01:24 Көркем сөздің құдіреті | |
ШҰБАҚ Тізбек, қатар. Мысалдар: 1. Жүзден астам алдында салт аттылар, Арт жағы шұбақ түйе көрінеді. (С.Мұқанов, Сұлушаш) 2. Ұзын шұбақ көш әлгілердің соңында жосылып қалған ат тұяғының ізімен жүріп келе жатқан-ды. Екі ауылдың ер-азаматы алысқа ұзамаған. (Ә.Нұрпейісов, Қан мен тер: 2 кітап) 3. Жоғалғандар тізімі — ұзын шұбақ. Қызыл кітап — Мезгілсіз кеткендердің Бастарына қойылған қызыл шырақ! (Қ.Мырзалиев, Қызыл кітап) 4. Олардың соңынан елшілер әкелген сыйлықтарды көтеріп келе жатқан сарай қызметшілерінің ұзын-шұбақ тізбегі көрінді. (Ә.Кекілбайұлы, Аңыздың ақыры) 5. Бұдан соң Дәурен ұзыннан шұбақ бір әңгіме Дәурен еге кетеді. Бүгінде өз бригадасында істеп жүрген Байғуатов деген біреуді Дәурен бала күнінен біледі екен. (З.Қабдолов, Ұшқын)
БАСЫР 1. Көз ауруы; көзге ақ түсіп, көрмей қалуы; 2. Еш нәрседен хабарсыз, бейхабар Мысалдар: 1. Көп азап шегіп, зарығып жүріп Тройцкідегі медресеге кіреді. Бірақ оқып жүрген кезінде көзі басыр болып ауырады. (М.Әуезов, Сұлтанмахмұт) 2. Көзінен басыр болып жатып алды. Сонда түсінде аян беріпті: "Менің айтқанымды істеп, ауруыңды қаратсаң жазыласың, әйтпесе көзіңнен айрыласың", (Б.Майлин, Иелі ауру) 3. Танытпады надандық Сократты, Гомерді де көп ғасыр тоқыратты. Көзім басыр болса да, ойым көргіш Мен де ақын ем өзіндей сол бір қарттың. (Ж.Молдағалиев, Мен — қазақпын) 4. Бұл кешеден бері қап-қараңғы киіз үйдің ішінде бүркеніп, басыр болып жатып-жатып, қай жақтың шығыс, қай жақтың батыс екенін де ұмытып қалыпты. (Ә.Кекілбайұлы, Үркер) 5. Ақан үйде басыр боп қалай отыра бермек. Ертең құдай жазып, Құлагер бәйгенің алдын алса, қарауылдың атын шығару деген сол емес пе? (С.Жүнісов, Ақан сері: 1 кітап)
САРАБДАЛ 1. Байсалды, салмақты, біртоға; 2. Тәжірибелі, кәнігі, ысылған. Мысалдар: 1. Асқа сонша сараң Нұртазаның үйі киім-кешек, төсек-орынға да аса сарабдал. (С.Мұқанов, Өмір мектебі: 1 кітап) 2. Ежелгі қазақтың кең-мол пішілген дарқан мінезі, аңғал табиғаты, даланың өзеніндей асықпай айдындана ағатын ақылы Еуропаның сарабдал білімділігімен ұштасқаны байқалады. (Ш.Мұртаза, Қызыл жебе: 4 кітап) 3. Көктің көлінде қымыз екеш қымызды есепсіз бермейтін сарабдал Шәкеннің Mақашқа бере беруі де, Мақаштың сұрай беруі де есепсіз емес-ті. (Ғ.Мұстафин, Дауылдан кейін) 4. Ол қайта көп ойлап, көп толғайтынды, төңірегінде болып жатқанды сананың сарабдал елегінен еткізіп, шұқшия талдайтынды шығарған. (Ә.Кекілбайұлы, Самғау мен құлдырау) 5. Ендеше уақытша табысқа мастанбай, қысылтаяң күндерден ықпай, бірқалыпты сартап, сарабдал мінез сақтаған жөн. (Дүкенбей Досжан, Қыдырдың құбылысы) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |