілдерінің тоғысқан арнасынан Х.Есенжанов шығармаларының идеялық мәні ашылады. Бұл – мүдде мен мүдденің табысуы.

Өмір қозғалысы, өмірдің даму спиралі, тарихи өзгеріс «Ақ Жайық» трилогиясында кең көрінген. Көркем келісім келбеті, характер құбылысы – халқымыз тарихының асқар бір беелсін әр қырынан көз алдымызға алып келеді.

«Төңкеріс үстінде, «Шыңдалу», «Тар кезең», «Көп жыл өткен соң» романдарының табиғатын тану, ең алыдмен, ондағы халықтық характерлер құбылысын саралап ел, жер, заман өзгерісінің адамдар санына әсерін жете түсінуден басталады. Біз халқымыздың әр қилы халықтық характерлердің даму логикасын «Ақ Жайық» романына көркемдік талдау арқылы ұғынуымыз керек.

Жасы үлкенді сыйлау, қонағының қасы-қабағын бағып, құрметі асқанды қадір тұту – шығыс салтында инабаттылық өлшемінің бірі. Бірақ ол әрдайым бұлжымас әдептілік шарты бола бермес-ті. Атадан балаға жетіп отырған сыпайыгершілік дәстүрі кейде сыйлы абыройдың алдында ғана ізеттілік етіп, қатардағы қарапайым ғажайып қасиетті аңдамай өтіп кететін кездер де аз емес.

«Ақ Жайық» романдарынан кемшілік-жетістікті жұрт назары көбіне әйгілі революционерлер төңірегінен іздеу де осыдан болуы керек.

«Соғыс пен бейбітшілік» тек Кутузов жайлы шығарма емес. Тарихи роиандарда заман шындығын тек тарихи жеке тұлғалар ғана танытпайды. Өнер туындысы үшін адамдар алалығы жоқ. Бәрін тек зерттейді. Әрқайсысын өз тірлік-тынысымен, өз ортасымен, қайшылық-құбылысымен, іс-әрекетімен, арман-үмітімен заман биігінен қарамақ. Өмір өзгерісінде алатын әркімнің өз орнын, әлеуметті шындығын салмақтап беретін көркемдік өлшем дейтініміз осы. (жалғасы бар)

 

әзірлеген                                                                          

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі    

Просмотров: 402 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: