11:36 Көркем сөздің құдіреті | |
ЗАДА Нәсілі, ата-тегі, тұқымы асыл адам, ақсүйек. Мысалдар: 1. — Сөз жарыстыруға менің де зауқым жоқ доктор. Ал, аламандықты алға ұстап жүрген мен емес, мына өзің сияқты, қаратаяқтылар: ханшыл, бекшіл, төрешіл задалар. (Х.Есенжанов, Ақ жайық) 2. Жақсы гүлін жаз да соған таңады, Ол онсыз-ақ гүлдеп, кейін солса да. Ал, жұрт одан арам шөптей танады, Бір байқатса осалдығын сол зада. (Х.Ерғалиев, Шекспир сонеттері: 95 [аударма]) 3. - Ағеке-ау, асыл зада сен бір ерсің, Жадағай жапан дүзде кез келесің. Қорықпай Қодекемнен мұнда келген, Жүрек жұтқан жанбысың, неғып жүрсің? (М.Әуезов, Қозы Көрпеш - Баян сұлу)
ДАЛАП 1. Алқызыл я ашық қызыл түс; 2. Қазақ әйелдерінің ерніне жағатын косметикалық бояу түрі. Мысалдар: 1. Алысырақтағы теңселген бүйдайық ығысып, төңкеріліп, кілемін бір бүктеп, бір жайғандай құбыла түскен. Өңі далап, өзгеше далап. <...> Оның қызыл бояуы мол жүзі «ноғайлармен төуірсіз ғой» деген сөзге бұрынғыдан да гөрі далаптана түсті. (Х.Есенжанов, Көп жыл өткен соң) 2. Далаптай гүлді далаңды Тілсіз өрттей жау жалап, Жылатқан бала, анаңды, Шырылдатып найзалап. (Т.Жароков, Днепр) 3. Айжанның қызыл далап жаққан жұқа ерні күл деп, жүзінен қуаныш белгісі білінді. (З.Шашкин, Сенім) 4. Тек қала әйелдерінің әдеті бойынша ақшыл бетіне, қиыла біткен қасқабағына, жас баланың ерніндей үлбіреген ерніне әзір опа, далап, сүрме дегендердің бір де бірі тимеген. (І.Есенберлин, Қатерлі өткел)
АПШУ 1. Қысқару, кішірею, жиырылу, ширау, тарылу; 2. (аусп.) Шаршау, қажу, еңсесі түсу, тағаты біту. Сөз тіркес: Апшысын қуыру — берекесін кетіру, маза бермеу. Мысалдар: 1. Онда бұл ішік кереметтей үлкен көрінетін, қазір апшып, кішірейіп кетіпті. (Қ.Жұмаділов, Соңғы көш) 2. Сүмірейіп сұры қашып Қарқаралдың, Апшытып өмір өңін мал мен жанның. Әбжылан он алтыншы жылғы күндің, Түрі осы ед ел күйзелген мұң мен зардың. (С.Бегалин, Қарқаралы) 3. Ағайынды ренжіткен жəбірдің емес, аруақты апшытқан кесірдің тұсындағы анттың шарты сол. (Ə.Кекілбаев, Үркер) 4. Оның бер жағында ертеректе Кіші және Үлкен Алматы өзенінің арнасымен төмен қарай топан су жиі ағып, елдің апшысын қуыратын қатер және бар еді. (Д.Қонаев, Өтті дәурен осылай) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |