22:08
Латын әліпбиіне көшу көкжиегінде

АЛҒАШҚЫ ҚАРЛЫҒАШТАР 

Қазіргі таңда кең-байтақ еліміздің қалалық-ауылдық елді мекендерінде талқыланып-талданып һәм үйреніп-үйретілімнің алғашқы қадамдарын жасап жүрген латын әліпбиіне көшу бағытындағы іс-шаралар Елбасы және Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың ұстанған салиқалы саясатын жүзеге асырудың бірден-бір айқындамасы ғой. Осынау игілікке мейілінше толы бастамаға Кереку өңірі де телегей теңізге тамшыдай-ақ үлесін қосуда.

Жуырда Павлодар қаласындағы облыстық «Ана тілі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің оқыту-әдістемелік орталығында Павлодар қалалық білім беру басқармасының тапсырысымен қала мектептерінің мұғалімдеріне арналған латын қарпі негізіндегі қазақ әліпбиіне көшу курсы тәмамдалды.

Анықтама үшін айта кетерлік бір жайт, биылғы оқу жылынан бастап Павлодар қаласындағы №1, 2, 7, 12, 19, 22, 25, 35, 37, 11, 42 жалпы орта білім беретін мектептерінде латын әліпбиіне көшу бойынша арнайы курс үлгісіндегі факультативтік сабақтар кіргізілді.

Курс кезінде тыңдаушыларға тіл жанашыры һәм білікті әдіскер, орталық директоры Ш.Д.Кинжикова оқу бағдарламасын, әдістемелік құралдарды, оқулық-кітаптар таратып қана қоймай, жаңа технологиялар арқылы латын қарпі негізінде құрастырылған тапсырмалар мен әдістемелік жаттығуларды асқан абыроймен орындатты. Айталық, сабақ барысын айтарлықтай қызықтыру үшін тиімді түрде түзілген алуан-алуан әдіс-тәсілдерді орынды қолдануға бағыттады. Курстың бір сабағына тіпті филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Сағындықұлы арнайы қатысып, бұл бағыттағы келелі мәселелерді ортаға салды.

Кез келген бастаманың нәтижелі түйіндемесі болатыны айдан анық. Курс соңында сертификатталған мұғалімдердің арасында алма-кезек тәжірибемен бөлісу бағытында аймақтық «Ана тілі» орталығында Павлодар қаласының №22 және №1 жалпы орта білім беретін мектептерінің мұғалімдері Б.Момышұлы атындағы №22 жалпы орта білім беретін мектебінің 5-сынып оқушыларымен латын әліпбиіне көшу бойынша «Отбасы» тақырыбында ашық сабақ ұйымдастырылды. Сабақты латын қарпі негізіндегі қазақ әліпбиі біліктілік арттыру курсынан өткен, Б.Момышұлы атындағы №22 жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Ж.А.Мыңғышева өткізді. Оқушылардың бір жарым ай мерзім аралығында латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиінде жаза білу һәм оқи алуын қаншалықты меңгергенін байқау аталмыш сабақтың басты мақсаты болып табылды. Жанар Амангелдіқызы сабақ барысында жүзеге асырған тиімді әдіс-тәсілдер арқылы, әсіресе «Батл», «Сөзден маржан теру» белсенді әдістері оқушылардың қызығушылығын мейілінше арттырды. Оқушылар латын қарпі негізінде қазақ тілінде жазуға үйренгендерін, оқи алатындықтарын барынша көрсете білу жолында барын салып, аянып қалмады. Кей белсенділер ұтымды ойларын ортаға салуымен, креативті идеялармен бөлісумен көзге түсе алды. Сонымен бірге ашық сабаққа латын әліпбиіне көшу курстарынан өткен қала мектептерінің мұғалімдері шақырылды.

Сабақты қорытындылаған Шолпан Духтурбайқызы: «Әдіскер ретінде айтарым, егер курс бір түйіндемесімен аяқталмаса, ол іс оңға баспас дегім келеді. Осы себептен мұғалімдер «тест-сабағын» өткізуде. Мұғалімдер өткізген сабақ латын қарпінің өміріміздің дамуына қосқан үлесі деп білемін. Алдымызда үлкен іс тұр, бәріміз сол істі жүзеге асыруға қатысуымыз қажет. Ұлы Сократтың айтуы бар: «Барлық мамандықтар – адамнан. Тек үшеуі ғана Алладан. Ол – ұстаз, сот және дәрігер. Шынында да, ұстаз болу – мәртебе, өмірлік қағида. Әр қадамдарыңыз оң болсын!». Ашық сабаққа қатысқан Б.Момышұлы атындағы №22 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Таңат Әлихан: «Алдымен айтылым кезінде, кейіннен жазылымда шағын сөйлемдермен жұмыс жасағанда «Батл» ойыны маған ұнады. Бұл тапсырмаларды орындау сондай қиын болған жоқ, өйткені оқу жылынан бастап жақсы ынтамен латын қарпінен факультативтік сабақтарға қатысып жүрмін», - десе, сабақты қорытындылаған №35 жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі Нәжім Мейірімхан: «Сабақта оқушылар жаңа әліпби үлгісінде ауызша және жазбаша икем-дағдыларын көрсете білді. Тиімді әдіс-тәсілдер мен стратегияларды орынды қолдана білгенде қазақ тілінің латын әліпбиінде оқытылуы сәтті өтетініне көзімізді жеткіздік», - деді.

Зерделесек, латын әліпбиіне көшу бойынша облыстық «Ана тілі» орталығы ұйымдастырып өткізген біліктілік арттыру курстарынан өткен қала мұғалімдері мен қорытынды түрде өткізілген пилоттық ашық сабақ жаңаша бастаманың кең құлаштана игерілуіне екпінді түрткі болары тайға таңба басқандай. Алғашқы қарлығаштардың самғауы ұзақ болсын.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Павлодар қаласы

 

Просмотров: 511 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: