11:41
Көркем сөздің құдіреті

САРСАҢ

Әуре, әлек, әбігер, сергелдең, машақат.

Сөз тіркестер:

1. Әуре-сарсаң | cарсаң-кесек | дүние сарсаң — әбігер, машақат;

2. Сарсаң болу | cарсаңға түсу — әурелену, әбігерлену;

3. Сарсаң ету/қылу | cарсаңға салу — әурелеу, әбігерге түсіру.

Мысалдар:

1. Аспирантураның бір жылы сарсаңмен өткен.

(М.Мағауин, Қияндағы қыстау)

2. Қайғы мен ыза қысқан соң,

Зар шығады тілімнен.

Қайтіп қызық көремін

Әуре-сарсаң күнімнен?

(Абай, Қайғы шығар ілімнен)

3. Атам мен әжемнің жүзі түтігіп кетіпті. Мені көп іздеп, сарсаң болғандары білініп тұр.

(Д.Исабеков, Тіршілік)

4. Сағым боп аққан сан жылдар,

Сарсаңға мені салдыңдар.

Тағдырлас маған тағдырлар,

Қай жаққа кетіп қалдыңдар?

(М.Мақатаев, Сағым боп аққан сан жылдар)

 

ШЫМ

1. Жердің шөп өскен құйқалы қабаты;

2. Тығыз, қалың.

Мысалдар:

1. Аруақтың өлгеннен соң - шым мен тасты,

Бір жерге қанша әлеумет қосқан басты.

Решетке қорғаны жоқ, жадағай боп,

Қалыпты - ау иесіз ерлер аяқасты!

(Мәшһүр Ж.Көпейұлы, Күйеу Мағзұм мен аруақтар)

2. Қораны соққан екен қара шымнан,

Ер Болат қорқар емес қуғыншыдан.

Жалма-жан қара шымды қолына алып,

Қуғыншы ағаларын шыммен ұрған.

(Шортанбай Қанайұлы, Қаракесек)

3. Майдың маужыраған бір жұмсақ шұғылалы жайдары күні, ашық жатқан есік-терезелерден шым үйге тыстан нөсерлеп нұр құйылып тұр.

(Х.Есенжанов, Ақ жайық: 1 кітап)

4. Даусында оркестрдің қайрат, ерлік,

«Мынау күй ер елдік!» дегізерлік;

Шекара шым болаттан құйған қорған,

Сондықтан бізде шаттық, бізде ерлік!

(С.Мұқанов, Біздің маршал Буденный)

 

ЕМЕКСУ

1. Үміттену, дәмелену, сену;

2. Сүйену, медет ету, медеу тұту.

Мысалдар:

1. Ел керексіп,

Сөзге емексіп,

Не болады мақтаның?

Пейілі шикі,

Ақылы күйкі,

Осы жұрт па тапқаның?!

(Абай, Бай сейілді)

2. Абай бұған да онша емексіген жоқ. "Қасиет деген сақтаса қасиет, былғаса, таптаса, тұнығын ылайлап қорласа немесе сындырса, ол қасиет қайда кетті, соны ойлау керек қой!"

(М.Әуезов, Абай жолы: 4 том)

3. Еркектер жағы аздау да, көбі қатын — қалаш, бала — шаға. «Мүмкін оларға тимес» деген әлсіз үміт емексітіп өтеді.

(Т.Ахтанов, Шырағың сөнбесін)

4. Кәрі құлақ еміс сөзге де емексиді, әкең Қасым ханның зиратына құран оқып, мазар салғалы келген сыңайың бар секілді...

(І.Есенберлин, Көшпенділер: Жанталас)

5. Еркектерді погребке қамап жүргенде, Балуан Шолақ Татьянаға қарамауға тырысты. «Егер қарасам, — деп ойлады Балуан, — менен емексіп, қимылыма бөгет болар!».

(С.Мұқанов, Балуан Шолақ)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 16 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: