23:15
Көркем сөздің құдіреті

ТАҚЫС

Қу, айлакер, әккі.

Мысалдар:

1. Тайтұяқ алма күміс төбеңдегі,

Қой жайғыш бая қуып тақыс шалдың

Ұстады қойын, тоның шөгелдегі.

(І.Жансүгіров, Орақ науқаны)

2. Жұмағұл жаратылысындағы тақыстық қулығына салып, бойын бағып отырды.

(М.Әуезов, Қараш-қараш оқиғасы)

3. Ол зұлымдығына найза бойламайтын тақыс, ішінде не сыр барын аңғартпайтын қу еді.

(С.Мұқанов, Аққан жұлдыз)

4. Олар осы күні сөз сөйлеп тақыстанып алған, кәрі қойдай тартыншақ.

(О.Бөкей, Қайдасың, қасқа құлыным)

5. Ал ана тұрған Теңізбай қаршадай кезінен - ақ өте қу, ысқаяқ, қолы қалт етсе асханадан шықпайтын, тым тақыс бала болатын.

(Қ.Жұмаділов, Бір түп тораңғы)

 

ҚЫРБАЙ

1. Қырғи қабақ, дүрдараз, араз;

2. Икемсіз, ебедейсіз.

Мысалдар:

1. Абай әңгiменi алғаш өзi ойлаған жаққа бұрды.

– Сол менiң әкеммен қырбай боп қалған жерiңiздi өзiңiз ұғындыраңыз, Сүйiндiк аға!

(М.Әуезов, Абай жолы: 1 том)

2. Екеуінің сүйегінде де жалқаулық, серілік бар еді; екеуі де шаруаға қырбай еді; әкесі Бекболат екеуін «Екі әуейі» деуші еді.

(Ж.Аймауытов, Ақбілек)

3. Кейде зекет те төлемей қоятын. Осыдан барып Кенесары мен билер арасында қырбайлық күшейе түскен еді.

(І.Есенберлин, Көшпенділер: Қаһар)

4. — Бәлки біле тұра істеген болар. Әйтпесе, еңбекке... Қырбай, жемқор, маскүнем, бұзықтар неге кездесе береді оған? Неге тізгін береді оларға?

(Ғ.Мұстафин, Қарағанды)

5. Кейіннен бір өндірісте бірге істесе жүріп, өзінің ежелгі досы Қабенмен де қырбай боп, айтысқа түсті.

(З.Қабдолов, Жалын)

 

ШАБАН

Баяу, жай, сылбыр, мимырт, керенау.

Мысалдар:

1. Сондықтан заман жүйрік, біздер шабан,

Артында ілесе алмай жүрміз әман.

(А.Байтұрсынұлы, Ғылым)

2. Шыңғыс бөктерiнен көшкен Бөкеншi, Жiгiтектi қуып жете алмаған. Ең шабан көшкен ауылдар болған-ды.

(М.Әуезов, Абай жолы: 1 том)

3. Аяқ басысы шабан. Басы төмен бүгулі. Тап осы келе жатқанда – ойы шартарапты кезіп, өзін-өзі ұмытқан адамның келбетінде...

(Б.Майлин, Қызыл жалау)

4. Онсыз да барбиған жұп-жуан саусақтарын суық қарып, одан бетер ісіндіріп жіберіпті; асықпай, аюша қорбаңдап, шабан қимылдайды.

(М.Мақатаев, Қос қарлығаш)

5. Бұл да шабан ақылдың тапқаны емес, бір сәтте көңіліне сап еткен ой.

(Т.Ахтанов, Қаһарлы күндер)

6. Бірақ, сол аздың өзіне жармасар қаншама шаруа бар?! Оның қаншасы шабан көлік пен мардымсыз істерге жем болады?!

(Ә.Кекілбайұлы, Өнегелі өмір, өміршең өнер)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 27 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: