22:16 Көркем сөздің құдіреті | |
НЫСПЫ Ат, есім Сөз тіркес: Ныспы жоқ (һәм ұқсас тіркестер) — атымен жоқ, түк жоқ, тып-типыл. Мысалдар: 1. Аңнан мына аттың басын саған тіредік. Қабыл ал, батыр! Менің ныспым – Атасақал, қасымда жиырма жігіт бар. (Ш.Мұртаза, Қызыл жебе: 2 кітап) 2. Көк тамыры адырайған, арық қолын ұсынды. – Танысып қоялық. Менің ныспым – Дулат. (Қ.Жұмаділов, Көкейкесті) 3. Әзіл-қалжыңда шек жоқ. Қайсымыз туралы болса да бір емес, әлденеше күлкілі анекдоттар бар. Және лақап ныспы. Мен – Бұзау. Тұрғанбай – Лақ. Әбіш – Ешкі. (М.Мағауин, Әбіш екеуіміз) 4. Дүние-мүлік деген тіпті ныспысымен жоқ. Әкеден қалған қазына — шешесі Дәметкен паналап отырған жалғыз қараша үй. (І.Есенберлин, Көшпенділер: Қаһар) 5. 1914—1915 жылдары Қазақстанда барлығы 2011 мектеп болған екен. Оның ішінде орта, орталауы 53 екен. Ол кезде қазақ мектебі ныспы болмапты. (М.Әуезов, Цифрлар сөйлесе не дейді?)
ОЖАР 1. Дөрекі, аусар, дөкір; 2. Өрескел, оғаш, ерсі. Мысалдар: 1. Жуан ауылдың сотқар малайы, өзі ожар, доғал жас, тегінде, Оспан «шаш ал десе, бас алғандай» іс ететін. (М.Әуезов, Абай жолы: 3 том) 2. Үстіне егін шықса қырқып алып, Аузына не түскенін итше қажар «Біз солдат патшаға бердік» дейді, Омырауға салады өңкей ожар. (М.Жұмабаев, Ақан сері) 3. Тамақ дәметкен сұқ ит көзденген, мінезі кесектеу, ожарлау адам. (І.Жансүгіров, Жолдастар) 4. Қиыр Сібірде туып-өскен кесек тұлғалы, мінезі де тұлғасына сәйкес ожарлау болса да, ақкөңіл адам (Ә.Сәрсенбаев, Батырлар ізімен) 5. ...Осы бір ожарлы кеудемде, Жаралған жалын бар сөнбеуге! Жүз жылдан кейін кеп көрмей-ақ Серт еттім өлмеуге! Өлмеуге! (М.Мақатаев, Осы бір көктемді, көгерген) 6. Ізбасар кетісімен әркім оның ожар қимылын, орынсыз дөрекілігін салып ашық күлкіге айналдыратын. (Б.Момышұлы, Ұшқан ұя)
ТАҒЫ 1. Жабайы, қолға үйренбеген; 2. Көппен араласпайтын, анайы; 3. Надан, мешеу. Мысалдар: 1. Тағы ешкілер, арқарлар, еліктер, бұғылар сияқты аңдар тауда табындап өретін еді. (С.Мұқанов, Саяхаттар) 2. Тағыдай таңдап су ішкен Тарпаңдай тізесін бүгіп от жеген. Тағы сынды мырза едік; Тағы да келдік тар жерге (Махамбет, Толарсақтан саз кешіп) 3. ...Тауда жортқан тағыдай алғыр едім, Алғырлығым қай жақта қалды менің?.. (М.Мақатаев, Түсіме тау кіреді) 4. Азған теңіздің азғантай балығы кең далада құрық көрмей тағыланып кеткен түз қашағанындай. (Ә.Нұрпейісов, Соңғы парыз) 5. Өмірінде басын сұғып көрмегенмен, қазақтың қысқы үйін де, жазғы үйін де ол баяғы тағылар тұратын үңгірдей көретін (С.Мұқанов, Ботагөз) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |