14:22
Халықаралық егде адамдар күніне орай

АСҚАР ТАУДАЙ АТАЛАР, АЙДАЙ АРУ ӘЖЕЛЕР

Не керек жер басып жүген әрбір адамға берілетін өмір біреуге қамшының сабындай көрінсе, біреуге ұзын сонар керуендей екен. Айналамызға көз салсақ, егде шаққа жол тартқан асқар таудай аталар, айдай ару әжелер тарих-шежіренің тірі куәсіндей көрік беріп жүргені қандай жақсы. Өкшелей қуып келе жатқан өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ғой қашанда.

Таңын таңмен жалғап, күнін күнмен алмастырып жүрген Бесқарағай елді мекенінде еңбегімен де, тұлғасымен де ерекшеленетін егделік шақтағы тұрғындар жетерлік. Айталық, жетпістің бел ортасында жүрген Б.Р.Әлкеев денсаулықтың ақасында һәм текті ұрпақтан дарығандай іскерлік қабілет-қарымы арқасында кезінде өзі құрып алған «Бесқарағай-Әлкей» атты шаруашылығы мығым жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқарып отыр. Әлдеқашан немере-жиен сүйіп отырған Балташ Рамазанұлы ақсақал ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Осы күндері өз іскерлік білігін бала-шағасына үйретіп, ұрпақтар сабақтастығы қағидатымен айналасын мықтауда.

Ал ұстаздық жолда ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет етіп, құрметті зейнеткерлік демалыста жүрген Д..А.Ақатаев хақында кітап жазуға болады тіпті. Думаш Ақатайұлы аудан-ауыл көлемінде өткізілетін қоғамдық-көпшілік мереке-шаралардың жуан ортасында жүріп, салиқалы шешендігімен көрініп, қомақты ой-пікірін орынды сабақтайды. Әлеуметтік маңызы бар істерді оңтайлы шешуде қашанда белсенділік танытумен жүргені.

Аталар қатарына әлдеқашан іліккендердің ішінде Е.Аубакировтың да шоқтығы өз алдына. Егделік шақта жүргенімен қажымас еңбегімен үлгі көрсетіп жүрген Ерсайын аға осы күндері ойды ажарландыратын орманның тыныс-тіршілігін бағып қағуда. Сонымен бірге сары күз мезгілінде қураған ағаштардан қысқы отын дайындап, әлеуметтік таршылық көріп отырған жалғыз-жалғызылікті мұқтаж жандарға қолғабыс көрсетеді. Қылығымен қызықты немерелері аталарын әманда үлгі тұтады.

Е.Аубакиров есімді ауыл тұрғыны зейнеткерлікке жуырда шыққанына қарамастан өз нәпақасын жолаушыларды автокөлікпен тасымалдаумен тауып жүр. Өзінің саналы ғұмырында автожүргізуші болған Ерғанат ағаға деген бесқарағайлықтардың ықыласы ерекше. Себебі тәуліктің қай мезгілінде болсын көңілдерін қайтарған емес. «Бейнеттің түбі – зейнет» дегеніміз осы шығар.

Әжелерімізге де тоқталайық сәті түскенде. Пушкин көшесінде көрші тұратын Т.В.Андасова, Б.Қ.Ибрагимова есімді әжелер екеуара ортақтаса он-оннан жиырма баланы дүние әкеліп, өсіріп-жеткізген кезіндегі Кеңес Одағының «Батыр Ана» алтын жұлдызын, қазіргі Қазақстан Республикасының «Алтын алқасын» омыраулап отырған асыл текті жандар ғой. Қазіргі таңда немерелердің, жиендердің, шөберелер мен жиеншарлардың қызығын көріп отыр. Зейнеткерлікке шыққанға дейін әйгілі шопандар марқұм Жоламан Қалымов және марқұм Керімхан Ибрагимов есімді тұлғаларға көмекші болып, шопандықтың қиындығын бірдей тартты ғой. Сондай қажырлылығы арқасында шексіз сыйластыққа кеңелді.

Тарих куә әрі ел басынан өткен небір қиын-қыстаудың нәубет-азабын тартқан шежірелі тұлғалар да ортамызды ажарландырып жүр. Айталық, көп балалы ана һәм өнегелі әже М.Жанпейісова соғыс кезінде тылдың қиындығына төтеп берсе, ауылдағы жасы үлкен әжеміз Б.Жүнісова аштық жылдарының азабына шыдас берді.

«Қариялар азайып бара жатыр» делінетін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлең жолы алақанда тұрмас құмдай сусып бара жатқан уақытта жан-жүректі шым-шымдайды, мазалайды. Қамшының сабындай-ақ өмірдегі қонақшылықтың шымылдығы мәңгілікке түрілер шағы да жетеді. Кәрілік түптің түбінде өз дегеніне жетіп тынбайды... бәрі-бәрі Уақыт-төренің қолында.

Ортамызда жүрген, төрімізде отырған асқар таудай аталарымызды, айдай ару әжелерімізді құрмет-сыйластыққа ұдайы бөлейік. Анығы сол, дүние кезек.   

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ЖОББ мектебі оқу істері меңгерушісі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1564 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: