20:46 Халықтың тәрбиелік дәстүрлері | |
Көз тию. «Бір тойда диуананың көзі тиіп, кезінде құлыншақтай ол да өлді» (И.Байзақов). қазақтың ұғымы бойынша жақсы адамға, жас балаға, жүйрік атқа, сұлу қызға көз тиеді деген ұғым бар. Ондай адамдарға көзі бар немесе назар керде дейді. «Кісі еді назар керде Кенесарв, көзінің қарағанда өтті зәрі» (Наурызбай – Қаншайым). Ас, тойларда жыққан палуанды, жүйрік атты көзге көп көрсетпейді. Ажары әдемі жас сәбилердің бетіне күйе жағып қоятын да ғұрып бар. Бұл көз күйеге тиеді деген түсініктен шыққан. Біреулер жас келінге, сәбиге сұқтана қараса «көзің тиеді, түкір» деп түкіртіп алатын да ырым бар. Көз тисе сұқ-сұқ – деп, тіл тисе тіфә-тіфә деп немесе біреуді мадақтағанда тіл-аузым тасқа деп ырымдайды. Сүндеттеу. Алты-жеті жасқа толғаннан кейін еркек баланы сүндетке отырғызады. Бұл мұсылман елдерінде ғана емес, басқа діндегі елдерде де бар. Сүндеттеудің денсаулыққа, тазалыққа да пайдасы зор. Баланы сүндеттеу үлкен рәсім. Ол әр ата-ананың борышы. Бұл рәсімнің сүндет тойы деген сияқты жөн-жоралары болады, қайырлы болсын айтылып шашу шашылады. Сүндет міндеті бұрын қожа, молдаларға ғана тапсырылса, қазір оны дәрігерлер де жасай береді. Бұрынғы кезде ауқатты адамдар бала сүндеттегенде үлкен той жасаған. Оны сүндет тойы деп атайды. Қалау. Біреудің жақсы малына, затына, мүлкіне көңілі кеткен адам сол үйге барып, қалау қалайды. Жас баласына лайықты бағалы тарту жасап, қалауын айтады. Оның тартуының бағасы өз қалаған затының бағасымен сәйкес келуі шарт емес. Дәстүр бойынша үй иесі қалаушы адамды қонақасы беріп, қалағанын орындап қайтаруға тиіс. Бұл жомарттық пен мәрттіктің, әрі сыйластықтың белгісі. Тоқым қағар. «Ертең ұлы дүбірге мені аттандырып, тоқым қағарын сен жасарсың» - деді Сәкен (С.Талжанов). жас адам алғаш жолға шыққанда жасалатын дәстүрлі бас қосу. Мұнда арнаулы мал сойылып немесе сыйлы мүшелер салынып етмасылып, кең дастарқан жасалады, ойын-сауық, өлең-жыр айтылады. Бұл сапарға шыққан жігіттің тоқымы жерде қалмасын, ат-көлігі аман келсін деген жақсы тілек білдірудің белгісі. Бата. Ақ тілеудің белгісі – бата. Ол кез келген жерде айтыла бермейтін қасиетті рухани ұғым. Мұның бірнеше түрлері бар.
Бедеуің беліңдегі байлаулы болсын, Қазаның ошақтағы қайнаулы болсын, Есігің ашық болсын, Қабағың жазық болсын, Сонда ағайының кетпес қасыңнан, Жақыныңа бұрмай төрені түзу бер, Сонда қаумалаған халқың кетпес қасыңнан. Мұндай баталар талапты, халықты сүйген ер-азаматтарға ғана берілген.
әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |