16:28 Әлеуметтің әлегі | |
БҰЗЫЛҒАН ҚИРАНДЫЛАР Бесқарағайдың ауыл болғаны бүгін емес. Тарихқа көз жүгіртсек, келесі жылы сексен бес жылдың жүзіне айналады екен. Барсакелмеске кеткен Кеңес Одағы кезінде атақты солтүстік меринос асыл тұқымды қой өсірумен даңқы артып, атағы абыройланған кеңшарлы ауылдың халық саны әжептәуір азайып, тігінен-көлденең орын тепкен көшелерінің келбет-сымбаты сиреп қалды. Дейтұрғанмен жалғыз елді мекеннің Қызылағаш ауылдық округі деген зор құзыры бар. Таңын таңға соғып, өз тірлік-тіршілігін кешуде. Ішке келгеннен гөрі, сыртқа қоныс аударып жатқандардың үлес салмағы басым. Ауыл әкімі жыл сайын беретін тұрғындар алдындағы есебіндегі сандар осыны айғақтайды. Көшіп кеткен тұрғындар үй-қоныстарын көбіне сатып кетеді. Ал сатып алғандар ертеде қамыстан, құралмалы тақтайдан бой көтерген үйлерді бұзып алады. Бұзғанда іске жарамды тақтай-ағашын, шатырын бұзып алады да, қамысы ырсиып қалған қабырғаларын сол күйінде қалдырып кетеді. Ал ол кезегінде ауылдың ажарына күндіз селкеу түсірсе, түнде өткен-кеткеннің үрейін алады. Ол ол ма, көңілі әрдайым далада болатын ойын баласына айтарлықтай қауіп төндіреді. Әсіресе үш ай бойы демалыстың қызығын көретін мектеп жасындағы балалар «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» табылмаған кезде бұзылған қирандылардың шынайы «қожайындарына» айналады. Жазғы аптапта бейсауат жүрген жылқы, бұзау дегендерін көлеңкелеп, осы бұзылған қирандыларды паналайды. Топтанып жүретін иттердің де төңіректейтін тұсы да сонда. Жергілікті атқарушы билік үйлерді сатып алған қожайындардан бұзылған қирандылардың орнын тазартуды талап етеді. Учаскелік полиция да бұл мәселені шешу жолында аянып қалмауда. Дегенмен істің ілгерілейтін түрі байқалмайды. Үй иелері де марғаулық танытып жүр. Десе де осынау көкейкесті тығырықтан шығудың жолы табылады деген үкілік үміт әлі де бар. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |