00:04 Ұлы Даланың дара тұлғалары | |
ҚАЗАҚТЫҢ САЛ-СЕРІЛІК ДӘСТҮРІ Сал әрқашан аттың ең сұлуын, ең жүйрігін іздеп табады. Ол атты жақсылап мәпелейді, сипап сүртеді, жал-құйрығын әдемілеп тарайды, оған жібектің үзінділетін қадайды, моншақ, маржан тағып әдемілеп қояды. Атты әртүрлі ойынға үйретеді – жат десе жатады, тұр десе тұрады, секір десе секіреді, алдынан дөңгелеп билейді, тула десе тулайды. Қыздар далада жатқан салдың қасына келгенде оның аты аяғын бүгіп, басын иіп тәжім қылады. Қыздар атқа «өнеріңді көрсет» десе, алдыңғы екі аяғын көтеріп, артынан шаншылып тік тұрады, шөк десе түйеше шөгіп жата қалады. Аттың аяғына күміс білезік, құлағына алтын сырға қадайды, маңдайына үкі таып жүреді, сал су орнына атына күн сайын сүт беріп тұрады. Ең қымбат қазына аттың тұрманы, оның ер-тоқымы, күміс пен алтын жалатқан сұлу жүгені, көркем тартпасы, ақ сауқан өмілдірік ауы, алтын, күміспен өрнектелген құйысқаны, әдемі үзеңгі, ерді көркейтіп тұратын оның өрнектелген екі жақ қасы, ғажайып өрнектелген ердің тебінгісі. Осы көркем күймен, осы салтанатты ат-тұрманымен, осы кербез атымен, іші өлең мен жырға толған атақты сал зор мақтанышпен сұлу қыз іздеп ел аралауға шығады. Оның қолында күмістен, алтыннан жасаған сом сақиналар, білезіктер, құлағында дөңгелек сырғалар. ...Баянауланың атақты салы Бәйтен – ел аралауға шығарда түйенің құрғақ құмалағын жидырып, оны алтынның буына малып, әдемілеп тізіп, ешбір адам кимейтін аса қымбат киім дайындатқан. Мұны балаларына қызықты әңгіме қылып айтқан Марғұлан – Бәйтенмен бірге жүрген серінің бірі. Қой құмалағынан шапан жасатқан кісі атақты төлебай сал. Бұл киім де тек жұртқа ерекше көріну үшін қолданған салдар істеген әдістер. Са ел аралап жүріп, қызды ауылдың сыртына келіп біраз тоқтап тұрады, атынан жерге құлағандай түсіп, оны жібек арқанмен ұстап, шалқасынан түсіп, екі қолын екі жаққа жіберіп, мүдіртпестен жатады. Халық дәстүрі бойынша, ауылдың қыз-келіншегі оны көтеріп тұрғызып, ауылға алып келеді. «Сен менің сүйген жарымсың», - дейді. Ат байлап отырған жәбекті қыз-келіншектерге сыйға тартады. Қыздар салды ертіп сұлу қыздың үйіне әкеліп кіргізеді. Үйдің ішінде сал жарқын түрге көшеді, әдемі өнер, сұлу күйлер тартады. Барлығы қыз бен оның әке-шешесіне қатты ұнайды. Екеуі бірін-бірі көзбен сүйіседі. Салдың тілегін орындауға жақын екені байқалады. Ол қасына алып жүрген барлық қымбат дүниелерін, алтын-күмістерін сұлу қызға жолдайды, мініп жүрген жүйрік атын оның әкесіне сыйға тартады, өзі үйіне жаяу қайтады. ...Дегенмен, сал болу оңайлыққа түспеген. Сал болған кісілер атасының барлық малын осыған жұмсап, кейін қартайған кезінде кедейленіп жүдеген (Біржан сал, Жамбас сипар). Сал болған жігіттің мал-мүлкін былай босқа шаша бергенін оның туысқандары ұнатпаған. Салдық өмірден шығару үшін, туысқандары жігітке жақсы көрген қызын алып беріп, тынышталады. Бұрын сұлу қыз іздеп, малын босқа тігіп жүретін сал енді жібек асуды, алтын-күміс алып жүруді қойып, тек ән салып, жыр айтудың соңына түседі. Абылай заманынан көркейіп өскен сал мен серілер әсіресе Көкшетауда, Баянаулада, ақмола, ұлытау, Торғай бойында көп болды. Ол Айғаным заманында да өркендеп келді. Айғанымның сарайының алдында жаз күні ақындар, күйшілер, әншілер отыратын, жыр жырлайтын, сөз сөйлейтін үлкен сауық орны болған. Мұндай мәдениет дүниесі күнбатыста бөкей Ордасында жоғарғы сатыға жетті. Атақты күйшілердің көбі осында болды. Күнбатыста ой-санаға ұйытқы болған саңлақ адамдар – Сырым батыр, Исатай, Махамбет, Дәулеткерей, Жәңгірдің өзі. Солардың ішіндегі ең данышпаны Дәулеткерей шығайұлы (1820-1871). Ол Қарамола қыстағында туып өскен, қазақша оқыған адам, орыс тілінде сөйлей білген. Күйді Дәулеткерей өзінің ұстазы Мүсірәліден үйренген. Дәулеткерейді бірінші рет суретке түсірген Т.Паули. оның кітабы 1862 жылы Петерборда басылған. Ол суретті 1854 жылы акварельге түсірген Чередеев. Ол геолог Ауербах пен И.П.Корниловтың экспедициясына қатысып, қазақ пен қалмақ елінің тұрмысын көрсететін 33 суреттік көркем альбом жасаған. Альбом бүгінде Санкт-Петербург қаласындағы ЦГИА архивінде сақтаулы тұр. Альбомдағы бір жақсы сурет Дәулеткерейдің жазғы киіз үйдің ішінде бейнеленген суреті. Онда бір топ кісі жиналып атақты күйшілердің тартқан күйін тыңдап отыр. Ортасында бір жігіт би билеп жүр. Чередеевтің жол дәптеріне жазылуы бойынша ұзын сыбызғымен күй тартып отырған атақты күйші Шеге 66 жаста, екінші домбырамен күй тартып отырған – Дәулеткерей, олардың артында отырған Қапажан Байшегірқызы мен Саражан – дәулеткерейдің әйелі, қасында қымыз құйып отырған – баласы азаматкерей, сұлтан көшекғали Шығайұлы, әнші, ән шығарушы Әлнияз Құдайқұлов, бұрын Жәңгір ханның аспазы болып істеген. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
