22:59 Көркем сөздің құдіреті | |
МҮДУАР Жалынышты, тәуелді, кіріптар. Мысалдар: 1. Ойпырым-ай! Бұ немене екен? Мүдуар қылмай айтшы, жеңеше!. (Ж.Аймауытов, Ақбілек) 2. Хат жазуға, телеграм соғуға, театр баруға, жолға жүруге, о түгілі қатын алуға... ақша сұрап, үлкен мекемедегі ағаларының, өз губерниясының да адамдарының мазасын кетіріп жүргендерін көресің. Бермесе, бетін қайырса, назданғанын, өкпелегенін, сөккенін, ұрысқанын көресің. Сасқалақтап, мүдуар болып, қарызға сұрап алса, «Бісміллә, алла ақпар!», зым-зия жоғалғанын көресің. Қазыналық (литер) билет алып, өтірік жол жүрмек болып, біреуге сатып, пайда қылып жүргенін көресің... тағы талайларды көресің. Бәрі бірдей емес, осындайлар аз да емес. (Ж.Аймауытов, Мақалалар: Бұл әдеттен арылу керек) 3. Жан мүдуар – шуаққа тойынбаған, Түсінбейді жалғанда ойымды адам. Мен ертерек кетейін, ұстамашы, Бәлкім сонда, ертерек, мойындалам... (Әділбек Ыбырайымұлы, Ақ нөсер)
ТӘПЕЛТЕК Аласа, бәкене, тапал, қысқа. Мысалдар: 1. Қаперімде түк жоқ, кабинетімде отыр едім, бір тәпелтек кісі кіріп келді. (Ә.Нұршайықов, Ақиқат пен аңыз) 2. Қалалық мәдениет сарайының бір бөлмесі. Мұнда мүсіншілердің шеберханасы орналасқан. Қабырғаның терезеге қарсы бетінде арық келген, тәпелтек бойлы бір адам Еділбай қойының терісін екі қолымен кере көтеріп, қимылсыз тұр. Екі мүсінші оған қарап жапатармағай эскиз жасап жатыр. (Д.Исабеков, Ескерткіш операциясы [Пьеса]) 3. Жасымның жетіде екеніне, бойымның тым тәпелтектігіне қарады ма, әлде киімімнің сиқын көріп, қыста сонша жерден қатынап оқи алмайтыныма көзі жетті ме: – Оқуға келер жылы алам. Биылша шыда, – деді. (Ө.Қанахин, Жер басып жүрсем)
КӨБЕ 1. Сауыт, берен; 2. Тырнақ пен саусақ етінің түйіскен жері; 3. [Көбеген] Ерте туған (қозы); бала. Мысалдар: 1. Түсі суық тартқанда Төрт қырланған жебенің, Ажал оғы келгенде Қорғаны болмас көбенің. Қолына толды қырғыздың Басы тау мен төбенің. (Нысанбай жырау, Кенесары-Наурызбай) 2. Бой суынар қалтырап, безгек алғаш төнгенде, Тырнағының көбесінің көгергенін көргенде, Сезді бітті сырқатты, қалтырайтын шерменде. (М.Мақатаев, Құдіретті комедия) 3. Алғаныңды аз көрiп, елдi өзiң саралап көптiң құтын шайқама. Көпке масылын артқан көбеген болма!" деп бiр жортып өттi. (М.Әуезов, Абай жолы: 2 том) 3. Тоқсаба пісіп тұрған жалғыз көбесін жарқыратып сойып тастады. (М.Мағауин шығармасынан) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |