21:54 Ұлы Даланың дара тұлғалары | |
ҚАЗАҚТЫҢ САЛ-СЕРІЛІК ДӘСТҮРІ Нияз серінің үлкен ұлы Қыруар – атақты серінің бірі. Ол парсы тілінен «Тоты намені» қазақ тіліне аударып, ғашықтық жырын күшейте түседі. Сол «Тотының» бір тарауы «Мәлике» жырын ХІХ ғасырдың бірінші жартысында жазып, ол бүгінде Қазан университетінің кітапханасында сақтаулы тұр. Сондай серінің бірі – Қарауылдан шыққан көкшетаулық Сейіткерей. Дәулетше Махмуди хан сенің атың, Артылған әр пендеден салтанатың. Жаһанда Сейіткерей атым шығып, Бүгінде бұл бір сөзім тамам болдым. Қобыланды жырының басталуын Сейіткерей былай деп суреттейді: Мал сататын базардың Бояуы мен бөзіне. Салған жылқы тоқтайды Арқаның бөрі көзіне. Сегіз сері «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын Торғай еліне таратады. Жетісудың Жүсіпбек Қожа ақыны да осындай серінің бірі, елді, жерді көп аралаған атақты ақынның бірі. Арқада Сарысуда тұрған жерім, Сарытау құм, Сары Үйсін туған жерім (Айман – Шолпан) Болмаса, Иман-Жүсіптің өз өмірін өзі баяндауы: Баласы мен Құтпанның Иман-Жүсіп, Серілік – бала күннен қылған кәсіп. ...Сал-серілер әр уақыт жарқын жүзді, майталман, әзілқойлық пен қулықты қатар ұстап, бір жағынан сынағыш, сын көзімен қарайтын, отырған маубас басшыларды сықақпен өлтіріп, игі адамдарға мөлдіреп жарқын пейіл білдірген. Осыған орай халық сал туралы неше алуан қызықты әңгімелер туғызып, әрбір салдың өмірін бүкіл сахараға таратады. Салдың ерте кезде халықтың дағдыланған бір дәстүрлі ісі болған. Ең соңғы салдың бейнесін Біржан мен Мұхит салдан көруге болады. Олардың соңын ала шыққан Жаяу Мұса мен Үкілі ыбырай салдықтан гөрі әншілікке жақынырақ. Салдықты еске түсіретін Жаяудың өзгеше киінуі (ылғи қызыл киініп жүреді), ыбырайдың басына үкі тағып жүруі. ...Шоң, Торайғыр би, Дәулеткерей кезінде олар бұрынғы ата дәстүрі бойынша салдардың кейбір асқан мінезіне бөгет болмай, оларды еркелетіп, қызық көрген. Сарысудың бойындағы екінші Шоң Толыбай салды аса қадірлеп, оны өзіне ақылшы етіп алады. Толыбай сал ақыл иесі халықты өзінің әдемі көрінісімен, шешен сөзімен, шырқап салған әнімен қуантатын болған. Бұл қасиет барлық салда болған, оның ішінде Біржан салдың өзі де халықтың кемеңгер қайраткері, ақылды ойшысы, жүйрік ақыны болып есептеледі. Салдардың киім киюінің өзі бір өзгеше нәрсе. Олар кие алмайтын қымбат киім алу үшін өзінің мал-мүлкін аямаған. Киімді кең, мол қылып тіктіруді әуес еткен. Атақты салдардың киімі тіпті өзгеше. Олардың киетіні – мауыты шекпен, қамқа тон, қырмызы не жасыл шапан, олардың етегін, арқасын, жеңін тегіс кестемен өрнектеп, әшекейлеп қойған. Шапанды бір ғана торқадан не қалың жібектен тігеді. Тоғыз қойдың терісінен істейтін, өрнектелген әдемі жарғақ тон, төрт қойдың терісінен жасайтын кестелі кең шалбар, өрнектелген шоңқайма қызыл етік, басына киетіні жібектен жасалған биік телпек. Кедейірек салдар жібек киіммен өзін көркейте алмай, жай матаның өзінен тіктіретін болған. Ауқатты салдар елді бір аралап шыққанда кемінен жүз метрдей жібек артып жүрген. Жібек арқан неғұрлым ұзын болса, ол солғұрлым салдың атын ел арасына тарата берген. Жібек арқан қыз-келіншектерді салдарға тез тартатын мықты әдістің бірі болған. Жетісудың атақты салы Дәурен Құдайбайұлы Іле өзенінен өткенде оның алып жүрген жібегінің бір ұшы өзеннің арғы қабағында шұбатулы жатады. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
