11:46 Көркем сөздің құдіреті | |
ЫҒЫР Беймазалық, заразап, қажалған жер (я мүйізгек). Көбінше етістіктерге тіркесіп қолданылынады: Ығыр болу/ету/қылу — мезі ету, мазаны алу, тыныштық бермеу. Ығыры шығу — мазасы, тыныштығы кету. Мысалдар: 1. Бiрақ, әйтеуiр, кеше ел шауып ығыр қып отырған Құнанбай өз ықтиярынсыз дуанға шақыртылып кетiп отыр. (М.Әуезов, Абай жолы: 1 том) 2. Жаз болса, мен осы үйге қонбас едім, Өлеңім он төрт жастан жолдас едің Бай, сұпы, хан-хакімнен ығыр болсаң, Сен - өлең, мен — Қашаған болмас едім. (Қашаған Күржіманұлы, Есқали сұпыға айтқаны) 3. Сахнаға аңтарылып, Есінеді айналып сырт, Деді: «Мұның бәрі тозды; Балет мені ығыр қылды, Дидло мені жалықтырды». (І.Жансүгіров, Евгений Онегин) 4. Сонда да кірпік ілер түрі жоқ: ой ма, уайым ба, әйтеуір аяқ астынан қоңылтақси қалған көңілде кісіні ығыр ететін мазасыз абыржу бар. (З.Қабдолов, Жалын)
КӨСІЛУ 1. Жылқының бауырын жазып, құйғыта шабуы; 2. Аяқты созу, жайылу; 3. Еркін қимылдау. Тұрақты тіркес: Көрпеңе қарай көсіл — шамаңа қарап амал істе. Мысалдар: 1. — О жез тұяқ, көсіл, көсіліңкіре! Жүре алмасаң саған серт, жүргізе алмасам маған серт!— деп шеткі атқа шүйіле түсіп. (Х.Есенжанов, Ағайынды Жүнісовтер) 2. — Иә,— деп келіншек көзі бажырайып, көсілген аяғын жиып алып, қарай қалды. (Ж.Аймауытов, Ақбілек) 3. О да жаңағыдай зеки сөйлеген үн ажарды аңдай отырып, Абай алдында шешіліп, көсіле алмады. (М.Әуезов, Абай жолы: 4 том) 4. − Көрпеңе қарай көсіл,- деді Қайназар күліп, − қазір біз үй біткеннің бәрін патша сарайларына айналдыра алмаймыз. (І.Есенберлин, Махаббат мейрамы) 5. Дастарқан басында отырып, Қонақ аяғын алысқа көсілмес. (Мақал)
ПӘКІЗЕ (БӘКІЗЕ) 1. Таза, саф; 2. Пәк, кіршіксіз, бейкүнә. Мысалдар: 1. Енді бұрынғы біздерге уағда қылған Шолан деген жерлерге, екі жерге: Құм, Жиделі деген жайларда болса біздер барып жауап беруге таярмыз. Халқымыздың ортасы деп шақырдық. Жері жақсы: суы пәкізе жайларда жауап анықдары үшін. (Исатай Тайманұлының Орал әскери атаманына жазған хатынан) 2. Малды пəкізелеп сойып, боқты-ішегіне дейін тазалап қоржынға салып алады. (Қ.Жұмаділов, Соңғы көш) 3. Оның үстіне тамақ ізірлеушіміз де анау-мынау адам емес, бір бәкізе [Ольганы айтады]. (Жекен Жұмаханов, Жазылмаған кітап) 4. Сенің қалтаңдағы алтынның бәрі осындайдан жиналған болса, кәне, сендердің кереметтіктерің, бәкізеліктерің қайсы. (Сара Мыңжасарова, Қыр қыздары) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |