23:35
Әкім бол, халқыңа жақын бол

ЕСЕЛІ ЕСЕП. ОРЫНДЫ УӘЖ. МАРДЫМДЫ ЖАУАП.

   Ел билігін жүзеге асыруда соңғы кезде соны өзгерістер орын алып қана қоймай, өз діттеген нәтижелерін беріп те жүр. Бұндай-бұндай қадамдар басқару құрылымының жүйесі оңтайландыру мақсатымен жүзеге асырылуда. Айталық, ағымдағы жылдың тамыз айында маслихаттарда өткізілген аудан-ауыл әкімдерін сайлаудың өзі неге тұрарлық тың бастама болды. Осыдан соң әкімдердің халық алдында есеп беруі жылына екі рет өткізуге бет бұрды. Жақында Бесқарағай ауылы тұрғындары алдында Қызылағаш ауылдық округі әкімі міндетін атқарушы Ж.Ш.Байтілеуова осынау лауазымдағы алғашқы есебін жасады.

Бұл қоғамдық шараға Павлодар облысы әкімінің бас инспекторы Қ.Қ.Зайыр, Лебяжі аудандық маслихатының хатшысы Қ.М.Әлтаев қатысты. Жанат Шоқанқызы өз есебінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалына барынша тоқталып, статистикалық мәліметтеріндегі сандарды сөйлетті. Еселенген жұмыс нәтижесімен еленді. Қол жеткен жетістіктер паш етілді. Кешеуілдеп қалған азын-аулақ кемшіліктер ескерілді. Сонымен қатар жауабы түйшектеліп-түйінделіп кеткен сақалды мәселелерге тоқталып, шаңын бір қақты. Сондағысы, апатты жағдайда әлдеқашан тұрып, өз жаңғыруын күте-күте тұралаған Мәдениет үйі, күрделі жөндеуді сондай күтіп тұрған Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің ғимараты, жүре-жүре жүдеген, жаза-жаза жауыр болған Бесқарағай мен аудан орталығы Аққу арасындағы он бір шақырымдық тас жол қызыл тілге келелі тиек болды.

Жиынға келген ауыл тұрғындары сәті келгенде әлеуметтік мәселелердің бірқыдыру тізбегін ашық айтты. Мәселен, ауылдағы зейнеткер ақсақал Е.Құмаров бейнеттеніп өсірген қолдағы ірі қара малды қанағаттанарлық бағаға өткізе алмай жүргенін һәм ауылдағы дәрігерлік амбулаториядағы дәрігерлер санын неліктен қысқартқанын қынжыла жеткізсе, кей ауыл тұрғындары қыр астындағы қаһарлы қыс мезгілінің негізгі отыны тас көмірдің бағасы көз ілеспес жылдамдықпен аспандап-шарықтап бара жатқанына қиналыс білдірді.

Есептік отырысқа арнайы келген аймақ өкілі Қаныш Қайратұлы өз кезегінде ауы тұрғындары көтерген мәселелер төңірегінде салиқалы ойын сабақтап, мардымды жауап беруге барын салды. Негізінен барлық проблемалар жоғары жақта қатаң бақылауда екенін айтты. Жобаларды жүзеге асыруда тек бюджеттен бөлінетін қаржының уақтылы бөлінуінде тежеліс барын ескертті. Оның үстіне аталмыш елді мекен халқы еселенудің орнына кему тенденциясына құлдилауы айтарлықтай бөгет екенін қоса айтты. Маслихат хатшысы Қанат Мыңтайұлы да бесқарағайлықтарды сабырға шақырып, қандай да бір мәселелені шешуде істің анық-қанығына көз жеткізу қажеттігін діттеді. Не керек, барлық жағдай биліктің биік көз алдында. Сондықтан қашан болсын кез келген түйін өз шешімін табады екен.

Осы сарынмен қыстағы мал азығы шөптің айналасындағы күйбең сұрақтың шешімі де майдаланды, ауыл тірлігінің басқа да мәселелері де сүйірленді.

Тұжырымдай келгенде, осы іспеттес есептер үлгісі бұған дейін де сан мәрте өткізілді. Айтылатын әңгіменің мазмұны да сол. Әйтеуір қалыпты жағдай. Тек құлақ құрышын қандыра тыңдайтын һәм көз тігіп үмітпен қарайтын қауымның сәл-пәл өзгергені болмаса.

Негізі осынау есеп жасаудың аясын кеңейтуге болатын сияқты ой туындайды. Айталық, ауылдық округ аппаратына қарасты басқа да әлеуметтік-қоғамдық бөлімдердің қайраткерлігіне де бас сұққан артық болмас па қалай. Сонымен бірге ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына жан-жақты үлес қосып жүрген ауыл белсенділерін аймақтық һәм аудандық лауазымды өкілдер алдында қандай да бір марапаттаумен салтанатты түрде елеп ескерсе нұр үстіне нұр жауар әлбетте.

Ауыл тұрғындары атынан аталы сөз алған құрметті зейнеткер ұстаз Д.А.Ақатаев ауыл әкімінің екі айлық жұмысына оң баға беріп, жаз уақытында мінсіз қызмет атқарған жазғы су беруді, ауыз сумен қамтудың қазіргі жағдайын мақтанышпен әспеттеді.

Асылында, «әкім бол, халқыңа жақын бол» қағидаты басты меже болсын ылайым.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1331 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: