23:04 Халықтың тәрбиелік дәстүрлері | |
Кекіл. «Қарағым, айналайын, кекілдім-ай, Көгілдірі аққудың секілім-ай» (халық өлеңі). Жас балалардың шашын тегіс ұстарамен алып тастайды да маңдайына бір шөкім шаш қалдырып, оның жиегін тегістеп қиып қояды. Оны кекіл дейді. Кекіл балаларға жарасымды ажар береді. Кекіл жылқыда да болады. «Кекілін кескен кер атым-ай, Титтейден өскен бекзатым-ай» (халық өлеңі). Айдар. «Тұлымдысын тұл қылды, Айдарлысын құл қылды» («Қобыланды батыр» жыры). Балалардың төбе шашын ұзартып өсіріп, моншақ араластыра өріп қояды.мұны – айдар дейді. Бұрын ел бұл ғұрыпты көп қолданған. Айталық, Кенесарының інісі атақты Наурызбай батырдың ұзын айдары болған. Балаға Айдар деп те ат қойылады, ол осыдан шыққан. Бұл ғұрып ер балаға жасалады. Сәбилерге шаш орнына кекіл, тұлым да қойылады. Мойнына бұршақ салу. «Ұлы Қорамсадан көпке шейін бала болмаған соң, Жарқынбай бәйбішесі тоғыз қызымен көгеннің бұршағын мойнына салып, Тәңірден немере тілейді» (М.Жұмабаев). баласыз адамдардың мойнына көгеннің бұршағын салып, Құдайдан ұрпақ тілеуі ертеден келе жатқан әдет. Бұл тағдырға мойын ұсынып, Тәңірге шын беріліп, Оның барлық әміріне көнудің және ақ тілеудің белгісі. Мұндай тілек әсіресе ертедегі жырларда жиі кездеседі. Оның соңы тілек орындалып, қуанышқа кенеліп жатады. Бала асырап алу. Баласы жоқ адамдар біреудің баласын асырап алуы, яғни бауырына салуы ежелден бар қағида. Мұның да жөн-жоралары бар. Айталық, жаңа туған баланы асыраушы анасы шаранасымен етегіне салып алады. Қазақтың ежелгі заңы бойынша асыраушы адам туған балаға атын ққойып, оң қолына асық жілік ұстатады. Асық жілік ұстаған бала сол үйдің баласы деп есептеледі. Кейде баланың өз әке-шешесі балаға таласқан жағдайда асыраушы адам «оң қолына асық жілік ұстатып едім ғой» деп дауласады. Бұл үлкен дәлел, куәлік есебінде жүреді. Алайда бала қайтыс болған жағдайда оның туған әке-шешесінің аты айтылып, жаназасы шығарылады. Кейде ата, әж өзінің бірінші немересін «бауырына салып алады». Бірақ ол асырап алғанға жатпайды. Ырым. «...Анасы ит көйлекті берген кезде ырымдап, бір шетінен кішкене кесіп алып қалды» («Ана тілі» газеті). Ырым – халықтың жақсы ниетінен туған ғұрып. Ырым жолдары мен түрлері өте көп. Айталық, шешен болсын деп аузына түкіру, отыншыд болсын деп туған жерге аунату, сондай болсын деп батырдың сарқытын жегізу немесе оның атын қою сияқты ырымдар бар. Айталық, Шыңғыс Шоқанға ырымдап Сегіз серінің (Мұхамед-Қанапия) атын қойғызған. Абай, Абылай, Бауыржан, Олжас, Сәкен, Қаныш, Нұрсұлтан есімдерін қазір де ата-аналар өз балаларына ырымдап қойып жүр. Той, келін түсіруде балаларың осындай қуанышқа жетсін деп нан, бауырсақ, кәмпит алып, оны апарып береді. Ырым, Ырымкүл деген ұл, қыз аттары да осы ғұрыппен қойылған. Халықта жасы 100-ге жеткен адамның киімін, ұстаған затын осындай жас берсін деп үлестіріп, бөліп алу салты бар. Сол сияқты баласы тұрмай жүрген адамдар баласына Күшік, Итбай, Итемген, Көтібар, Малай, Башай, Терісаяқ дегендей қолайсыз ат қойса, өмірлі болады деп ырымдаған. Жалпы айтқанда, ырым – халықтың сенімі мен ақ ниетінен, шын көңілінен туған ұлттық ерекшеліктің бір саласы. Сөйте тұра кейде халқымыз «Қазақ ырым етеді, ырым қырын етеді» деп те айтып жібереді. Бұл сөз ырымның бәрі бірдей орындала бермейтінін ескерткені деп түсіну керек. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |