22:42
Көркем сөздің құдіреті

БӘЗ

Сол, әлгі, кей, сонау.

Сөз тіркестер:

Бәз біреу (бәзбір) — әлдекім, әлдебіреу, кейбіреу;

Бәз баяғы (бәз-баяғы) — бұрынғы, бастапқы;

Бәз қалпы/қалпынша | Бәз баяғыша — ешбір өзгеріссіз, сол күйі.

Мысалдар:

1. Қуат алып жырына бәз даладан,

Ол жанған.

Күні жоқ-ты маздамаған!

Өлісінде өнеге болғаны анық,

Тірісінде біреуге жазған Адам...»

(М.Мақатаев, Қасым солай болмаса...)

2. Жоқ, бұл бөлме қойма ғана емес. Сембай әулетінің бәз заманнан бері пайдаланған көне заттарын сақтайтын музей тәрізді.

(Б.Соқпақбаев, Балалық шаққа саяхат)

3. Бәз біреулер тіршілікте жүр бекер,

Кейінгіге бір ісі жоқ үлгі етер.

(Т.Молдағалиев, Шақырады көктем)

4. Осынау жандардың ой-сезімі мен теперішке толы тағдыры қатал-қатыгез болмыстың бейнесін қазіргі оқушылар, біздерге, бәз-баяғы қалпында жеткізіп жатады.

(Ə.Кекілбайұлы, Биік мұрат)

5. Жирен бәз қалпынша, баяу шауып келеді.

(Ж.Нәжімеденов, Ақ шағыл)

 

ҚИУА

Қиян; алыс, шалғай жер.

Мысалдар:

1. Қиуадан ақыл алатын,

Қиыннан айла табатын,

Ерлерден салсам нөкерді,

Дұшпаннан кекті алатын!

(Ақтамберді жырау, Күлдір-күлдір кісінетіп)

2. Кейде өмірдің қиуадан қисынын келтіріп, жымдастырып жіберетіні де белгілі. Сол жылы күзде Мәлік Баянауылға секретарь болып тағайындалып, Алматыға мәжіліске барғанда, баянауылдық бір қызметкердің үйінде Раушанға тағы кездесті.

(З.Шашкин, Сенім)

3. Түнқатар келе жатып ой ойлады: «Қара тиын – күрешіміз жоқ еді. Қиуадан байлықтың сап ете түсуі қалай! Неткен ырыс десейші! Бұл ырыс, бұл маңдай кімдікі?

(Ж.Аймауытов, Күмәжнек (Әмиан))

 

САМ

Кеш батқан кез, ымырт, қаракеуім (қарагеуім), бейуақ

Сөз тіркесі: Сам жамырау — ымырт жабылу, кеш бату.

Мысалдар:

1. Ақ шашты ана - ала асқар

Оқыды сам жығыла.

Жау көргендей жартастар,

Жамылды тұман дулыға.

(І.Жансүгіров, Ақшам)

2. Тау жайлауының тарлығына, шабар жердің өр-қиясына қарамай, сан жүздеген сәйгүлік мінген ер-азамат күні бойы, тіпті ымырт жабылып, сам жамырағанша додаға түсіп, көкпар тартумен болды.

(М.Әуезов, Үшқоңыр жайлауында)

3. Енді болмаса жылайтын еді, аяқ астынан дір етіп ұшқан бозторғай көңілін бөліп, жасын тоқтатуға себеп болды. Ол кезде күн батып, сам жамырай бастап еді.

(Ж.Аймауытов, Ақбілек)

4. Сам жамырап, келеді құлап іңір,

Мен ойлаймын ананы-мынаны бір...

Алыста, Абайлардың жайлауында,

Жайылып поэзия пырағы жүр.

(М.Мақатаев, Соқ, жүрек!)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 19 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: