23:45
Көркем сөздің құдіреті

ЫНДЫН

Түпкі мақсат, ниет, пиғыл, пейіл, діт, месел, көңіл.

Мысалдар:

1. Ындын қойып тыңдасаң сарнағанын,

Сақтанбасаң алғандай ақылды ұрлап.

Мұңлы қоңыр дауысы шықса зарлап,

Ықтиярсыз кетеді бой шымырлап.

(Ш.Құдайбердіұлы, Еңлік-Кебек)

2. Ындыным нені сүйеді? Ішімдегі дауысым мені қайда шақырады? Менің “мендігімді” сыртқа шығаратын ең басым, күшті ыңғайым, талабым қайсы?

(Ж.Аймауытов, Неге арналсаң, соны істе!)

3. Серуендеп бүлдіргенге қыз - келіншек,

Ындыны - бір - бірінен қалмау дағы.

(І.Жансүгіров, Игілік)

4. Шалға басын шайқап, көзін қысты. Сарыбала онысын сезіп қалды. Үшеуінің де ындыны көрініп тұр: екеуінікі алсам, біреуінікі — бермесем.

(Ғ.Мұстафин, Көз көрген: Жиырмасыншы әңгіме)

5. Ындын құрып, өзегі әбден талғанда,

Жалқау бабам жалбаң қағып барды аңға

(Ә.Кекілбайұлы, Бағзы бабаларға ода)

 

БІТУАЖА

Аралық дәнекер, келістіруші, мәмілеші, бітім жасаттырушы.

Мысалдар:

1. Жемісті сайдың бойында,

Бітуажа мен болып,

Қауыстырдым қызыңды

(Батырлар жыры)

2. Ел мен ел арасы түгілі, ру мен ру арасындағы дауды тыю үшін де талай перзент бітуажа боп кетпеуші ме еді...

(Ә.Кекілбайұлы, Елең-алаң)

3. Жігіт әкесін кекетіп, мысқылдап сөйлеуді шығарды. Жоқ жерден ілік тауып, ұрсысуды үдетті. Кемпір байғұс екі араға бітуажа болып, шыр-пыр.

(Ү.Жалеке, Екі әйел)

4. Бұл кеңестің міндеті өкпелі жұрттың көңілін бітіріп, ағайын арасындағы араздық отын сөндіру екен. Барша халықты ырза қылу кімнің қолынан келсін. Бітуажа ойлайтын азамат басы да санаулы.

(З.Шүкіров, Сыр бойы: 1 кітап)

5. Ол қатені Григорянның өзіне ғана айтып көрсетпек. Соған Ибаштан бітуажа, ара ағайын болып, Григорянмен кездестіруді өтінеді.

(Ә.Спан, Ибаш Жанболатова)

 

САХАР

1. Таң алды мезгіл, таңсәрі, алагеуім;

2. Сәресі (ораза кезіндегі таң атпай тұрып ішетін ас).

Мысалдар:

1. Біреуі күн шыққанша ұйықтап жатпай,

Құдайдан тілек тіле, сахар тұрып.

(Мәшһүр Ж. Көпейұлы, Жетпіс бап: Он сегізінші бап)

2. Түніменен жолда сахардың уақытында тоқсан нарға қайтадан жүк артып, Гүлбаршын жанды алтын кебежеге салып <...>

(Алпамыс батыр [1922 жылғы Ә.Диваев нұсқасы])

3. Көпке дейін көз іліп, көз шырымын алмасам да сахар алдындағы тәтті ұйқы меңдеді білем, көп ұзамай тыншу таптым.

(О.Бөкей, Үркер)

4. Ол (Хакім) қожайынның сары ала әтеші сахарға шақырғанда жатты.

(Х.Есенжанов, Ақ Жайық)

5. Бірақ таңмен тұрған елдің қабағы қатулы, кірпігі қатқан, көзі томақ тартқан. Әлде алдағы белгісіз сайрақтан, әлде сахардан тұрудан бәрі көңілсіз, медет қылар сүйеніш жоқ.

(Балғабек Қыдырбекұлы, Алатау)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 41 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: