13:27 Ұлы Дала елінің қазынасы | |
ҚАЗАҚТЫҢ ЕҢБЕК ДӘСТҮРЛЕРІ «Қой басты» (дәстүр). «Қой басты» дейтін әдемі ырым жасап... сол үйден жеңіл тағам жейтін болған (Т.Арынов). Қазақ мәдениеті мен шаруашылығында киіз басу өнері кең дамыған. Бұл да ауыл адамдары үшін елеулі, маңызды жұмыстардың бірі және киіз бір үйдікі болғанымен бұған салт бойынша барлық ауыл адамдары араласып, қол ұшын беріп отыруы шарт. Мұндай күндері киіз басушылар киіз тебу, киіз пісіру кезінде оны үй арасында домалата жүріп, бір үй тұсына келгенде «қой басты, қой басты!» деп айқайлай шулап, күліседі. Бұл үйіңді қой басып бара жатыр деген сөз. Мұны естіген үй иесі – отана жүгіріп шығып, киіз басушыларға қымыз, құрт, май, нан сияқты тағамдар ұсынады немесе қой сойып дастарқанға шақырады. «Қой басты» әзіл-күлкіге, ойын-сауыққа арналған дәстүр болғанымен, киіз басудың азаюына орай бұл да ұмытылып бара жатыр. «Қымызмұрындық» (дәстүр). Қымызмұрындық – бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы (І.Кеңесбаев). Құлын байлап, бие сауылып оның сүті қорланып ашытылған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-көлемдер «қымызмұрындыққа» шақырылады. Яғни алғашқы қымыз адамдарға салтанатпен ұсынылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен беріледі. Ақсақалдар үй иесіне рақмет айтып, батасын береді. Халықтың бұл дәстүрі де қонақжайлық, мәрттік, ұлттық ерекше қасиеттерін арттыра түседі. Тулақ шашу – жүн сабарда, сабап болған соң берілетін шашу тамағы (С.Қасиманов). Халқымыздың әрбір іс, шаруаның басталу, аяқталу сәтін жай өткізбей, оны атап өтіп және соған сәйкес әдет-ғұрыптар, ырымдар жасап отырған. Соның бірі – жұрттың бәрі біле бермейтін тулақ шашу салты. Мұны көбінесе әйелдер жасайды. Киіз, текемет басатын үй оған қатысатын әйелдерге жүн сабар алдында «тулақ шашуын» шашып, тамақ береді. Бұл салт жүнді сабап болғаннан кейін де қайталанады. «Теңсерік» (дәстүр). «Жерін теңсерікке беретін есепқор байлар» (З.Ақышев). Бұрын шөп дайындағанда байлар жұртты үмеге шақырады. Кейде әр адам өз игілігіндегі жердің шабындығын (шөбін) «теңсерікке» береді. Яғни жігіт жалдап шабылған шөптің жартысын сол адам алады. Жалданған адам шөпті мезгілінде шауып, шөмелелеп береді. Жер иесі келісім бойынша тиісті үлесін бөледі немесе соған лайықтап мал да беретін болған. «Теңсерік» дәстүріне екі жақ та адал істеп, әділ бөлуге тырысқан. Аңшылық (салт). «Бір қызық бүркіт салып аң ауласа, Мінген ат шабуылмен танаураса» (Н.Сандыбайұлы). Аң аулау ертеден қалыптасқан салт. Әрине, тіршілік, табыс үшін аңшылық құратындар бар. Бірақ аңшылық шын мәнінде сауық, қызық, шынығу, ептілік, серілік, сезімталдық, сергектік, білімпаздық сияқты көптеген қасиеттерді ұштайтын тамаша өнер мектебі десе де болады. Ұшқыр ат, жүйрік тазы, қыран бүркіт, кең дала, тамылжыған табиғат – бәрі-бәрі де аңға шыққан ер жігітке бұл дүниенің шын қызығын сыйлағандай көңілді көтере түседі. Осындайда қасқыр соғып, түлкі, қарсақ алу аңшы өмірінің тамаша жемісті, ұмытылмай сәті. Қанжығасы қанданған ол ауыл ағаларына олжа байлауы – азаматтық пен ерліктің, одан қалды халықтық дәстүрдің таза жолы. Сері, аңқұмар халық үшін өзі алмаса да әкелген аңды көру де бір ғанибет. «Құсы да, иесі де қоразданар, Алпыс екі айла түлкі алғанда» дегендей мұндайда аңшының мақтануы да, оны мақтау да орынды-ақ. Ел ішінде аңшылық қасиетті, құрметті өнер әрі салт болса, аңшының өзі де беделді, сыйлы адамдардың бірі. Мұның өзі аңшылық дәстүрдің бағасы жоғары, өмірде орны бөлек құбылыс екенін толық дәлелдесек керек. Аңшылық өнерді Ақан сері, Сегіз сері, Абай тағы басқа халқымыздың ардагерлері өте жоғары бағалаған. С.Мұқановтың, М.Әуезовтің, С.Жүнісовтің, Қ.Тәукеновтің және басқа жазушылар шығармаларында аңшылық өнердің қилы-қилы қызықтары мен құпиялары кең суреттелген. Аңшылыққа жастарды баулу, үйрету – ата кәсібі мен салтының асыл қазынасын толықтыра түсу деген сөз. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |