16:36 Лебяжі аудандық "Аққу үні - Вести Акку" газетіне - 75 жыл! | |
АТЫНА ЛАЙЫҚ ЗАТЫ Осыдан 75 жыл бұрын, 1940 жылы, оқырманына жол тартқан Лебяжі аудандық «Аққу үні – Вести Акку» газеті осынау ақсақал болатын мерейлі жасқа жетті биыл. Бүкіл ауданның апта сайынғы өмірінен бірегей ақпарат беріп отырған бұқаралық ақпарат құралы үшін бұл дегенің аз жас емес әлбетте. Аталмыш басылымның басынан нелер келіп, нелер кетпеді. Соған қарамастан өз беделін бір елі де төмендеткен емес. Керісіңше, жағадан алғандарға жауап бере білді, етектен шалғандарға айтар уәжі тегеурінді болды. Осынау мерейге жетіп отырған газет редакциясы жуырда аудан әкімшілігінің, республикалық, аймақтық, басқа да аудандық бұқаралық ақпарат құралдарының құрмет-қошеметіне бөленді. Бойына үш тағанды салтанат жинаған кәдімгі той түрінде шарықтады. Алдымен Лебяжі аудандық әкімшілігінің мәжіліс залында облыстық бас редакторлар клубының пленарлық бөлімі өтті. Отырысты бас редакторлар клубының белді мүшесі Ю.Поминов тізгіндеді. Өз сөзінде журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен, мүйізі қарағайдай қаламгер Юрий Дмитриевич аудандық басылымды осынау мерейімен шын жүректен құттықтап, аудан тарихында алатын орнын нақты дәлелдермен ерекшеледі. Пленарлық бөлімге қатысқан аудан әкімі С.Жанғазинов алыс-жақыннан келген меймандар назарына ауданда жүзеге асып отырған келелі жұмыстар хақында бірқыдыру тұщымды есеп жасап, аудандық газеттің редакциясына шығармашылық табыс тілеп, басылымның өркендеуіне қашанда қол ұшын беруге даярлығын жеткізді. «Аққу үні – Вести Акку» газетіне бас-көз болып отырған қазіргі редакторы А.Бижанова өзінің қысқа да нұсқа баяндамасында газеттің тарихына шолу жасады, басылымды әр кезде басқарған редакторлар шоғырын жылы сөзбен еске алды, апталықтың шығуына бір адамдай ат салысып жүрген редакция ұжымына, штаттан тыс тілшілерге шексіз ризалығын білдірді. Ауданға қарасты ауылдық округтер әкімдері атынан сөз алған Ямышев ауылық округінің әкімі Т.Көбайдаров та құттықтаудың майын тамызып, редакцияға қос аққу сомдалған естелік бұйымды ілтипатпен сыйға тартты. Соңғы он жылдың көлемінде газетпен етене байланыс жасап жүрген штаттан тыс тілші Б.Ибрагим мерейлі жасқа толған аудандық газетке ауылдың алты ауызындай «Асыл басылым» атты төл арнауын мінберден оқып, өзінің құрметін осылайша білдірді. Аудандық Мәдениет үйінде өткен салтанатты бөлімде газеттің редакторы А.Бижановаға және редактордың орынбасары С.Кәрімге Павлодар облысы әкімінің алғыс хатын аудан әкімі С.Жанғазинов табыс етті. Сондай-ақ аудандық «Аққу үні – Вести Акку» газетін шығаруда тер төгіп, адал да абыройлы қызмет жасап жүрген редакцияның барлық дерлік мүшесі облыстық, аудандық көлемдегі Алғыс хаттармен, дипломдармен, естелік сыйлықтармен марапатталды. Сахна төріне шығып, құттықтағандар қатарында Лебяжі ауданы әкімі С.Жанғазинов, Лебяжі аудандық мәслихатының хатшысы Қ.Әлтаев, «Нұр Отан» партиясы Лебяжі аудандық филиалы төрағасының орынбасары С.Мусинова, «Аққу үні – Вести Акку» ЖШС кәсіподан төрайымы Б.Тастамбекова, жалпы ұлттық «Казахстанская правда» газетінің Павлодар облысы бойынша меншікті тілшісі С.Горбунов, республикалық «Хабар» телеарнасының тілшісі Е.Әбіш, облыс орталығындағы «Дом печати» директоры Е.Писаревская, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті журналистика кафедрасыынң меңгерушісі Қ.Алдабергенов, облыстық «Регион KZ» газетінің редакторы Р.Мұстафина, аймаққа қарасты басқа аудандық газеттердің редакторлары болды. Ал өз алдына құттықтау айтқан Ю.Поминов облыстық бас редакторлар клубы атынан бір қабат рухани азық болатын кітаптарды, көлемді суретті редакцияға тарту етті. Мәдениет үйінің көркем өнерпаздары концерттік бағдарлама көрсетіп, мерейгерлік салтанатты нәрлі өнермен әрледі. Концерттен қанаттанып шыққан қонақтар аудан орталығындағы Невель көшесіне, «Айналайын» балабақшасына, Абай мүсініне, Ә.Баймолдин және С.Қалиев мүсіндеріне, Ғабдул Уахит хазірет мешітіне саяхат жасады. Қазақы үлгіде жайылған дәм-тұзды дастарқан басында да жүректен шыққан жылы-жылы тілектер, «құлақтан кіріп, бойды алар жақсы әндер» толқыны толастаған жоқ. Асылында, жетпіс бес жасқа толып отырған Лебяжі аудандық «Аққу үні – Вести Акку» газетінің бағындырар белестері һәм алар асулары әлі алда. Ылайым солай болғай! Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Аққу ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |