23:24 Көркем сөздің құдіреті | |
ҚҰҚАЙ 1. Адамды шошытатын, қорқытатын тосын көрініс, құбыжық, бабай; 2. Азап, бейнет, теперіш, қиындық. Мысалдар: 1. Бала ойламаған, күтпеген құқайға қарай, қараңғылықтың құшағына кіріп те кетті. (Т.Әлімқұлов, Қаралы қобыз) 2. – Әлi тұра тұр, басыңда үкiң жоқ деп қиғылық салады! Тымағыңды көзiңе кимесең, жақтан да ұрады. Екеуiң бе? Ербол екеуiң талай құқайды көресiң.. Не қыласың, тек ұсына бер! (М.Әуезов, Абай жолы: 1 том) 3. Қарап қалған заман емес айлыққа, Қиындықтың құқайынан қаймықпа. Бәрі өткінші, Бәрі, бәрі баянсыз, Әсіресе, сенбеу керек байлыққа! (Қ.Мырзалиев, Хайроллаға)
БЕЙУАЗ Жазықсыз, бейкүнә, айыпсыз, момын. Мысалдар: 1. Бейуаз мұжықты қылышының жүзінен өткізбеді ме? Мүлкін талап, әйелін расуа қылмады ма? (Ж.Аймауытов, Ақбілек) 2. - Мұнша бейнет мойнымда, Төңірі, саған не жаздым? Арылмаған соры ма Мен сықылды бейуаздың? (І.Жансүгіров, Шал мен келіні) 3. Битке тәні, байға жаны құл болған, Өмірі өксіп, үміті өшіп тұл болған. Бейуаздардың көңіліне күн беріп, Біздің еңбек жауыздарға түн болған. (И.Байзақов, Біздің еңбек)
ҚАУДЫР 1. Кепкен, қураған, қатқан; 2. Қаусаған, қартайған, ескі, тозған. Еліктеуіш сөз ретінде де қолданылынады, яғни қаудыр — кепкен тері, мата, қағаз т.б. сияқтыларды ұстағанда, умаждағанда шығатын дыбысты бейнелейтін сөз. Мысалдар: 1. Қойтекенің астында желқом, оның асты Торшолақ: қолында шығыршықты кендір қамшы: кигені шолақ қаудыр тон: аяғында шана бас шоқай. (Ж.Аймауытов, Ақбілек) 2. Жаңбырды бұлттан тіленіп, Сағымды көзі жаудырап, Жататын дала түнеріп, Қаусаған шалдай қаудырап. (С.Мәуленов, Өзгерген өлке) 3. Қатқан тоны қаудырап, Табаққа көзі жаудырап, Отыр бала есікте. Аузы толған түкірік, “Кет!”– деп қояды жекіріп Қатар тұрған күшікке. (М.Жұмабаев, Қойшы бала мен күшік) 4. Қаудырақ шалбар еркектердің бірі табылмас деймісің. (Ж.Молдағалиев, Торғай толғауы) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |