13:39
Әкім бол, халқыңа жақын бол

БҮГІН АРҚЫЛЫ ӨТКЕНГЕ – ҚҰРМЕТПЕН, ЕРТЕҢГЕ – ҮМІТПЕН

Ірілі-шағын елге әкім тұрғысынан бас-көз болу қашаннан оңай шаруа болмағаны аян. Бұл жолдан кімдер өтіп, кімдер және қалмаған. Шабақтайын тұтылған да болды, шортандайын құтылған да бар. Атақты Аяз бидей әлін біле абыройлы іскерлігімен ел құрмет-қошеметіне бөленген де болды. Астындағы тағынан айналшықтап ұзай алмай не атақ-абырой жинай алмай жарты жолда қалғаны да болса, тақтан гөрі халық бағын ту еткен, еңбегімен ерендеген елеулі тұлғалар да болды бұл жалғанда.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз әкімдік жолға түскеніне бір жылдан астам уақытқа айналып отыр. Жастығына қарамастан Қызылағаш ауылдық округін басқару тізгінін жауапкершілікпен алғаннан соң, бойдағы бар күш-қайратын іскерлік таныта салуда. Сұхбатымыздың бүгінгі діңгегі – Балтабаев Еңгілік Нұрғалымұлы.

ü  Еңгілік Нұрғалымұлы, өзіңіз бас-көз болып отырған Қызылағаш ауылдық округі немесе Бесқарағай ауылының қазіргі әлеуеті хақында не айтар едіңіз?

Ø  Бүгінде ауылдық округ көлемінде бір елді мекен – Бесқарағай ауылы бар. Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын ең ірі «Бесқарағай-Әлкей» жауапкершілігі шектеулі серіктестік, оған қоса 5 жеке шаруа қожалығы жұмыс істесе, 12 жеке кәсіпкер тағы бар, ал оларда тұрақты түрде 60 адам еңбек етеді. Шағын кәсіпкерлік саласында 12 адам жұмыс істейді. «Жұмыспен қамту – 2020» Бағдарламасы бойынша 2012 жылы 3 адам білім алып, оның екеуі тұрақты жұмысқа орналасты. Ал 3 адам тиісті құжаттарды жинап, биыл наубайхана ашуға, жолаушыларды тасымалдау көлігін алуға, мал сатып алуға несие алады.

ü  «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының және басқа да мемлекеттік деңгейдегі жұмыстар қандай деңгейде жүзеге асырылуда?

Ø  Жалпы, Қызылағаш ауылдық округінде «Нұр Отан» ХДП бастапқы партиялық ұйымының қатарындағы мүшелер саны 151 адамды құрап отыр. Бір айта кететін жайт, аудан орталығын айтпағанда ауылдар арасында бесқарағайлық нұротандықтар саны жағынан көш бастап келеді. Әрине партияның бағдарламасын іске асыру жөнінде ауыл бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Айталық, Елбасының былтырғы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты Бағдарламасы, одан кейін «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауы, «Жұмыспен қамту – 2020» Бағдарламасы жұмысымызға бағыт көрсетіп, осыған байланысты көптеген шаралар белгіленіп, олардың орындалуы ұдайы қадағаланады. Бір сөзбен айтқанда, партия мүшелері осы болып жатқан оң өзгерістерді қолдап, олардың орындалуына өз үлестерін қосуда.

ü  Қарап отырсақ, халықтың әлеуметтік жағын қорғау һәм оны дамыта әуелету басты назарда. Осы бағыттағы атқарылып отырған жұмыстарға аз-кем тоқталсаңыз.

Ø  Сөз жоқ, халықты әлеуметтік жағынан қорғау – жауапкершілікті талап ететін басты бір міндет. Бүтінді бөлшектей айтсақ, 2012 жылы атаулы әлеуметтік көмек алатындар болған жоқ. Ал әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар балаларға тиесілі жәрдемақы алады. Ауылдағы жалғыз басты жеті егде-қарияларға, екі жасынан мүгедектік қамытын киген балаға, он мүгедек жанға есепте тұрған әлеуметтік қызметкерлер кесте бойынша қызметтерін жауапкершілікпен атқарады. Былтырғы жылы 21 наурыз – 21 сәуір аралығында өткен «Қамқорлық» айлығында әлеуметтік қорғауға мұқтаж жалғыз бастыларға, соғыс-тыл ардагерлеріне, мүгедектерге, зейнеткерлерге – жалпы 175 адамға 464 мың теңге, 17 қыркүйек – 17 қазан аралығындағы осы сыңайлы айлықта 150 адамға 510 мың теңге көлемінде әртүрлі көмек көрсетілді. Міне осынау жұмыстарды жүзеге асыруда да бесқарағайлық нұротандықтар белсенділіктерімен алда болды. Округ бойынша экономикалық белсенді адам саны 384 құрайды, оның ішінде 307-сі жалданып жұмыс істеуші, 62-сі өзін-өзі жұмыспен қамтушы, 15 адам – әл-әзір жұмыссыздар. Ал жыл басынан жаңа жұмыс орынға 5, ал маусымдық жұмыс орындарына 15 адам орналастырылды. Оны аз десеңіз, қоғамдық жұмыстарға 8 адам тағы қабылданды. Сөйтіп, жұмыссыздықтың аясын айтарлықтай тарылттық.

ü  Білім беру саласындағы жағдай турасында не айтасыз?

Ø  Елу жылдықты артқа тастап бара жатқан Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде 2012/2013 оқу жылын 100 оқушы және 6 мектепалды даярлық тобы бүлдіршіндері тәмамдады. Сонымен бірге мектеп жанында 3-5 жастағы 15 балаға арналған шағын орталық тұрақты түрде жұмыс істеуде. Мектепте 34 мұғалім ұстаздықпен айналысады. Соңғы үш жылды оқу ордасына осы мектептің кезіндегі он түлегі жас маман ретінде оралып, еңбек жемісін көруде. Былтыр мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстарына 500 мың теңге бөлініп, толығымен ғимараттың іші-сырты әктелді, сырланды. Дегенмен мектебімізге жатпай-тұрмай күрделі жөндеу ауадай керек-ақ. Бұл бағытта жұмыстар қолға алынуда. Былтырғы жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге 5 оқушы қатысып, орташа ұпаймен 72-ні қаңжығалап, үшеуі грант ұтып, жоғары оқу студенттері атанса, екеуі колледждердің бюджеттік топтарына түсті. Мектеп жанында асхана бар. Барлық мектеп оқушысы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Осы күндері мектеп жанындағы «Балауса» атты балалардың сауықтыру-демалу жазғы лагері жұмысын атқаруда.

ü  Халықтың басты байлығы – денсаулық. Қисыны күрделі бұл бағытта нендей жұмыстар төбе көрсетуде?

Ø  Әуелден ауылымызда фельдшерлік-акушерлік пункт үзбей жұмыс істейді. Онда бірінші санаттағы бір дәрігер, екі медбике халыққа қызмет көрсетеді. Дәрігерлік амбулаторияда екі орындық күндізгі стационар, зертхана, егу кабинеті, дәріхана пункті іске қосулы. Жыл бойы дәрігер 2900 адам қабылдап, ем-дом шараларын сапалы орындады. Күндізгі стационарда 98 адам емделді, бір сырқатқа 8 мың теңгеден қаржы жұмсалды. Маммография тексерісінен 25 әйел өтті. Бір жақсысы – ауру анықталған жоқ. Облыстық автополиклиникасы ауыл тұрғындарына қызмет көрсетті. Ондағы гинеколог, лор, педиатр, окулист, стоматолог, терапевт мамандар 208 адам қабылдады. Сонымен бірге 600 тұрғын флюорографиялық тексеруден өтті. Манту рекациясына 82 бала тексеріліп, тубвиражды үш бала анықталды. Анылғандар өз кезегінде тиіс ем-дом алып, мектеп асханасынан тегін дәруменге толы аспен тамақтанды. Бес бала облыстық туберкулезге қарсы санаторийде емделді. Бір жасқа дейінгі балалар, сонымен қоса аналар үнемі дәрігердің жіті қарауында. Тіл-кһзден сақтасын, балалар өлімі жоқ. Ауыл тұрғындары бірінші қажеттілікті талап ететін дәрілермен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар тегін және жартылай тегін дәрі-дәрмек алу үшін 644 рецепт жазылды.

ü  Бесқарағай – жасыл желекке оранған елді мекен. Осындай ауылда абаттандыру һәм көріктендіру жұмыстары қандай?

Ø  Елді мекенді көріктендіру бойынша 160 түп ағаш, 4 гүлзар жалпы алғанда 700 шаршы метрге отырғызылды. 1000 ағаштың жарамсыз бұтақтары кесіліп, әктелді. Санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде ауылдан 1000 тонна көң-қоқыс шығарылды.

ü  Еңгілік мырза, тамыз айына жоспарланып отырған ауыл әкімдерін сайлауға деген мемлекеттік маңызы орасан шараға көзқарасыңызды білдірсеңіз.

Ø  Менің ойымша, осындай бағыттағы сын әрбір ірілі-шағын елді мекен үшін де, оларды басқаруға бекем бел буған әрбір әкім-қара үшін қай жағынан алсақ та маңызды, себебі айқын стратегиялық тұғырнамасы бар әрі халық қалаулыларының сенімді үдесінен шыққан әкім ғана өзіне зор сеніммен тапсырған халықтың бағын гүлдендірері, ілгерілетері айдан анық. Тек қапы қалмай, аянып қалмаса болғаны.

ü  Аз-кем сұхбатымыздың шымылдығын түрмес бұрын таяу болашақта атқарылар іс-жұмыстар хақында не айтарсыз?

Ø  «Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші біріге атқаратын жұмыстар шаш-етектен. Айталық, жаздың соңынан келетін күзде ауылымызда құрылысы әлдеқашан басталған мешітті тұрғызып, ел игілігіне тапсыру бар. Сонымен қатар наубайхана ашу да басты назарда. Әлеуметтік дәстүр бойынша мал азығын қыс мезгіліне дайындау бойынша шөп шабу, ауылды көріктендіру, бесқарағайлықтардың әлеуметтік жағдайын жақсы болғанның үстіне жақсарта түсу, мектептің ағымдық жөндеу жұмыстарына атсалысу атты науқандық жұмыстар тағы бар.

ü  Еңгілік Нұрғалымұлы, алтын уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін шексіз алғыстан басқа айтарым жоқ. Әкімдік қызметіңіз абыройлы еңбек арқылы өрлей ерлей берсін. Аллаһ жар болсын.

Ø  Көңіл бөлгендеріңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ  Бегімхан  КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1057 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: