13:25 Лебяжі ауданының құрылғанына - 75 жыл! | |
ҚЫЗЫЛЫАҒАШҚА ҚАРАСТЫ МЕКЕНДЕР ЖАҒЫРАПИЯСЫ Лебяжі ауданына қарасты Қызылағаш ауылдық округіне қарасты елді мекендер кезінде әлеуметтік-экономикалық әлеуеті қажырлы еңбек арқылы әуелеген еді. Әсіресе асыл тұқымды биязы жүнді солтүстік меринос қойын өсіруде, ірі қара мал өсіруде абыройы асқақтаған еді. Бұл мекендерде әжептәуір халық тәп-тәуір тірлік-тіршілігін дөңгелентіп отырды. Қазіргі кезде ауылдық округ орталығы Бесқарағай ауылынан, «шықпа, жаным, шықпамен» жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған Босбос (Подпуск) бөлімшесінен басқасының жел гулеген, қанбақ кезген бос орындары қалды. Дегенмен Қызылағашқа қарасты мекендер жағырапиясының шаңын бір қағуды жөн санадым. Ескерте кететін бір жайт – жан-жақтан жинақталған мәліметтер болғандықтан, кейбір сәйкессіздіктер орын алуы мүмкін, сондықтан алдын-ала кешірім сұраймын.
Қызылағаш ауылдық округі 1939 жылы құрылды. Оған Бесқарағай және Босбос (Подпуск) ауылдары кірді. Жалпы тұрғын халқының саны 1381 адамды құрады (1999). Бесқарағайдың тарихи атауы – Шұңқыр су, сондай-ақ бертінге дейін Көкүй деген қосарлы атпен аталып келді. Мұнда Ресейден қоңыс аударған Серемин деген бай Қазан төңкерісіне дейін қой ұстаған. Осы отардың және Голощекин атындағы ұжымшар отарының негізінде 1932 жылы кеңшар ұйымдасты. «Бесқарағай» асыл тұқымды қой зауытының үш шопаны – Жанпейіс Сыздықов, Балғабай Оспанов, Жұмабек Жанғожин – Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Бесқарағай аймағы өзінің әсем табиғатымен, жануарлар дүниесінің сан-алуандығымен көз тартады. Оның тоғайында қалампыр, долана, қарақат тәрізді жеміс-жидектер мен шипалы шөптер қалың. Қараләйлек, кіші ақтырна, әупілдек, жылқышы құс тәрізді құстар мекендейді, қызыл балық қыстап, уылдырық шашады.
Босбос (Подпуск) – Лебяжі ауданындағы көне елді мекендердің бірі. Ол Сібір шекара жүйелерінің әскербасы генерал-майор Киндерманның жарлығымен Ертіс әскери линиясындағы редут ретінде 1745 жылы салынған. 1838 жылы Сібір казак әскері Семияр станицасының казак поселкесі болып өзгертілген. «В 28 верстах от Лебяжьего отдаляются бугры от Иртыша и придешь опять в низкую совершенно соленную и иловатую равнину, в которой в шести верстах увидишь Подпускную станицу с развалившимся деревянным укреплением и восемью домами», - деп жазады Петр Симон Паллас 1770 жылмен белгіленген жолжазбаларында. Босбос ХХ ғасырдың 20-жылдарында контрреволюциялық бүліктердің тірек пункттерінің бірі болды. Кеңес жылдары мұнда аудандағы тұңғыш жергілікті өнеркәсіп артелі ұйымдастырылды. Соқыр Омар (Темірғалыұлы) осы Босбос тұсында қолға түсіп, қызылдардың қолынан қаза тапты. Босбос тұсынан палеонтологтар оңтүстік пілінің, Стенон жылқысының, Шлоссер түйесінің, эласмотерия мүйізтұмсығының, тағы басқа көне дәуір жануарларының қаңқасын тапты.
Байқадам – бұрынғы ауылдық елді мекен. Кезінде Қызылағаш ауылдық округі «Бесқарағай» асыл тұқымды қой зауытының мал жайылатын жері болған. Ауылдық округ орталығы Бесқарағай елді мекенінен 3 шақырымдық қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 60 адам (1970 жылы) болған. Елді мекен анропонимнен туындаған, атауын Байқадам қонысынан алған. Батпақөткел – бұрынғы ауылдық елді мекен. Кезінде Қызылағаш ауылдық округі «Бесқарағай» асыл тұқымды қой зауытының мал жайылатын жері болған. Ауылдық округ орталығы Бесқарағай елді мекенінен 28 шақырымдық қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 11 адам (1970) болған. Батпақөткел – «батпақты өткел (өту)» мағынада айтылады. Қадыр – бұрынғы ауылдық елді мекен. Кезінде Қызылағаш ауылдық округінің «Бесқарағай» асыл тұқымды қой зауытының мал жайылатын жері болған. Ауылдық округ орталығы Бесқарағай елді мекенінен 2 шақырымдық қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 26 адам (1970 жылы) болған. Елді мекен ер адамның есімі, антропоним Қадыр қонысы атауымен аталған.
Қалша – бұрынғы ауылдық елді мекен. Кезіндегі Қызылағаш ауылдық округінің қонысы. Бесқарағай елді мекенінен 19 шақырымдық қашықтықта орналасқан. Халқының саны 28 адам (1970 жылы) болған. Қалша көліне – «кішкене (көлемі бойынша шағын) көлге» байланысты аталған.
Ағашүй – Лебяжі ауданындағы бұрынғы ауылдық елді мекен. Кезінде Қызылағаш ауылдық округінің Бесқарағай елді мекенінен 20 шақырымдық қашықтықта орналасқан ауыл атауы. Халық саны 15 адам (1970 жылы) болған. Ағашүй – тура мағынада – «ағаштан жасалған үй». Жаңабаза – бұрынғы ауылдық елді мекен. Кезінде Қызылағаш ауылдық округінің «Бесқарағай» асыл тұқымды қой зауытының мал жайылатын жері болған. Ауылдық округ орталығы Бесқарағай елді мекенінен 23 шақырымдық қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 6 адам (1970 жылы) болған. Мал ұстау үшін жаңа базалар салғаны елді мекеннің атауында көрініс тапты. Киров – Лебяжі ауданындағы бұрынғы ауылдық елді мекен. Қызылағаш ауылдық округінің шалғай учаскесі. Бесқарағай елді мекенінен 20 шақырымдық қашықтықта орналасқан. Халқының саны 53 адам (1970 жылы) болған. Елді мекен Кеңес Үкіметі қайраткері С.М.Киров (Костриков) (1886-1934) құрметіне байланысты аталған. Киров тегі грек тілінен аударғанда – «қожайын, ие» дегенді білдіретін Кир есімінен өрбіген.
Малсоры – бұрынғы ауылдық кеңесіндегі «Бесқарағай» кеңшарының бөлімшесі. Бесқарағай елді мекенінен 15 шақырымдық қашықтықта орналасқан. Халқының саны 16 адам (1970 жылы) болған. Малсоры – «батпақтанған сортаңда жайылып жүрген малы бар қоныс».
Тегістік – бұрынғы ауылдық елді мекен. Кезінде Қызылағаш ауылдық округінің «Бесқарағай» асыл тұқымды қой зауытының бөлімшесі болған. Ауылдық округ орталығы Бесқарағай елді мекенінен 25 шақырымдық қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 72 адам (1970 жылы) болған. Елді мекен «Тегістік» ұжымшарының атауымен аталған. Бұл 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін пайда болған және «өмірдің жаңаруын» бейнелейтін идеологиялық атаулардың бірі.
Тереңқұдық – бұрынғы ауылдық елді мекен. Кезінде Қызылағаш ауылдық округінің «Бесқарағай» асыл тұқымды қой зауытының бөлімшесі болған. Ауылдық округ орталығы Бесқарағай елді мекенінен 7 шақырымдық қашықтықта орналасқан. Тереңқұдық дәлме-дәл «терең құдық» дегенді білдіреді.
құрастырған Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i] Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы [i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет | |
|
Всего комментариев: 1 | ||
| ||