23:06
Ұлы Дала елінің дарабоздары

БӨГЕНБАЙ БАТЫР (1690-1775 ж.ж.)

Бөгембай Ақшаұлы, Қанжығалы Бөгембай, кейбір деректерге Бөгенбай, 1690ж. Қаратау бөктеріндегі Бөген өзенінің бойы-1775 ж., кейбір деректерде 1776, 1778ж. ж. Ақмола облысы Ерейментау ауданында Қоржынкөл көлінің маңында өмір сүрген. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресі тарихында ерекше рөл атқарған батыр, қолбасшы. 18 ғ-дағы қазақ батырларының жасы үлкен ақсақалы, сондықтан оны халық аңыздарында ардақтап «Қанжығалы қарт Бөгембай» деп атап кеткен. Қарабалта түбінде қырғыздармен болған шайқаста Бөгенбай батыр 77 жаста болған деседі. Арғынның қанжығалы руынан Батырлар әулетінен шыққан. Атасы Әлдеуін батыр Есім хан әскерінің қолбасшысы, әкесі Ақша батыр Тәуке ханның 80 мың қолын басқарған сардар болған. Бөгенбай батыр 1708 ж. (кейбір деректерде 1709 ж.) Әз Тәукенің бұйрығымен 30 мың жасақты бастап, қазақ елінің берекесін ала бастаған қазақ-орыстарды түре қуып, Еділден әрі асырып тастағаны туралы деректер бар. Осы ұрыста Бөгенбай алғаш рет ерлігімен көзге түсті. Бөгенбай жоңғарларға қарсы 100-ден астам шайқасқа қатысқан. «Қазақтың қамал-қорғаны» (Бұқар жырау) баһадүр Бөгенбай қазақ халқының Абылай бастаған ұзақ жылдарғы ұлт бірлігі үшін күресінің ұйтқысы болды. 1710 ж. Қарақұмда өткен үш жүз қазақтарының құрылтайында бүкілқазақтық жасақ құрып, жоңғар шапқыншылығына тойтарыс беру жоспары талқыланды, бұл жиында көшіп кетіп жан сақтауды ұсынғандар да болады, бірақ «сол кездегі ерлігімен әйгілі болған рубасы Бөгенбай мұндай әрекеттердің бәрін тыйды». Осы құрылтайда Бөгенбай батыр үш жүздің бас сардары болып сайланды. 1726 ж. Бөгенбай бастаған қазақ қолы Бұланты өзенінің бойында қалмақтарға қарсы күйрете соққы берді. 1772 ж. Көктемде Қожаберген басқарған қазақ-татар жасағымен тізе қосып, Бөгенбай бастаған қазақ-ноғай-қарақалпақтың біріккен әскері Нияз, Аюлы тауларының етегінде жоңғарлармен болған шайқаста жеңіске жетті. «Аңырақай шайқасында» Орта жүз қолын басқарған Бөгенбай батыр Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Керей Жәнібек т. б тізе қоса отырып, қазақ елінің тұтастығын сақтап қалауда ерекше ерлік көрсетті. Бөгенбай Жайық, Жем, Ойыл өзендері бойы мен Ерейментау, Қарқаралы, Аягөз, Түркістан, Шу бойы, Жетісу өңірі, Қырғыз жердеріндегі, т. б. шайқастарда қол бастаған. 1756–58 ж. Бірінші рет Шығыс Түркістандаға келген қытай әскерімен болған әйгілі Талқы соғысында қытай әскеріне қатты соққы беріп, оларды Үрімжіден асыра қуды. Бөгенбай жасы ұлғайған шағында ауырып қайтыс болған. Мәйітін Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи мешітіне жерлеу үшін батырдың денесін таза арулап, былғарыға орап, қыс бойы сөреге қойып сақтаған. 1776 ж. Көктемде баласы Тұраналы мен қанжығалы Айтбай Аткелтірұлы басқарған елдің игі жақсылары батырдың сүйегін нарға теңдеп, Түркістанға жеткізіп, Қожа Ахмет Иасауи мешітіне жерленген. Бөгенбай батырдың денесі сөреге қойылған жер бүгінге дейін Ереймен өңірінде «Бөгембай сөресі» деп аталды. Бөгенбай батырдың ерлігін Қожаберген жырау «Елім ай» атты тарихи дастанды жырлап, «Ер Бөгенбай» аталатын қисса арналған. Бұқар, Үмбетей, Керей Жанкісі, Сегіз сері Шақшақұлы Бөгенбай туралы дастандар шығарған. Бөгенбай батыр туралы дастандар шығарған. Бөгенбай батырдың баласы Тұраналы, немересі Бапан би, оның баласы Сәбден (Саққұлақ би) де өз замандарында атақты адамдар болған. 1991 ж. Астана-Павлодар, Ерейментау- Павлодар тоғысқан жол торабында Бөгенбай батырға арнап ескерткіш орнатылды.

 

БАТЫР БАЯН

Қасаболатұлы Баян (шамамен 1710/15–1757 ж. ж.) – бүкіл өмірін қазақ жұртының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған ержүрек ардагерлердің бірі, батыр. Батырлығымен, тапқырлығымен Абылай ханның ерекше құрметіне бөленген. Қазақ-жоңғар шайқастарына қатысып, «Батыр Баян» атанған. Батыр Баян жөніндегі деректерді Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасынан, жыраулар шығармаларынан, Шоқан Уәлихановтың еңбектерінен кездестіруге болады. Тарихи деректерде Баян жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен қазақ батырларының ішіндегі шоқтығы биік болып көрсетіледі. Қазақ батырларының елдікті сақтап қалудағы ерлігі Үмбетей мен Тәтіқара толғауларында жақсы баяндалған. Үмбетей жыраудың «Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту» атты толғауында былай делінген: Қара керек Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Сары, Баян мен Сағынбай қырмап па еді жауыңды, қуантпап па еді қауымды, ұмыттың ба соны Абылай?! Бұл толғаудан батыр Баянның Абылай ханның тірегінің бірі екенін байқаймыз. Оның ел қорғаған басқа да батырлармен, қазақ халқының туын жықпаған, талай шайқастарда ерлік көрсеткен хас батырының бірі болғанына көзіміз жетеді. Тәтіқара толғауында: Бөкейді айт Сағыр мен Дулаттағы, Деріпсәлі, Маңдайды айт Қыпшақтағы. Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын Сары менен Баянды айт Уақтағы. Бұл жолдар Баян батырдың ержүрек батылдығын, тұлғалы азамат болғанын дәлелдейді. Жырдағы Сары — Баянның ағасы. Шоқан Уәлихановтың «Исторические предания о батырах XVIII века» атты мақаласында Баян батыр жайлы мағлұматтар бар. Мұнда да Баянның ержүректілігін, ақылдылығын Абылай ханның жоғары бағалағанын айтады. Уақ батыры Баян Абылай ханмен бірге Қытай жасақтарына қарсы соғысқа қатысады. Қытайлармен айқаста Абылай қолы шегінуге мәжбүр болғанда Абылайдың әскерінің шегінуіне мүмкіндік жасап, Баян қолы қытайлармен айқасады. Бұл шайқаста Баян өзінің тапқырлығымен, ержүректілігімен, найзагерлігімен көзге түсіп, хан әскерін құтқарады. Шоқанның айтуынша, Баян Абылайдың ең жақын батырларының бірі болған. Ол ағасы Сары батырмен бірге уақ-керей руларының жасақтарын бастап қалмақтарға қарсы соғысқан. Осындай бір жорықта Сары мен Баян қаза болады. «Халық аузында қос батырдың аттары біріктіріліп, Сары-Баян деп қосақталып айтыла да береді», — деп жазады Шоқан. Абылай хан «үш жүздің батырларының ішінде кімдерді ерекше бағалайсыз», — деген сұраққа екі батырды ерекше атайды. «Бәсентиін Малайсары байлығымен, батырлығымен, мінезімен ерекшеленсе, Уақ Баян ақылдылығымен, батырлығымен ерекшеленеді», — деп жауап берген екен. Шоқанның бұл мәліметтерінен Баянның ханына да, халқына да мәлім, айбынды қолбасшы және ержүрек жауынгер болғанын көреміз. Абылай қалмақтарға жорықпен келе жатқанда қалмақтан жеті адам елші келіп, қалмақ ханы Серен хан: «Қалмақтар мен қазақтар ағайынды болған. Біз сіздерге ақ киіз үйлер силаймыз, бейбіт болайық», — деп ұсыныс жасайды. Абылай батырларын жинап кеңес құрады. Хан: «Ақ киіз үйлерді алайық, оларды сендірейік, одан кейін шабуыл жасайық», — дейді. Сол кезде Баян: «Сіз қалмақтарды алдаймын деп ойламаңыз. Ұса менен Серен жоғары және төмен Қытайды да алдаған, сізді де алдайды», — дейді. Хан өз сөзінен қайтпайды, қазақтар екі күн қалмақтарды тосады. Шолғыншылар екі күн бұрын қалмақ қолының жасырын кетіп қалғанын хабарлайды. Баян мың адамдық жасақпен қалмақтарды қуып, Қытай жеріне кіреді. Бірақ қалмақ қолын толық талқандай алмай, қайтуға мәжбүр болады. Қайтар жолда қалмақтардың өліктерінен уланған судан ұшынып ауырған Баян және оның жауынгерлері қаза болады. Бұл деректі де Ш. Уәлиханов айтқан. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасының желісі де осыған ұқсас. Поэма аса көркем деңгейде, ерекше шабытпен жазылған. Сезім де, махаббат та, батырлық та, жан күйзелісі де дастанда жыр болып өріледі. Поэмадағы батыр Баян тағдыры ешкімді де бей-жай қалдыра алмайды. Шоқтығы биік Баянның бейнесі поэмада былай суреттеледі: Қанайым, ойың ұдай, тілің шаян, Амал не, келген жоқ қой батыр Баян. Көп жаудың албастысы, ел еркесі, Баянның батырлығы алашқа аян. Баянның аруақты құр атынан көп қалмақ болмаушы ма ед қорқақ ноян?! Наркескен, өрттей ескен қайтпас болат, Баянсыз қанатымды қалай жаям? Би Қанай! Аттанбайды хан Абылай, келмесе қандыбалақ батыр Баян! — деген Абылай сөзінен батырдың хан ордасындағы орны мен беделін байқайсыз. Баян батыр ел рухы мен батыр рухының биіктігін барлық құндылықтан жоғары қояды. Елдің мүддесі Баян үшін қымбат, халқының тағдыры жау табанына басылмауы жолында жан аямай күрескен Баян батыр — ерліктің, отаншылдықтың үлгісі. 1993 жылы режиссер С. Тәуекелов Баян батыр жөнінде кинофильм түсірді. Батыр бейіті Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Шекелек зиратында. Батырдың ұрпақтары Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданында тұрады. Қазақ осындай батырлардың арқасында тағдыры мен келешегін қорғап қалды.

 

ЖАСЫБАЙ БАТЫР (шамамен 1716-1741 ж.ж)

Жасыбай батыр – 18-ғасырда өмір сүрген батыр. Орта жүз құрамындағы Арғын тайпасынан шыққан, Бәсентиін руынан. Олжабай батырдың жиені. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресі тарихында ерекше рөл атқарған ірі тұлға. Әкесі-Өмірәділ от ауызды, орақ тілді шешен адам болған адам болған. Анасы-қазақтың атақты батыры Оожабайдың апасы. Шежіре деректерде батырды «Олжабайдың жиені» дейтіні де содан. Жасыбай екі ағайынды болған, інісі Байсары да жоңғарларға қарсы күресте ерлігімен көзге түскен белгілі батырлардың бірі көрінеді. Жасыбай жөнінде Н. Я. Коншиннің жазбаларында, халық шежірелерінде, аңыз-әңгімелерінде, батырдың өзіне арналып шығарылған «Ер Жасыбай» жыр- дастанында біраз мағлұмат берілген. Соларға қарағанда, ол Олжабайдың жиені ғана емес, жауға бірге шапқан серігі, жақын досы болған. Жастайынан жауырыншылығымен, құралайды көзге атқан мергендігімен аты шыққан. Баянауыл өңірін қалмақтардан тазартуда үлкен ерлік көрсеткен. «Ол-жауға бірнеше дүркін соққы берген әйгілі батыр. Бірде қазақтардың қолбасшысы Олжабай батыр Жасыбай батырға жауынгерлермен келе жатқан қалмақ олының алдынан шығып, олардың жолын бөгеп, бері жібермеуді тапсырады. Мыңға толмаған жасақты бастаған Жасыбай батыр жаумен асқан ерлікпен соғысады. Бірақ аңдаусызда сауытының желке тұсындағы ашық жерінен қалмақтың оғы тиіп, содан өледі. Қазақ қолы қалмақтарға төтеп бере алмай ығыса бастайды. Сол кезде қырғын болған таудың шатқалына Олжабай бастаған әскер кіреді. Жеңілген қалмақтардың ұлардай шулап, жалбарынған дауыстарынан тау іші күңіренеді. Сонда Олжабай батыр: „Сендердің бәріңді қосқанда, өлген Жасыбай батырдың шынтағына тұрмайсыңдар“ деп, жауынгерлеріне „жауды аяған жаралы“ екенін ескертеді. Қалмақтардың бұл жолы қырылғаны сонша, өліктері жолдың ұзына бойына шашылып қалды» (Н. Я. Коншин). Бұл деректердің дұрыстығына «Олжабай батыр» жырындағы: «Келген жолмен шұбырып, Есепсіз жолда қырылып, Баян тауын жанапты. Қақайып садақ тартқанда, Қалмақтың тиіп сұм оғы, Жасыбай қалды жығылып» деген жолдар да, соғыс болған жердің бұл күнде «Қалмақ қырылған» атауы да дәлелдей түседі. Туған елін, өскен жерін ата жауын азат ету жорығында сан ерлігімен көзге түсіп, осы игі мақсат жолында қаза тапқан ерінің есімін ардақтаған халқы кейін Баян тауының ол қорғаған асуына «Жасыбай асуы», көліне- «Жасыбай көлі» деген ат берілді. Ол жерлер қазір солай аталады. 18-ғасырдың 40-жылдарында жоңғарлар Баянауыл даласында Ертіс өзені жағынан басып алмақ болған, Жасыбай батыр өзінің серіктерімен бірге жоңғарларға қатты тойтарыс берді. Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұрыста жау оғынан қапылыста қаза тапқан. Павлодар облысы Баянауыл ауданында Жасыбай көлі, Жасыбай асуы деген жерлер бар. Жасыбай батыр жерленген бейіт сол асудың үстінде.

 

ҚАБАНБАЙ БАТЫР

Қабанбай Қожақұлұлы, Қаракерей Қабанбай, Дарабоз (1692–1770) – қазақ батыры, жоңғарларға қарсы азаттық соғыстың даңқты қаһармандарының бірі. Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында туған. Азан шақырып қойылған есімі — Ерасыл. Найман тайпасы ішіндегі Қаракерей руының Байжігіт тармағынан шыққан. Оның атасы Мәмбет те, әкесі Қожағұл да, Қожағұлдың ағасы Күшік те өз заманының аты шыққан батырлары болған. Қабанбайдың жеті жасында әкесі Қожақұл батыр жау қолынан қаза тауып, артынан Есенаман, Есенбай, Ерасыл атты үш ұл қалған. Қожақұл батырдың көзі жұмылған соң бас иесінен айрылған Мәмбет ауылдарына жыл сайын ойраттар шабуыл жасап, тал түсте жылқыларын айдап әкете беретін әдет тапты. Сондай бір кезекті шапқыншылық кезінде қалмақтар жылқы күзетіп жүрген Қабанбайдың ағасы Есенбайды қолға түсіріп, қорлап өлтіреді. Аямас жауыздар қанжармен жас жігіттің қарнын жарып, шалажансар күйінде далаға тастап кетіпті. Есенбай жалғыз інісі Ерасылды маңдайынан шертпей, қатты еркелететін. Ағасы Есенбайдың кегін алу үшін іргелес Тоқта тауын жайлаған қалмақ күреніне жалғыз өзі аттанып, құныкер Өлжа жырғал ноянды қапысын тауып өлтірген. Міне сол күннен бастап қазақ жері қашан жаудан тазарғанша қылышын қынабына салмаған. Осыдан кейін Ерасыл 5–6 жыл Зайсандағы Керей ішіне кетіп, әпкесі Меруерт пен жездесі Бердәулеттің қолында болған. Осында жүріп жылқыға шапқан жабайы қабандарды жайратып, «Қабан батыр» атанған. Оның алғашқы қатысқан ауқымды соғыстарының бірі — 1718 жылғы Аягөз шайқасы. Осы ұрыста Найман қолын басқарған Қабанбай асқан ерлігімен көзге түскен. 1723 жылы Түркістан қорғанысына, 1726 жылы Бұланты шайқасына, 1730 жылы Аңырақай-Алакөл шайқасына, кейін Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырларының біріне айналған. 1741 жылы Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауға шапқаны үшін «дарабоз» атанған. 1751 жылы Арқадан екі түмен қолмен Оңтүстік Қазақстанға Қабанбай — Ханбаба (Барақ сұлтанның үлкен ұлы) жорығы жасалған. Ұлы жүз жасағын өзіне қосып алып, Сыр бойы, Шымкент, Сайрам, Ташкент қалаларын жоңғарлардан тазартып, Ташкентте Төле бидің билікке келуіне көмектескен. Шыршық өңірінде Жоңғарияға айдалып бара жатқан бірнеше мың қарақалпақты құтқарып қалған. 1752–1754 жылдары Жетісу, Тарбағатай, Алтай өлкелерін жоңғарлардан азат ету жорықтарында Қабанбай басқарған қазақ әскері алдымен Іле, Балқаш, Қаратал өңірлерін жаудан тазартуға қатысқан. Осыдан кейін қазақ жасақтары Тарбағатайдың күнгейі мен теріскейінде 2 бағытта шабуылға шыққан. Күнгейдегі әскер тобын басқарған Қабанбай сарбаздарымен Қарақол мен Нарынды, Үржар мен Қатынсуды, Алакөл мен Барлықты азат етіп, терістік бағыттағы Бөгенбай әскеріне қосылған. Баспан-Базар, Шорға, Маңырақ шайқастарында қатысып, Зайсан, Марқакөл, Күршім өңірлерін азат етті. Қазақ жері басқыншылардан азат болғаннан кейін Қабанбай 1756 жылы жоңғар билеушісі Әмірсананы қуып келген қытай әскерінің бетін қайтаруға ат салысқан. Шығыс аймақтарға ел көшіру, қоныс бөлу ісіне араласқан. Жоңғар үстемдігі кезінде қолдан шығып кеткен Шонжы, Нарынқол, Кеген өңірлерін қырғыздардан қайтарып алуға қатысқан. Қытаймен бітім жасалғаннан кейін, 1758 жылы қыркүйекте Барлықтан Үрімжі қаласына 300 жылқы айдап барып, қазақ-қытай саудасын бастап берген. Әкесі Әтеке жырықтың кегін алу үшін 500 адамдық қолмен келген қырғыз батыры Қарабекке ауырып жатқанына қарамастан қол бастап, қарсы шығып, Қабанбай жекпе-жекте Қарабекті өлтірген. Сол сәтте өзі де ат үстінен құлап түсіп, қазаға ұшыраған. Қабанбайдың 2 әйелінен жеті ұл туған. Қабанбайдың Үмбетей, Кішкентай, Сырымбет, Едіге, Байтық, Мойнақ, Әлі деген жеті ұлы болған. Оларды «Жеті Қабанбай» деп атаған. Осының Әлісі жоңғардың соңғы ханы Әмірсананың Мәней деген қызына үйленіп, одан бес перзент көреді. Оларды шешесінің атымен «Бес Мәней» дейді. Батырдың ұрпақтары бұл күнде Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының жерінде мекендегенімен, олардың арғы аталары оңтүстік жақтан ауып келіп, Есіл, Нұра бойын қоныс еткен. Бұл өңірдің 1728–1762 жылдар аралығында батырдың да құтты мекені болғаны белгілі. Қайтыс болғаннан кейін Қаракерей Қабанбайдың денесі осы ата мекеніне әкеп жерленген көрінеді. Алматы облысындағы бұрынғы Андреев ауылына, Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Жарбұлақ ауылына, Алматы, Семей, Өскемен, Талдықорған қалаларындағы бір-бір көшеге, сондай-ақ, Аягөз қаласында орналасқан танк дивизиясына Қабанбай есімі берілген. Алматы облысы Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласында батырға ескерткіш орнатылған. 1992–1993 жылдары бұрынғы Талдықорған және Семей облыстарында Қабанбай батырдың 300 жылдығы аталып өтіліп, үлкен ас берілген. Батыр туралы жыр-дастандар, зерттеу еңбектері аз емес. Қабанбайдың өмірі мен ерлік күресі Бұхар, Ақтамберді, Үмбетей, Дулат, Тәтіқара, т. б. халық ақындары жырларына арқау болған. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының көне қолжазбалар бөлімінде Қабанбайға арналған жырлардың 4 нұсқасы, Қытай қазақтарында 10-ға тарта нұсқасы сақталған. Бұл жырларды жинау ісіне Ш. Уәлиханов, С. Торайғыров, Қ. Халидұлы, Қытайда тұратын қазақ ғалымдары З. Сәнік, Б. Садықан, т. б. көп еңбек сіңірген. Жазушы Қ. Жұмаділов «Дарабоз» тарихи романын жарыққа шығарды. Ұрпақтарының айтуы бойынша батырдың сүйегі Жоңғар қақпасының сол қапталына, Сарыбел асуына жерленген деген мәлімет бар. Бірақ 1998 жылы Астанадан 30 шақырым жердегі қазіргі Қабанбай батыр ауылының түбінен зираты табылып, кесенесі тұрғызылған.

 

МАЛАЙСАРЫ БАТЫР

Малайсары (шамамен 1700–1756 жылдар) – Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі, жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерекше көзге түскен батыр әрі би. Қазіргі Павлодар облысының аумағында дүниеге келген. Арғын ішіндегі бәсентин руынан шыққан. Оның әкесі Тоқтауыл — батыр, балуан, анасы Мөлдір — қалмақтың атақты ноянының қызы, қарындасы Гауһар (Қабанбай батырдың әйелі) — ерлігі аңызға айналған қаһарман қыз болған. Малайсары батыр туралы деректер алғаш рет Шоқан Уәлихановтың жазбаларында кездеседі. Қазақтың ұлы ғалымының жазуына қарағанда Абылай хан Малайсарының батырлығын, ақылы мен қайратын жоғары бағалаған. Шоқанның қолында болған құнды деректердің бірі Жоңғар қонтайшысы Қалден Сереннің Малайсары батырға «тархан» атағын беру туралы жарлығы. «Тархан» атағы көнеден келе жатқан лауазым, дәреже, бұл атақтың иелері алым-салықтан босатылады, анау-мынау ұсақ қылмыс бойынша тек хан алдында ғана жауап беретін болған. Бұл грамота қалмақ тілінде «тодо бичиг» («төте жазу» — деген сөз осыдан шығады) жазуымен жазылған. Шежіре нұсқаларындағы Малайсарыға қатысты бірсыпыра деректер Мәшһүр Жүсіп жазбаларында кездеседі. Ол Малайсары батырға қатысты қызықты әнгімелерді қазақ батырларына, оның ішінде Олжабайға арналған аңыздар топтамасында келтіреді. Шежірешінің айтуына қарағанда: «Осы Малайсары өз заманында епетейсіз ірі, дөкей батырдың бірі есепті болған» — деп суреттейді. Малайсарыға қатысты тағы бір деректер жаяу Мұса Байжановтың Қазақ Ұлттық ғылым академиясы кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар бөліміндегі «Абылай ханның 40 батырымен Сарыарқаны қалмақ ханы Қалдан Сереннен тартып алған уақиғасы» деген қолжазбасында кездеседі. Сондай-ақ, келесі ауыз екі мағлұматтар ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ жерінде өлкетану ісімен шұғылданған орыс зерттеушілерінің жазбаларында да бар. Мәселен В. Никитин «Памятники древности Каркаралинского уезда» атты мақаласында (1895 ж.) Қарқаралы тауларындағы тастан қаланған ірі бекініс жүйесін Малайсары атымен байланыстырады. Малайсары туралы деректерді өткен ғасырдың 90-шы жылдары Ертіс өңірінің белгілі өлкетанушысы Жеңіс Марданов жинақтай бастады. Ертіс бойында қазақ шежіресін, эпикалық жырларын жатқа айтатын адамдар аз болса да өлкетанушы тынбай ізденіп, ауызша деректер мен жазбаша материалдарды ұштастыра отырып Малайсары батырға арналған қысқаша этюдтер жазды. Ол «Дауа» шығармашылық бірлестігі жариялаған «Қазақ халқының каһармандары» кітабының бірінші томында жарық көрді. Малайсары батыр туралы газет мақалалары 90-шы жылдардан бастап жариялана бастады. Олардың ішінде 1991 жылы тамыз айында «Дауа» газетінің бетінде жарияланған топтаманы айта кеткен орынды. Жоңғар Алатауының батысындағы Алтынемел тауының бір сілеміне, Малайсары батыр есімі берілген. Малайсары тауының бөктерін мекендеген ауыл азаматтарының батыр есімін жадында ұстап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Мұндағы қариялар ауылдың жастарына көптеген ұлағатты әңгімелерді айтып отырады. Алыс сапарға шығатындары батырдың басына арнайы келіп дұға оқиды. Бұл жердің маңынан қатты жүруге болмайды деп Малайсары батыр жерленген оба тұсынан жаяулап өтеді. Малайсары ауылының іргесіндегі бұлақ та «Малайсары бастауы» аталады. 2006 жылы Павлодар облысының Қызылжар елді-мекенінде Малайсары атындағы мешіт ашылды. Ал 2008 жылы Павлодар қаласындағы Ж. Аймауытов атындағы Қазақ музыкалық драма театрында Ж. Артықбаевтың «Малайсары» тарихи драмасының премьерасы өтті.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 2170 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: