11:43
Ұлы Даланың рухани жауһары

Р.НҰРҒАЛИ / АЙ ҚАНАТТЫ АРҒЫМАҚ

Бұған дейін де қазақ әдебиетінде жазылған жуан қарын романдарда орыс кейіпкерлеріне жөнді-жосықсыз жастық төселіп, жасанды қаһармандардың қатары көбейгені мәлім. Рас, олардың ішінде де аракідік адал азаматтардың болғанын, бәзбір туындылардан табиғи түзілім тапқанын айиу парыз. Дегенмен көп шығармаларда шалағай кейіпте, мақсатты түрде балапандай балағандары да жасырын емес. Мұны кеңестік дәуірдің саясаты мен салтанатына сайсақ, Рымғали Нұрғалиұлының бұл романы да сол «жылымық» жылдардың жемісі. Бірақ білікті жазушы жасандылыққа жол бермейді, жалтақтыққа да жүген салдырмайды.

Бұл сипат жетпіске келсе де жігері қайтапған көзі қарақты ақылды, ақынжанды Дәрібай мен іші қан жылап, ата-мекенін қимай арғы бетке ауып бара жатқан жалғыз ұлы Арыстанға қатысты тұстарда тереңдеп, мол мағыналы мазмұнға иек артады. Жазушының да жаны толқып, бауыры жазылып, кейіпкерлерінің көз жасындай қимас сезімдерін тебірене толғайды.

Көптеген көркем шығармаларда кеңес өкіметі орнап, большевиктердің билік басына келуіне байланысты олардың кейбір өктем, содыр саясатына көңілі толмаған, орынсыз, зәбір, жапа көрген жандардың қарсылығын басбұзарлыққа, бұзықтыққа балап, қашқын, сатқын ретінде сүмірейте суреттелгені мәлім. Тіпті науқандық нәубет тәрізді біржақты, топырлата, тоғыта жазылып жазғырғаны да жасырын емес. Бірақ, шындығында солай ма еді?

Міне, «Ай қанатты арғымақ» романы бұл сауалға да жауап іздейді. Талтүсте туған жерге, туған тілге, тума ділге тарпа бас салған бассыздықтарға жаны төзбей, амалсыз арғы бетке өтуге бел байлаған. Арыстанды кеңес өкіметінің өлшеміндегі «қанды қол қарақшыға, қашқынға» қимайсыз. Қайта тілектестік, ниеттестік бейіл билейді. Бұл да орайын тауып, орнымен, себебіне сендіре отырып, нәзік астармен абайлап, айта білген қаламгер білігінің бір белгісі. Автор ұрымтал тұсты ұтымды айтудың, айыпқа алдырмайтындай амалын тапқан.

Ол әке мен бала арасындағы текетірес. Бірі – әкесі ата-мекенді, жаңа өкіметті жаны езіле жақсы көрмесе де, жақтайды. Көпті көрген көзі ашық Дәрібай ұлының ішкі жан толқынысын түсінсе де, кеңес өкіметінің ұзын құрығынан қаймығады. Жалғызын жоғалтқысы келмейді. Әліптің артын бағуды байқастайды.

Мұнда өзге шығармаларда суреттелетіндей бай-құлақ құйыршықтары да көп көрініс бермейді. Және олардан жасқанып, жаны үшін амалсыз кетіп бара жатқан арыстан жоқ. Жағымсыз кейіпкер ретінде аталатын Жадай тобына қосылуы да оның қоянжүректігінен емес, «Құлақ кескен құл болып жүргенше, айдалада тентіреп жүрген ұл болуды» қолайлы көреді.

«Сендерді желіктіріп, құтыртып, атқа қондырып жүрген кім? Қай түлен түртті?» - деген әке сауалына: «Зорлыққа шыдамай атқа міндік. Кешегі ата-бабамның қыстауына басқаның келгенін, кешегі өз жайлауыма бөтеннің қонғанын көріп отыра алмаймын. Ішім өртеніп, жаным күйіп бара жатыр. Шыдай алмай бұлқындым. Іштегі дерт өлтірер болды. Қосылдым содан кейін қашқан босқындарға. Арғы бетке кетеміз», - дейді асыл ұл.

Бұл тұста қаламгерді құрдымнан құтқарып тұрған бір бейне бар. Ол – Дәрібай. Өйткені жазушы оны: «Қазіргі ұран теңдіктің, бостандықтың ұраны. Әділет, тазалық, пәктік, байрағы желбіресін деп жатар. Бай мен кедей, жақсы мен жаман теңелмек, міне, балам, ертеңгі келешек», - деп тебірентеді. «Сәбетке» сенімді көрсетеді.

Сөйтеді де: «Пәлі, аға! Қарашы жан-жағыңа. Қасқыр мен түлкі, арыстан мен қоян, бәйтерек пен итсигек – олар да табиғатта тең тұрған жоқ. Бәрінің тегі бөлек, жөні басқа, тіршілігі әрқилы», - деп Арыстан пайымы арқылы ақиқатқа астар салады.

Бұл да жазушы Рағамның жаңа қыры. Кейіпкер толғанысы арқылы толғақты, ащы шындықты айта білу артықшылығы. Ал, жазушы үшін жалын сипата бермейтін бұл сипат Рымғали Нұрғалидың прозалық дүниелерінен осылай сыйымды сөз береді. Әрине, көркем туындының табиғаты тек кейіпкер шынайылықтарымен ғана шектелмейтіні шындық. Оның керегесін кеңейтіп, кемелін өркендететін өзге де бай болмыстары бар. Роман рухын көтеретін көркемдік кестелердің тылсымы – оның тұтас тағдырымен табиғи жұлындасып жатады. Әрине, мұның бәрі де ең алдымен жазушының өмірді, өнерді тану талантымен тағдырлас,  (жалғасы бар)   

 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 395 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: