16:22 Әлеуметтің әлегі | |
ЖОЛ МӘДЕНИЕТІ Ғұмырында жолда жүрмейтін, жолға шықпайтын адам жоқтың қасы шығар. Алыс-жақын жерлерге, әуе һәм суды айтпағанда, темір не тас жолмен барып-қайту – қашаннан қалыптасқан заңдылық, тәртіп. Пойызбен болсын, автобуспен болсын, көлемі түрліше келетін басқа да авто һәм мото көлікпен болсын, тіпті велосипедпен болсын діттеген мекенімізге жетеміз. Айтпағым – осынау сапарлардағы жол мәдениеті. Жайшылықта түкке де тұрмайтын әңгіме болып көрінетін жол мәдениеті, анығында, әрбірімізді бей-жай қалдырмауы тиіс. Жолда жүрген жолаушының көзі сол жол бойындағы жиекке бірден түседі. Көлік терезесінен қараған қос жанарға бей-берекетсіз шашылып жатқан кезейін-шыны-қаңылтыр бос құтылар, кептірілген нан не картоптың түрлі-түсті орамалары, темекінің бос қорапшалары, полиэтилен пакеттер бірден ұшырайды. Сол сияқты қайсыбіреулер жол үстінде құтты жеріне қондырған сыраның бір емес, бірнеше құтысын тас жолдың дәл шетіне қалдырып жүре беретіні тағы бар. Әлбетте, сырт көз – сыншы. Жол бойында бей-берекетсіз шашылып жатқан қоқыс айналаның көркін бұзумен бірге қоршаған ортаға экологиялық қауіп төндірері де жасырын емес. Күн көзінде жарқ-жұрқ ететін бұндай қоқыс атаулы жуық арада өзінен-өзі ғайып болып кетпейді. Есесіне жатқанның үстіне жата береді ұзағынан. Көпке топырақ шашудан адамын. Дегенмен көзге қораш көрінетін ондай-ондай жол бойлары, өкінішке орай, кездеседі. Бұл тығырықтан шығудың бірден-бір жолы – жолдың сол қашықтық аралығы бекітілген әкімшілік аумаққа жауапты жергілікті басқармаға тазалауды жүктеу һәм тазалық рейдтерін жүргізіп, оның орындалуын құзырлы органдардың бақылауы, жол жиегінде қоқыс салуға арналған орындар дайындау, тазалықты сақтауға үгіттеу. Сонда ғана жол бойындағы мәдениет көкейкесті болудан өздігінен қалады. Ал көлік жүргізушілер һәм жолаушылар өз кезегінде жол бойын ластаудан азаматтық тұрғыдан аулақ болуы керек. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |