16:29 Әлеуметтің әлегі | |
ШАШТАРАЗҒА ЗӘРУЛІК Бесқарағай ауылында тұрмыстық үйдің жабылғаны қашан. Содан бері қарапайым тұрғындарға әлеуметтік қызмет көрсету: шаштараз, аяқ киім жөндеу, тұрмыстық техниканы оңдау – жүйеге қойылмады. Халық саны күрт азайып кеткеніне қарамастан, әсіресе шаштаразға деген зәрулік қатты сезіледі. Шаш қою үлгісі саябырсығанмен, мектепке дейінгі һәм мектеп жасындағы ұл балаларға жеңіл тиіп жатқан жоқ. Шаштары өсіп кеткен балалар берісі он екі шақырым қашықтықта жатқан аудан орталығы Аққуға, арысы аймақ орталығы Павлодар шаһарына баруға мәжбүр. Астында көлігі барларға жеңіл. Ал ондай ұзынды-қысқалы мекенге өздігінен барып келуге мүмкіндігі шектеулілерге тіптен оңай емес. Айталық, аудан орталығы мен ауыл арасындағы жолға кем дегенде 400 теңге, ал қала мен ауыл арасындағы жолға кем дегенде 1500 теңге қаражат керек, оның үстіне өсіп кеткен шашты қысқартуға ең азы 600-800 теңге аралығындағы ақша қажет. Қисынға салмай-ақ көрініп тұр, жанұяның бюджетіне айтарлықтай салмақ. Егер қарапайым шаштараз ауылда болғанда, шынымен-ақ жеңіл болар еді ауыл тұрғындарына. Қайсыбір баланың отағасы баласының шашын өздері алып беруге мәжбүр. Қыз-бойжеткендер де, келін-бәйбішелер де шаш үлгісін сыртқа сапар шекпей-ақ, ауылда жүріп талғамына қарай түзеуден кет әрі емес. Ұзын сөздің тоқ етері сол – ауылға жатпай-тұрмай өз ісін жақсы білетін шаштараз керек. Мемлекеттік деңгейдегі әлеуметтік бағдарламалар арқылы осынау мәселені шешуге болатын шығар. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |