16:26
Әлеуметтің әлегі

ҚҰЖАТТАНДЫРУ МАШАҚАТЫ

Лебяжі ауданына қарасты Бесқарағай ауылында осымен он бірінші жыл өмір сүріп отырған Тиссен Елена Анатольевна есімді жалғыз басты тұрғын бар. Соған қарамастан «Қазақстан Республикасы азаматы» екенін жеке басын куәландыратын төлқұжаты болмағандықтан, қатарда бар, санда жоқтың тауқыметін тартып келеді.

Қырық үш жыл бұрын Май ауданына қарасты Көктөбе елді мекенінде дүниеге келген Елена тағдырдың жазуымен 2000 – 2005 ж.ж. аралығында Ресей Федерациясы Новосібір облысы Қарасу ауданы Анисимовка ауылында тұрып, көрші елдің тең құқылы азаматы атаныпты. Бірақ жанұялық жағдайымен 2005 жылы Қазақстанға оралып, Бесқарағай ауылында тұрақтапты.

Ресей жерінде өмір сүрген кезде 2001 жылы Қарасу ауданында Галина есімді, ал 2003 жылы Новосібір қаласында Ольга есімді қыздарын дүниеге әкеліпті. Демек, қос бірдей қызына ресейлік үлгідегі туу туралы куәліктер алды.

Қазақстанға келгеніне бақандай он бір жыл болғанына қарамастан, не өзі, не қыздары қазақстандық үлгідегі жеке бастарын куәландыратын құжаттардан қағылып отыр.

Онсыз да тірліктің тауқыметін тартып жүрген жанұяға бұл дегініміз – нағыз теперіш, зілдей машақат. Азаматтығын айқындайтын жеке құжаты болмағандықтан байғұс анаға тұрақты жұмысқа орналасу қиынға соғуда, кәдімгідей қолбайлау. Не жалғыз басты ана болып, балаларға деген жәрдемақыдан да қағылғаны қашан. Үлкен қызы, Құдай қаласа, келесі жылы кәмелет жасқа толып, жеке куәлік алу құқығына ие болады. Ал оның қолында қазақстандық үлгідегі туу туралы кәулік жоқ. Оның үстіне негізгі мектепті тәмамдағаннан соң, Галина арнайы оқу орнына түсуге ниеттеніп отыр. Ізін басып келе жатқан сіңлісінің де жағдайы тап сондай. Оқулары жақсы, тәрбиесі тәуір балалардың не жазығы бар?!

Елена Анатольевнаның айтуына қарағанда, осынау мәселенің тығырыққа тірелгені қаш-ш-шан! Жергілікті атқарушы билік және аудандық тұрғындарға қызмет көрсету орталығы арасында ортақтасқан мардымды әрекеттер де тығырықтан жол таба алмай сандалуда. Әлеуметтік жағынан қолы қысқа ананың өз бетінше Ресейге барып-келуге жағдайы жоқ. Өзі де қос қарашығындай қыздарының болашағына алаңдаулы. Тағдырдың тепкісін бастарынан аз кешпеген ана мен қыздары әжесінің жалғыз зейнетақысына қарап отыр.

Қазіргі ақпараттық-коммуникациялық технология көз ілеспес шапшаңдықпен дамып отырған заманда көрші ұрған елдер арасындағы құжаттар алмасу сондай қиын емес шығар. Көші-қон істерімен айналысатын құзырлы органдар да осынау тығырықтан шығуға жәрдемдессе деген қарапайым үміттің оты маздайды.      

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 623 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: