00:13
Көркем сөздің құдіреті

ӘЛЕЙ

1. Ғажап, керемет;

2. Қатты, зор, көп.

Әлей болсын! — "сізге де соны тілеймін" мағынасындағы тілек.

Мысалдар:

1. Бір мезгілде куатымды әбден жиып, жүрегімді тоқтатып алып батырды тік көтеріп алып, жерге қойып келіп жіберіп, кеудесіне мініп алдым. Өзіме-өзім сүйсінуім әлей болды.

(М.Әуезов, Қараш-қараш оқиғасы)

2. Қара көктің үйіріне де қызығуым әлей еді, бірақ мен қара айғырдың үйірін-ақ алайын.

(Ғ.Мүсірепов, Оянған өлке)

3. Неге үндемей тұр өзі?!.. Мылқау біреу емес пе?» деп ойлаған Ғалия, кім де болса тіл қатқысы кеп:

— Жолыңыз болсын! — деді еңкейген бойын жазып.

Әлей болсын! — деді Балуан дауысын әдейі өзгерте сөйлеп...

(С.Мұқанов, Балуан Шолақ)

4. Ол мына қауырт етек алып бара жатқан әлейім жарыстың байыбына бара алмай, қайран қалып тұр.

(Б.Соқпақбаев, Өзім туралы)

 

ӨБЕКТЕУ

1. Жаны қалмау, асты-үстіне түсу, әлпештеу;

2. Жағымпаздану.

Мысалдар:

1. Жақсыменен дос болсаң,

Айрылмас күні қос болсаң,

Басыңа қиын іс түссе,

Алдыңнан шығар өбектеп,

Жаныңа не керек деп.

(Махамбет, Арғымақтан туған қазанат)

2. Құнанбайдың күтіп тұрғанын көріп, өбектеп, қамшыланып асыға жүріседі.

(М.Әуезов, Абай жолы: 1 том)

3. Өзегім от боп күйгенмен,

Өбектеп мені кім сүйсін?

(М.Мақатаев, Өзіме)

4. Дегенмен олар да намысқа тыртысып, өбектеп ердің қасынан ұстап болса да , ел қарасына ілесуге жарады.

(Қ.Жұмаділов, Тағдыр)

 

КЕНДЕ

1. Тапшы, мұқтаж, зәру;

2. Кем, аз.

Мысалдар:

1. — Әй, шырағым-ай, ата кәсіп аздырып-тоздырып болды ғой. Осы дүниеде кім қор, кім кенде? Дәл сол қалың қазақ баласы ғой...

(М.Әуезов, Абай жолы: 3 том)

2. Күн көрсетпей не қылдық? Ішкеннен, жегеннен кенде болдың ба? Ішінде арамдығың бар ғой, бәлең бар ғой.

(Ж.Аймауытов, Қанапия-Шәрбану)

3. Мен деген - ырза, мәз бала 

Сәби қалпымнан қозғама. 

Молынан маған бермеген 

Бермесе қойсын кенде емен.

(М.Мақатаев, Мен деген - ырза, мәз бала)

4. Ішім пысты, жалықтым,

Жүре алман енді аяңдап.

Кенде қаппын, жаңа ұқтым,

Не болса соған аяңдап.

(Қ.Аманжолов, Ішім пысты. Жалықтым)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 19 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: