13:31
Әкім бол, халқыңа жақын бол

АУДАН ӘКІМІ ЕСЕБІН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Лебяжі ауданы әкімі А.А.Құрманова жақында аудан орталығындағы Мәдениет үйінде тұрғындар алдында 2013 жылы атқарылған істер һәм биылғы жылға жоспарланып отырған басым әлеуметтік-экономикалық бағыттар жайында дәстүрге айналған есептік қорытындысын жасады. Ақпанның ортасына тән емес саршұнақ аязды күннің суық райына қарамастан ауданға қарасты елді мекендерден және Аққудың өзінен шақырылған адамдар көрермендер залын мейілінше толтырды. Қорытынды есеп жиыны басталмай тұрып, Лебяжі ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында қысқа да нұсқа деректі бейнефильм көрсетілді.

Сахна төрінде орын тепкен төралқада Айзада Амангелдіқызынан басқа Павлодар облысы әкімінің орынбасары Ә.А.Өрісәриев және Лебяжі аудандық маслихатының хатшысы Қ.М.Әлтаев жайғасты.

Есептік жиында күн тәртібіне шығарылған екі тақырып қарастырылды: аудан әкімінің есебі және осы жылдың 19 ақпанына жоспарланып отырған аймақ басшысы Қ.А.Бозымбаевтың есептік кездесуіне аудан делегаттарын сайлау.

Мінберден сөз алған Айзада Амангелдіқызы өз есебінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының әрбір саласына жекелей тоқталып, атқарылған жұмыстарды көрсеткіштер арқылы сөйлетті. Ал қол жеткен нәтижелер өз алдына қомақты. Мемлекеттік тілде жасалған есепте осы жылға жоспарланып отырған маңызды мәселелер төңірегі де рет-ретімен тізбеленді. Ауылдарда ауыз суды сапаландыру, кей мектепті күрделі жөндеуден өткізу, экономиканы тіктеуге бағытталған инвестициялар тарту, жұмыспен қамту, малды малдай, жерді жердей бағып-қағу, жастардың бағын жағу, т.с.с.

Жарыссөздерде қорытынды есепті ұйып тыңдап отырған азаматтар тарапынан бірнеше келелі сұрақ-сауалдар ортаға салында. Айталық, өрт сөндіру бірліктерінің Қазы ауылына шоғырлануы, Қарақала ауылына қарасты шабындықтардағы шабылған мол шөптің өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатымен уақытылы шығарылуы, ауылдардағы ересектерге арналған спортты керекті құрал-жабдықтармен қамту, ауданның және Ленин, Зор-Октябрь мектептерінің қазіргі атауларын қазақшаға ауыстыру, аудан жастарына сауатты саяси-танымдық насихат жұмыстарын жүргізу, аудан орталығындағы орталық аурухана мен шалғай жатқан ауылдардағы дәрігерлік амбулаторияларды аса қажетті техника және арнайы емдік құрал-құрылғылармен жабдықтау, қарастырылатын қаражат есебінен Елордасы Астанаға әлеуметтік жағдайлары қысқалау жанұялар балаларын қыдырту және тағы басқа, тағы сол сияқты бағыттар тілге тиек етілді.

 Аймақ басшысының орынбасары Әрін Амангелдіұлына сөз кезегі келгенде, есептік кездесудің барысына жаңашылдық реңк кірді, себебі облыстан келген өкіл жиналған қауыммен сұрақ-жауап түріндегі әдісті мейілінше қолданды. Қолында Лебяжі ауданының былтырғы көрсеткіштері бар қалың мәліметтермен қаруланған ол әлеуметтік-экономикалық маңызы бар әр сала бойынша көкейкесті мәселелерге тоқталып, соған тікелей я жанама түрде жауапты лауазымды қызметкерлерден сұхбат үлгідегі жариялы жауап алды. Айталық, аудандық білім бөлімі басшысы мектепке дейінгі оқу орындарының хал-ахуалы, мектеп түлектерінің ҰБТ-дағы көрсеткіштерін еселету амалдары жайын егжей-тегжейлі айқындаса, аудан әкімінің орынбасары бірнеше бағыт бойынша қойылған сұрақтарға жауап беруге мәжбүр болды. Әрін Амангелдіұлының дәстүрлі емес әңгімесінің ықпалымен басқа да бөлім басшыларына, әкім-қараларға аудан әкімі Айзада Амангелдіқызы тікелей тапсырмаларды сол жерде жүктеді. Ауылдардың экономикалық әлеуетін тиімді жобалар арқылы дамытудың тетіктері де жан-жақты қарастырылды. Қайсыбіреулер аймақ басшысының орынбасарына мазалаған сұрақ-сауалдарын тікелей айтуға мүмкіндік алды. Не керек, көптеген жайттардың тігісі жазылып, шаңы қағылды.

Қорыта айтқанда, Лебяжі ауданы әкімі А.А.Құрманованың абыроймен атқарып жүрген жұмысына лебяжіліктер қанағаттанарлық баға беріп, ризалығын білдірді.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылыі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
Просмотров: 776 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: