10:28 Хакім Абай Құнанбайұлының туғанына - 170 жыл! | |
АБАЙҒА ДЕГЕН МӘҢГІЛІК ҚАЖЕТТІЛІК Қазақ һәм жаһанның бағына дара туылып, дана атанған Абай Құнанбайұлының туғанына 170 жыл толып отырған осынау мерейтой – биылғы жылдың бірегей айқындамасы. Берісі ұлан-байтақ еліміздің, арысы бүкіл дүние жүзінің елді мекендерінде Хакім Абайдың мерейіне арналған айтулы шаралар жүзеге асуда. Күні кеше ғана аудан орталығы Аққуда ұйымдастырылған түрде өткізілген Абай күні осы қатардан ойып тұрып өз орнын алды. Осыдан үш жыл бұрын, 2012 жылы, Абайтанушы, қаламгер, философия ғылымдарының докторы, профессор, академик, белгілі қоғам қайраткері, ұлт жанашыры, «Лебяжі ауданының Құрметті азаматы» Ғарифолла Есімнің мұрындық болуымен алаулатып-жалаулатып, қазақы қонақжайлылықпен ас та төк той үлгісінде тұғырға тұрғызылған данышпан ақын Абайдың мүсіні жанында тәлімдік-тағылымдық һәм елдік-ұлтжандылық мән-маңызы ұшаң-теңіз шара өткізу игі дәстүрге айналды. Алыс-жақыннан келген қонақтарды құшақ жая қарсы алған лебяжіліктердің қуанышында шек болмады. Ат терлетіп келген танымал тұлғалар Абай мүсініне гүл шоқтарын ілтипатты еппемен жайғастырды. Данышпанға деген адамгершілікті тағзым жасады. Абай күніне арналған шараның шымылдығын аймағымызда айтыс өнерін дамытушы һәм насихаттаушы ақын Асхан Тұрғанбек «Абайға арнау» атты төл толғауымен ашты. Салтанатты бөлімде Абай мүсіні алдында бой көтерген сахнаға шыққан Лебяжі ауданы әкімі С.Жанғазинов өткізіліп отырған осынау шараның еліміз, аймағымыз, ауданымыз үшін қаншалықты маңызды екенін мақтанышпен жеткізді. Ал Ғ.Есім өз сөзін «Абайға деген қажеттілік...» деп басталатын түйдек-түйлек қанатты сөйлемдерден түзілген тағылымдық монологін ұсынып, Хакім Абайдың мәңгілік өсиетін тағы бір рет құдіреттеді. Әрдайым тыңдаушысын ұйыта көңіл аудартатын ғалым осы жолы да тақырыптың аясын керемет түйіндеді. Дәстүрлі шарадан әлі қалып көрмеген және Абайдың сазгерлік өнерін өркендетуші ұлт жанашыры һәм ірі өнер тұлғасы Шахимардан Әбілов тәрбиелік сөз айтумен қатар дана Абайдың «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, қалам қас» атты әйгілі әндерін өзінің керемет жанды дауысымен тебірене-толғана шырқап, көрермендердің шексіз қошеметіне бөленді. Семейдегі Абай мұражайынан директоры Ж.Әубәкір де өз сөзінде Аққудағы Абай күнінің қасиетін дәріптеді. Данышпанның қара сөздерін мәнеріне келтіріп жатқа айтатын қазақ арасында әбден танымал жыршы Даниял Әсенов бұл жолы жалғыз келмей бүлдіршін шәкірті Айбек Ғалымжанды бірге ертіп әкелді. Дарынды балдырған ұлы ақынның бір өлеңін мәнерлеп жатқа оқыса, ұстазы дәстүрінше Абайдың бір қара сөзін сүйектен өткізе, жүрекке жеткізе айтып, мерейтойлық шараны көркемдік жағынан әрледі. Осынау аталмыш шараға сонау Алтай өлкесіне қарасты Благовещен ауданынан арнайы келген һәм сондағы Байқамыт қазақ жалпы орта білім беретін мектебінің директоры, ақын С.Маусымбаев сахна төрінде ұзағынан көсіліп, Абай күні шарасының екі ел арасындағы ынтымақтастық, достастық үшін маңызын айта келіп, төл өлеңдерін оқып, жарық көрген жыр кітабын құрметті меймандарға тарту етті. «Хакім Абайға – 170 жыл» атты жас ақындар мүшайрасына аймағымыдың түкпір-түкпірінен қатысуға ниет білдірген тоғыз үміткер қатысты. Атап айтқанда, Ақсу ауданының намысын қорғаған Кәкім Бәкіжан және Алмас Ақбасов, Павлодар ауданы үшін келген Ақерке Тілейхан, Екібастұз атынан қатысқан Бектұрған Лахәділ, Баянауыл ауданы намысын қорғаған Ақмәди Ахмет, Павлодар қаласын ту еткен Нұрсәуле Сәулет, Қашыр ауданынан қатысқан Алтынбек Мақсатхан, Лебяжі ауданының намысын қорғауға ат салысқан Марғұлан Жанбау және Бердімұрат Сейфолла қатысты. Жас ақындардың дарынды талабын бағалау үшін Ғ.Есім, ақын А.Қани, жазушы А.Алақанұлы, Ж.Әубәкір, А.Тұрғанбек сынды тұлғалардан құрамдалған әділқазы алқасы тағайындалды. Шарт бойынша үміткерлердің әрбірі Хакім Абайға арнауын және өз шығармашылығынан бірді-екілі төл туындыларын мәнерлеп оқып беруі тапсырылды. Кезекпе-кезек сахна төріне шыққан жас ақындар дана Абайға деген арнауларында терең ойды, тағылымды түйінді, құдірет тұнған қасиетті өлеңдете ұйқастады. Өз туындыларын оқығанда да тақырыптық аяны мейілінше кеңітті. Әділқазылар алқасының ортақ шешімі жария етілгенше, сахнаға шыққан ақындығымен де, тілшілігімен де ауданға танымал ақсақал Ж.Әміренов данышпан ақынға арнаған өлеңдерін оқыды, сонау Алтай өлкесінен келген Р.Маусымбаев «Атамнан өсиет» толғауын қасиетті домбыраның сүйемелдеуімен орындады, Лебяжі аудандық Мәдениет үйіндегі әжелер тобы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін, ал Жанерке Ысмайыл «Айттым сәлем, қалам қас» әнін шырқады. Абай күнін сахна төрінде қорытындылау сәтінде Ш.Әбілов, С.Маусымбаев, Д.Әсенов «Лебяжі ауданы әкімінің Алғыс хатымен» салтанатты түрде марапатталды, ал бүлдіршін Айбек Ғалымжанға арнайы сыйлық берілді. «Хакім Абайға – 170 жыл» атты жас ақындар мүшайрасының нәтижесінде, К.Бәкіжанға, Б.Лахәділге, Б.Сейфоллаға, А.Мақсатханға қатысқаны үшін Алғыс хат, Н.Сәулетке «Үздік шығарма» номинациясы, М.Жанбауға «Көрермендер көзайымы» номинациясы, А.Ахметке үшінші жүлде, А.Тілейханға екінші жүлде, А.Ақбасовқа бірінші жүлде табысталды. Сонымен қатар марапатталғандарға демеушілер тарапынан естелік сыйлықтар һәм ақшалай гонорар қоса берілді. Хакім Абайдың жүз жетпіс жылдық мерейтойын қорытындылаған Ғ.Есім осынау шараның өткізілуіне атсалысқан, қатысқан, тамашалуға келген барша қауымға шексіз ризалығын білдіріп, «Абайға деген мәңгілік қажеттілік» жалғанды жарық ететінін айшықтады артық рет. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Аққу ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |