11:18
Көркем сөздің құдіреті

ОМАҚАСУ

1. Мойны астына кете, жер сүзе құлау, жығылу, аудырылу;

2. Сәтсіздікке ұшырау, күйреу.

Мысалдар:

1. Қартқожа арт жағында келе жатып: «Ойпырым-ай!» – деді. Алдағылардың бірі омақаса жер қауып еді.

(Ж.Аймауытов, Қартқожа)

2. Бесбесбай да соғысқа қатты ашынып кеп, ызалана кіріскен еді. Алғашқы бетінде ол ұдайымен екі жылқышыны екі-ақ салып, бірі артынан бірін омақата түсірді.

(М.Әуезов, Абай жолы: 4 том)

3. Оларды омақастыра құлату үшін ақынға ең алдымен ержүрек, өткір тіл, қапысыз қадалатын ұлы мысқыл, сарказм керек.

(С.Мәуленов, Үркер төбеде тұр)

4. Оның екі сөзінің бірі «Ошақбаев опық жемейді» болып келуші еді. Жоқ. Ошақбаевтар да омақасады екен. Олардың әділетсіздігінің, арсыздығының, ынсапсыздығының зауалы - заң екен.

(Ә.Нұршайықов, Махаббат қызық мол жылдар)

 

КӘР

1. Қаһар, ашу, ыза, зәр;

2. Ауыртпалық, қиыншылық, таршылық.

Сөз тіркестер:

Кәр тігу — қатулану, шүйілу;

Кәрге міну / Кәр төгу/көрсету— ашулану, қаһарлану;

Кәрге ілігу/ұшырау — ашуға тап болу, қаһарға килігу;

Кәрді қайтару — ашуды басу (успокоиться).

Мысалдар:

1. Еркек малмен әлек. Кәрлі қыс ақала бас бурадай басып адамның қырыс-тырысын жаздырмайды.

(Ж.Аймауытов, Ақбілек)

2. - Семейдің оязы кәрін тігіп, шақырту жіберіп, Абайды осында алдырып отыр.

(М.Әуезов, Абай жолы: 3 том)

3. Әсіресе, Петров пен Колтунов деген семинарияның оқытушысы, екеуі тұра күжілдеп, жұлқынып бізге кәрлерін төкті.

(С.Сейфуллин, Тар жол тайғақ кешу)

4. Тәңірінің кәріне ұшырамай тұрғанда кетелікші тезірек. Мынау келе жатқан нөсер де тегін емес,- деді үшінші дауыс.

(Ә.Сәрсенбаев, Толқында туғандар)

 

ТАТАУ

1. (көне.) Арам, теріс пиғыл; жауыз ниет, ой;

2. Ақау, мін.

Мысалдар:

1. Алжаспай сөзді ағытып,

Есебін тауып үлгерген.

Ерегіскен олармен

Ажалы жетпей күнде өлген.

Қарадос, Өске, Бұдабай,

Серәлі, Садыр, Орынбай,

Татауы жоқ сөзінің

Шұбырған көштің жолындай.

(Базар жырау жырынан)

2. Тасбақа, түлкі, қарға, киік — төрті

Дос болды, бастарының аманында.

Сыйласты шын көңілмен бірін-бірі,

Болмады ойларының татау, кірі.

(Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Төрт дос)

3. Байманның өтірік айтады дерлік түрі жоқ. Қасы-көзі, аузы бәрі татаусыз сайрап шын айтып тұрған тәрізді.

(Ж.Аймауытов, Күнекейдің жазығы)

4. Жас сұлтанның лыпыған жүрдек жорғадай татаусыз көңілі тағы да кібіртіктейді. Бірақ, көп ұзамай көзіне қайтадан жылт ойнады. Езуіне күлкі жүгіріп, өзінен өзі жымиып қояды.

(Ә.Кекілбаев, Үркер)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 11 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: