11:03
Көркем сөздің құдіреті

КҮПУ

Лепіру, бөсу, көку, көпіру, мақтану.

Мысалдар:

1. Қаралардан қашқалақтаған Шалматайдың өз басы ғана емес, бағанағы бір-бір атқа мініп, Нәзипаға қамшы үйіріп, аттың құйрығына тақпақ болып күпініп жүрген жігіттердің біреуі де сөзге келуге жараған жоқ.

(І.Жансүгіров, Жолдастар)

2. Соны байқаған офицер Мерке басшыларының алдында өзінің әлгі құлдыраған беделін қайтадан қалпына келтірмек болып, күпіне сөйлеп кетті.

(Ш.Мұртаза, Қызыл жебе: 2 кітап)

3. Ру басынан бір-бір аманат өзірлеңдер!» − деп күпілдеп жүргенде <...>

(Ә.Кекілбайұлы, Елең-алаң)

4.  <...> «очерк» десем, қара мақалаға ұқсар да, мына күпиген әдеби қызметкердің алдында беделім түсіп қалар деп ойладым.

(Ә.Нұршайықов, Махаббат, қызық мол жылдар)

5. Дүние жүзіне мақтансақ бірсәрі, ал өзімізге өзіміздің мақтанғанымыз не?! Оны қазақ күпию демейтін бе еді.

(Қ.Жұмаділов, Көсем билеген ел көгермейді)

 

БАЯБАН

Жапан түз, құлазыған дала, шөл, айдала.

Мысалдар:

1. Қадірлі болса баябан дария,

Шалқар көлмен тең.

Қайырсыз болса жаман бай,

Ел қонбаған шөлмен тең.

(Ақтамберді жырау, Алдаспан)

2. Надяның көңілін қимады ма, әлде шыннан көкірегін әуен кернеді ме, Рысқұлов алдыда толқын-толқын, тас толқын болып жатқан баябан ұлы далаға қасқая қарап, қоңырлата бір шырқады дейсің.

(Ш.Мұртаза, Қызыл жебе: 4 кітап)

3. Атанған «Шөл - баябан» далаларды

Өзгертті; орнатты зор қалаларды.

(Ә.Тәжібаев, Жолдас, Навои)

4. Ол астында арқыраған машина, қолында бесатар мылтық тұрғанда ештеңеден тайынбастан, баябан далада сайран салып, жортып жүре беремін деп есептейтін.

(Сұлтанәлі Балғабаев, Шөл)

 

ҚОСЫН

Әскери жасақ, қол, жауынгерлер тобы.

Мысалдар:

1. Бие бауы шалғынға, қондырып патша қосынды,

Әскерді көріп сыртынан Әзімбай жаман шошынды

(Қозы Көрпеш)

2. Тұрсын хан қосын тартып келіп, иесіз қалған елді шауып, жебір-жесір қылып, жаман қырғын таптырып, Түркістанды өзіне қаратып алып қойған екен.

(Мәшһүр Ж. Көпейұлы, Еңсегей бойлы ер Есімнің ертегісі)

3. Ақтың қосыны бір ауылға келіп түседі. Ауылға келісімен сасқан қасқырша алақтап қол жұмсау, бассыздық, зорлық істей бастайды.

(С.Сейфуллин, Жемістер)

4. «Оң», «сол», «орта» аталатын қосындaр көшпелі халықтардың бәрінің де тарихында бар.

(С.Мұқанов, Есею жылдары)

5. Енді бұл қосын өздерінен басқа дүниеден түгел қол үзіп, жалғыз қалды.

(Ғ.Мүсірепов, Оянған өлке)

6. Барады жосып қосын жол қуалап,

Барады жөңкіп қаңбақ жел қуалап.

(Ә.Тәжібаев, Ашықтар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 42 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: