23:52
Көркем сөздің құдіреті

ТІН

1. Арқан жібінің бір талы;

2. Мән, мағына, гәп;

3. (биол.) Жасушалар жүйесі, ұлпа түрі

Мысалдар:

1. Араларында бір тіні ақ, бір тіні қара жіптен білектей ғып өрген қол арқан жатты.

(Ә.Кекілбаев, Үркер)

2. Жасынан бір тіні кем болып өскен жетім, көрінген адамға айтатыны сол: «Мен жетім, мені қорға» дейді. Бейшараның мақалы бұл...

(Х.Есенжанов, Ағайынды Жүнісовтер)

3. Нұрлан ақынның суреткерлік өнерінің негізгі тіні - адалдық. Бағзы заманнан ақын біткен аласұрып арашашы болған адалдықтың зұлымдықпен жекпе-жегі әлі итжығыспен келеді.

(Ф.Оңғарсынова, Қырдың қырмызы бояулары)

4. Жүйке тіні нейрондар мен нейроглия жасушаларынан құралады. Оларға тән қасиет – қозғыштығы және қозу өткізгіштігі болып саналады.

(«Қазақстан» ұлттық энциклопедиясынан)

 

КІБІСЕ ЖЫЛ

Толық жыл. Хижри (араб) жыл санауы бойынша 355 күннен тұратын жыл. Ал Грегориан жүйсінде әр төрт жыл сайын келетін, ақпан айы 29 күнге толатын жыл.

Мысалдар:

1. Яғни, жинақтап келгенде... үйде, дастарқан басында отырып есептегенде, жиыны, кібісе жылдардағы артық бір күнді қосып есептегенде – тура жеті мың жеті жүз алпыс тоғыз күн... ғұмыр кешіпті, соншама күн, соншама заман көз алдарында жүріпті, қисапсыз қызық көрсетіпті.

(М.Мағауин, Өлі мен тірі)

2. Мысалы күн қозғалысына негізделген күнқайыру түрлерінде (Бируни, Омар Хайам күнқайыруларында) де, ай қозғалысын арқау еткен ай хижрасы есебінде де кібісе жылдар орын алған. Түрлі заңдылықтарды ескере отырып белгілі фазаларды кібісе жылды қоса есептеу арқылы жыл бойындағы уақыт дәлдігі реттеліп отырады.

(Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі энциклопедиясы: 3-том)

 

ШАР

Жанжал, дау, шатақ.

Сөз-тіркес: Дау-шар — дау-дамай, талас-тартыс, жанжал.

Мысалдар:

1. Бұл өзіне пайдалы сөздерді ұғар.

"Жем қай жақтан түсед!"- деп, бір соны ойлап,

Сөз аяғы әр түрлі шарға соғар.

(Мәшһүр Ж.Көпейұлы, Қара өлең)

2. Ақылың болса жарқыным

Жіберме шарға ісімді

Қадіріме жетер ең

Танымайсың түсімді».

(С.Сейфуллин, Қамбар батыр)

3. Зүбәйла ноқта емес, әр аттың басына бір іле беретін. Ішіңнен шыққан балаң, өзі жалғыз, менің тілімді алсаң енді балаңның басын шарға салма.

(С.Мұқанов, Күрес күндерінде)

4. Әуезовтің азаматтығы – елге деген жанпида еңбектен тұрады. Шен-шекпенге таласқан дау-шар, бақай күрес емес, халықтың дәулетін, рухани байлығын арттыратын жасампаз еңбек қана азаматтық парызының өтеуі болмақ.

(Ә.Кекілбаев, Әуезов туралы сөз)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 23 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: