13:24
Ұлы Дала елінің қазынасы

ҚАЗАҚТЫҢ ЕҢБЕК ДӘСТҮРЛЕРІ

Келі түбі (сал). «Келі түбі» деп алады, Кеусенім деп алады (Жанкісі). «Қолкесер», «қол қайыр» деген сияқты бұл да еңбек салтының бір түрі. Ол азық-түлік (егін ору, тары түю, май шайқау, соғым сою) дайындауға қатысқан кісілерге берілетін еңбек ақы, үлес. Мұны көмекке шақырған адам өзі сұратпай беруге тиіс.

«Көгентүп» (көгендік). Бір-біріне жақын туыс, ілік, жұрағат адамдардың баласына ескерткіш, сый ретінде берілетін мал (қозы, қой, бұзау, құлын, тай, бота, тайлақ, ат). Бұл бала үшін сый, қуаныш болса, оның ата-аналары үшін құрметтеудің белгісі десе де болады. Көгентүп беруді малды ауылдардың әлі де пайдаланып жүргені жақсы, жарасымды салттардың бірі.

«Көген той» (дәсүр) – малды ауылдың көктемде мәре-сәре болып өткізетін шаруашылық әрі еңбек құрметіне арналған шағын той-томалақ. Қой қоздап, бие құлындап, түйе боталап, сиыр бұзаулап, жер кеуіп күн жылынған сәтте ел-жұрт, үлкен-кіші дәм салынған буыншақ-түйіншектерін алып, желі басына жиналып, дастарқанын жайып, оны нан, құрт-май, ірімшік, аққа толтырып бір қызық мәжіліс жасайды. Сол жерде мал-жанның амандығы, ырыс артып, туған төлдің көбеюі үшін бата тілеп, әкелген тағамдарды бөліп жейді. Қарттар келелі әңгіме-дүкен құрып, жастар өлең айтып, ойын-сауық жасайды. Бұдан кейін ақ жаулықты аналар желіге, көгенге, көген бұршағына, қазыққа ақ (айран) жағып, бата, ырым жасап, жақсы тілектер тілейді.

Қол ұшын беру (дәстүр). «Бітер істің басына, жақсы келер қасыңа» дегендей жұмыс істеп жақан жерге келген әр адам қанша асығыс болса да сәл аялдап, қол ұшын беруге тиіс. Мысалы, үй салып жатқан жерде ағаш, кесек әперу, егін жинап жатқан жерде екі-үш күрек дән тасып әкелу, тағы соол сияқты көпшілік жұмылған іске өз үлесін қосу азаматтық борыш, міндет болып саналады. Егер мұндайда кейбіреу еңкеймей тұрса, онда оған «еңкей, қол ұшын бер, балаңның белі бүкір болады» деген әзіл-шыы аралас ескерту жасайды. Осындай көп жұмылған жерде бостұру тәрбиесіздік әрі білімсіздік болып саналады.

Қол үздік (салт). Мал сойысқанда, кілем тоқу, текемет басу, іс тігу сияқты қолмен атқарылатын жұмыстарға ауылдың қолы шебер еркек әйелдері тікелей араласып, қол ұшын береді, жәрдемдеседі. Іс аяқталған соң отанасы осы жұмысқа қатысқандарға «қол үздік» деп аталатын кәде береді. Яғни атқарылған істен артық қалған ине-жіп, жүн-жұрқа, түбіт, пұшпақ, тарамыс, тағы басқа ұсақ-үйектер үлестіріледі. Бұл да ұлттық жарасымды кәде.

«Қолкесер» (дәстүр). «Ділдабек «қолкесерім» деп санның шақпақ етінен пышақты салды да жаяның қыртысынан апарып бір-ақ шығарды» (Ғ.Мүсірепов). Халық салты бойынша біреудің жұмысына қол ұшын бергені, көмектескені үшін ешкім ақы сұрамайды. Бірақ шаруаны істеткен адам «келі түбі» деп, «қол үздік» деп тиісті сыбағасын немесе сол еңбегіне қарай (аз болса да) бірдеңе береді, бос қалдырмайды. Соның бірі – соғым сойысқандарға берілетін «қолкесер». Яғни соғым сойған адамға тиісті мүшелерін салып ет береді. Соғым сою да қазақ үшін берекелі, елеулі күндердің бірі. Соғым етінен алғаш рет қуырдақ қуырылады. Бұл – соғымның дәстүрі.

«Қазық майлау» (салт). Көктемде мал төлдеп, ол аяқтанған соң желі тартылып, бұзау, құлын байланып, қозы-лақ көгенделіп, мал сауу басталады. Осы кезде мал иелері желі басына келіп, ел тоқ болсын», «ақ мол болсын», «мал басы көбейе берсін» деген тілекпен ырымдап төл ноқтасы мен бұршағына, қазығына май жағып, ақ құяды. Мұндай ырымдар жылқыда «бие бау», басқа малда «қазық майлау» деп аталады. Ақсақалдар бата береді.   

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 834 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: