18:20 Ұлы Даланың дара тұлғалары | |
ҚАЗАҚТЫҢ САЛ-СЕРІЛІК ДӘСТҮРІ Ұлы жүзден шыққан белгілі салдың бірі Байсерке Құлышұлы (1841-1906). Әкесі Құлыш етікші, мұқтажсыз тұрған. Баласы Байсерке шымыр мықты болып, жеті жасынан домбыра тартып үйренеді. Кейін үлкейіп, салдық өмірге ауысқанда көптеген күйлер шығарады. Соның бірі «Ат ойыны» - атты алдына қойып күй тартуы, оны биге үйрету. «Жетпіс бұтақ» Алатаудың жемістері, соны әдемі күйге айналдыру. 1890 жылы Жетісуда үлкен жұт болып ел қатты күйзеледі. Мал жоқ, тек көзге түсетін семіріп жүрген қарға. Сал қарғаға тіл қатып: «Сендерден басқа көрінетін еш нәрсе қалмады. Сендер менің қасымда болыңдар», - деп, қайғырып мұңаяды. «Дүние деген осы, төрт қарғадан басқа дәнеңем қалмады», - деп күрсінеді. Оған күй шығарып «Төрт қарға» деп ат қояды. Бұл күй Біржан салдың «Тауық жылы» деп атаған жұт жылына (1862) арнағанға ұқсайды. Байсеркенің күйлерін бергі кезге дейін тартып келген домбырашылар Қожабек, Сатқынбай. Елге аты шыққан салдың бірі – Тарақты Дүйсенбай сал. Оның көп барған жері жалайыр еді. Онда Дина деген бір сұлу қызға бәйек болып, бар мүлкін соның алдына апарып тартады. Атасу өзенін қоныстаған тамалар ортасынан шыққан салды қазақ аңызында «Балжан сал» деп атайды. Бұл ескі дәстүрді көп қолданған салдың бірі. Ол әрқашан иығына түлкінің пұшпағын қадап, басына үкі тағып жүретін болған. Мінезі көбінесе Біржан салға ұқсайды, өлеңі де соған ұқсас: Сұрасаң, менің атым – Балжан салмын, Пайдам жоқ, зияным жоқ жүрген жанмын. Демек, тура Біржанның айтуындағы үлгі Сарыарқада жасаған салдардан алғаны анық көрінеді. Арқа мен Сыр бойын қоса білген күйшілер қоңырат әлшекей күйші, Ықылас, Сүгір күйші, оларды бергі кезге әкеліп жеткізуші Жаппас Қаламбаев. Әлшекей 1847 жылы Түменарық болысында туған, кейін аты аңызға айналған асқан күйші. Оның ең қызықты күйі – «Ақсақ тоқты» сыбызғымен тартатын күй. «Ат үстінде ойнау» атты күй, тағы басқалар. Әлшекейдің ұрпақтары тегіс күйші, олардың ішінде Қарабала, Дәнібек кейінгі заманға дейін Сунақшада тұратын. Ықылас Дүкенұлы (1843-1916) Қаратау мен сарыарқаның арасында. Шуда тамалардың қыстауларында туып өскен ғажайып күйші. Қорқыттың қобыз дәстүрін жарқын түрде ұстаған, оны ерекше сүйіп бір таңсық көрген адам. Ықылас қобызды бала күнінен қызық көре бастады. Олай болуына үлгі берген оның ата-бабалары, өз әкесі Дүкенде тегіс қобызшы болған. Қорқыттың қобызына бас иіп отырған саңлақтар. ...ол қобыздың керемет ой түсіретін музыка аспабы екенін әкесінің күн сайын үйде отырып тартуынан көріп өсті. Әкесі сондай жүйрік қобызшы, ел аузында сақталған толқынды аңыздарға табынатын, бәйек болған жан күйетін істерді ашық түрде сипаттап отыратын. ...Ықыластың қобызы өзі жасаған қобыз емес, ол ерте кезден келе жатқан сәуегейлік мұраға айналған ескі қара қобыз. Оны әкесі Дүкен аяулы баласы Ықыласқа мұра етіп қалдырған. Бұл қобызды ол 1946 жылы Бетпақдалада көшіп жүрген Ықыластың үйінен көрдім. Ол Созақ ауданына қарайтын. «Талап» колхозының ауылы Көк өзеннің бойында отырған еді. Ықылас ескі үйіне басшы болып отырған ақылды, сыпайы адам қартая бастаған оның келіні, қобызды алғашқыда көрсеткісі келмей, «тығулы жатыр» деген еді, соңынан түсінген соң көрсетті. Қобыз бүтіндей қап-қара, оның көп заманнан келе жатқаны түрінен көрініп тұрды. Қобыздан бастап Ықылас туралы көп жаңалықты сол кісіден естіді. Әйел сөзге өте шебер және Ықыласты жақсы біледі екен. Ол кісінің айтуынша, «Ықылас күйді әрқашан өзен басында отырып тартушы еді», - дейді. Оның әкесі Дүкен – ол да үлкен қобызшы болған. Осы қобыз сол кісіден Ықыласқа мұра болып қалған. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
