10:18
Көркем сөздің құдіреті

ПҰШАЙМАН

Сорлы, бейшара, мүсәпір, опық жеуші.

Мысалдар:

1. Сонымен, Мұқаш әрі елге жексұрын боп, әрі өкіметтен жақсы ат ала алмай, пұшайман болып, қалада бір-екі күн сандалып жүріп, ауылына қайтты.

(Ж.Аймауытов, Ақбілек)

2. Табан астында ойлағаны келді, әжесі тұлымынан бірер сипап мекіренді де, папасының қасына барып, сәл тұрып: "Қарағым-ау, таң атып қалды, әлі отырсың, дем алсай азырақ жөтеліп отырсың ғой", — деп, баласының басын бауырына қысып, шашын сипады. Осы сәтте Зияшқа папасы тым жадау, тым мүсәпір пұшайман көрінді.

(М.Мақатаев, Құлыптас)

3. Біразға дейін пұшайман болып жүрген Әбілқайыр күндердің күнінде қараптан-қарап көңілденді.

(Ә.Кекілбаев, Үркер)

 

БАЙТАҚЫТ

Құнарлы, шұрайлы, құйқалы.

Мысалдар:

1. Сөйтіп, 1781-жылдың ақпан айында қазақтың ең соңғы ұлы ханы Абылай баһадүр дүниеден озды. Арқадан келген туыстар мен Сыр бойының қалың елі бірнеше күн аза тұтып, ханның өз өсиеті бойынша, Абылайдың сүйегін байтақыт қала Түркістанға әкеліп жерледі.

(Қ.Жұмаділов, Абылайдың ақырғы күндері)

2. Меркі – қарабас шалғыны аттың жалпақ тізесін қағып, жетіліп тұрған байтақыт мекен.

(Əлібек Байбол, Теміржол вокзалы)

 

МӘШ

1. Сәйкес, дәл, тура, нақ;

2. Шебер, епті, білікті.

Мысалдар:

1. Шаруаға ұқыпты, байы өлген, тоқал қатын болса әй, сізге сол мәш келер еді — деп, елдегі тоқал қатындарды бір-бірлеп екшей бастады.

(Ж.Аймауытов, Ақбілек)

2. Көзден атқан шымшықты,

Мергендікке мәш екен.

Ерегіскен екі құл,                                                                     

Екеуі бірдей жас екен

(Манас дастаны)

3. Түркінің “тілмаш” деген сөзінен (тегінде, бұлай деп тілге мәш, яғни сөзге ұста адамдарды айтқан) орыстың “толмачы” шыққан [7, 72 б.].

(Абдрахман Сауытбек, Өлең аудармасының теориясы мен поэтикасы [Автореферат])

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 40 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: