15:23
Халықтың тәрбиелік дәстүрлері

Шашу – қуаныш айғағы ретінде жасалатын салтанатты дәстүр. Бала туғанда, келін түскенде, алыс сапарадан көп күткен жолаушы келгенде, құда келгенде, тағы сол сияқты зор жақсылық, қуанышты күндерде әйелдер құрт-кәмпиттен, күміс тиыннан шашу шашады. Шашылған шашуды тойға қатысушылар теріп алып, ырым қылып, балаларына апарып береді. Шашуды әйелдер ғана шашады.

Қалжа. «Менің сорлы шешеме қалжа қайда. Қой сат деп әкем барды көрші байға». (С.Торайғыров). Жас босанған әйелге арнаулы мал сойылып берілетін тамақ «қалжа» деп аталады. Жақын адамдар да қалжа әкеледі. Бұл әрі сыйластық, құрмет, әрі босанған әйел сауығып кетсін деген мақсатпен туған елдік дәстүр, ғұрып.

Тымаққа салу. Ел арасында «шала туып тымаққа салып өсірген бала» деген сөздер жиі естіледі. Халықта әдетте шала туған сәбиді осылай өсіретін ғұрып бар. Оның себебі шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы, әрі бөд\леуге ыңғайлы болады. Және сәбидің неше күні кем болса, сонша күн керегенің әр басына ілініп қойылатындықтан күн кереге басы арқылы есептеледі. Айталық: қырық күн кем болса керегенің қырқыншы басынан кейін бала тымақтан алынып, әдетте жаңа туған баланың рәсімі жасала бастайды. Айталық, ат қою, бесікке салу т.б. (Егер бала қыста туса, онда үй қабырғасына бірнеше шеге қағылып ілінеді).

Бесікке салу. «Әлди-әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат бөпем» (Бесік жыры). Бесік – қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. Жаңа туған баланы бесікке салу да халқымыз үшін елеулі дәстүрдің бірі. Бесікке салу жолы үлкен, елдегі тәрбиелі, өнегелі әжелерге, әйелдерге тапсырылады. Ол бесікті отпен аластап, тыштырма жасап алып, баланы бесікке бөлейді. Бесік үстіне жеті түрлі қадірлі таза заттар қойылады. Бесікке салған адамға бесікке салар, яғни кәделі сый беріледі. Осындай қуаныш үстінде «Бесік жыры» айтылады:

Айыр қалпақ киісіп,

Ақырын жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің?

Бармақтарың майысып,

Түрлі ою ойысып,

Шебер болар ма екенсің?

Таңдайларың тақылдап,

Сөзіңді жұрт мақұлдап,

Шешен болар ма екенсің?..

Тыштырма. Сәбиді бесікке салар кезде бесіктің түбегі тұратын тесіктен құрт, ірімшік, тәттілер өткізіп, «тышты, тышты» деп ырым жасайды және оны тыштырма деп атайды. «Тыштырманы» әйелдер ырымдап бөлісіп алып, бала-шағаларына үлестіріп береді.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 387 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: