22:08 Көркем сөздің құдіреті | |
НЕҒАЙБЫЛ Күмәнді, белгісіз, беймәлім, екіталай, дүдәмал. Мысалдар: 1. Неге десең, мұның жазылар, жазылмасы әзір неғайбыл, егер жазылса, бұл-дағы біреуге жақсылық қылғанды жанындай жақсы көрер еді. (Ш. Кұдайбердіұлы, Үш сауал [аударма]) 2. Бүгін бар малдың ертең не болары неғайбыл. Биыл бай кісі келесі жылы кедей болуға мүмкін. (С.Сейфуллин, Кедейге не керек) 3. Сталиннің қабылдауында болып, оның кабинетіне кіру — арыстанның апанына қарусыз кірумен бірдей. Қайтадан тірі шығарың, яки өлі шығарың неғайбыл. (Ш.Мұртаза, Қызыл жебе: 4 кітап) 4. Ол — меңің ізіммен, мен оның ізімен, бірімізді-біріміз айнала аңдудамыз. Қайсымыздың қапымызды қайсымыз қалай тауып тұтуымыз әлі неғайбыл. (С.Мұқанов, Қашқар қызы) 5. Орманшының өзі дүкеннен керек — жарағын алуға, әрі мынадай неғайбыл кезде хал-жағдайды білуге, осы арадан он шақты шақырым жердегі үлкен селоға кетіпті. (Т.Ахтанов, Шырағың сөнбесін)
ДАБЫС 1. Атақ, даңқ, мәртебе, мансап; 2. Дауыс, дыбыс. Мысалдар: 1. Сүйдім деген қала бар, Мақтым деген ханы бар, Оның ерлік дабысы Қамбарменен барабар. (Қамбар батыр) 2. Ол рас, сендей атақ-дабысым жоқ, Айбынды бұйраланған ағысым жоқ. (А.Байтұрсынұлы, Өзен мен Қарасу) 3. Дабысты жүйрік Жамбылым, Алпысқа жасың келгенде, Төгілген тасып дариядай, Басылып қалған, Жамбылым (Жамбыл мен Жалайыр Досмағамбет айтысы) 4. Даңқ деген немене? Моладан шыққан дыбыс па? Мақтаныш еткен дабыс па? (Т.Жароков, Цыгандар [Пушкиннен]) 5. Ол бас шұлғи отырып, сүйсінгеннен бет-жүзі қызарып, мейлінше қатты дабыстап, күліп алды. (М.Әуезов, Абай жолы: 4 том)
МЕЛЖЕМДІ Күшті, мықты, бекем, берік. Етістік түрі: Мелжемдеу — мыжу, езу. Мысалдар: 1. Арыстан алысына түсіп, жауырыны жерге тимеген мелжемді жігіттер бүгін талай орыстың төбе құйқасын шайнайтын секілді. (І.Жансүгіров, Жолдастар) 2. Алайда жан алып, жан беріскен ымырасыз айқас жүріп жатыр. Шабдар — інісінен гөрі шомбал, мелжемді. Әмірсана — қырым еті жоқ, тарамыс, сида... Ал енді қидаласуда титтей қапы жоқ. (Қ.Жұмаділов, Дарабоз: 1 кітап) 3. Cірә көп жылдар бойындағы тәжірибе арқылы қамбыл боп алған әміршіл тәркінен де, саусағына ескірген, жалғыз неке сақыйнасын салған добалдай, тотыққан, мүсінді қолының мелжемді қыймылынан да көріп тұр. (Л.Толстой, Анна Каренина [Ғали Орманов аудармасы]) 4. Қайрақбайдың айтуынша, Амангелді қолы, патша өкіметінің әскерін осы шөл-тақырға алдастырып шығарып алған да, қапысын тауып, мелжемдей қырған, менің әкем де сонда жараланған... (С.Мұқанов, Мөлдір махаббат) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |