10:55 Көркем сөздің құдіреті | |
АПЫРАҢДАУ 1. Дөрекі, өрескел қимылдау; 2. Есі шығып абыржу, сасқалақтау, асып-сасу. Мысалдар: 1. Иванов тілипонды шылдыратып қойды да: — Күте тұр. Ертең мәжілісте қараймыз... Сені орналастырамыз,— деді. Мұқаш «Бажалстыны» қағып, қол ұстап қоштасып: «Қираттым ба!» дегендей апыраңдап тысқа шықты. (Ж.Аймауытов, Ақбілек) 2. – Бұл сұмның арам ойы осы екен ғой... япырмай, Ақбілек не болды екен? Одан хабар біле алмаған екенсің... – деп, Мамырбай шатқаяқтап, орнынан тұрып, аяғын апыраңдай басып, ентігіп үйіне қарай жөнелді. (Ж.Аймауытов, Ақбілек) 3. ...жылдам қимылдап үйге кіріп шықты да, қара қас, қаракөз, қызылшырайлы келіншекпен алысып жүрген кер пұшық кетік бандыға: — Тарт үйге!.. Адам жоқ!.. — деді. Өзі де келіп апырақтап, қаракөз келіншекті ұстап, екеулеп үйге сүйреді. (С.Сейфуллин, Жемістер)
ҚҰНТАҚТЫ Ұқыпты, тиянақты, құнтты, епті, икемді. Мысалдар: 1. Анығында да Төлеген құнтақты жігіт еді. Жақсы тұрғанды кім жек көреді? Сонда да Төлеген «Ел пайдасы» деген сөзді аузы айтқаны болмаса, ар жағы өз пайдасын көбірек қарастырушы еді. (Ж.Аймауытов, Ақбілек) 2. Еңбекшілер үкіметі өткен жылдың аяғында почта конторларын газет тасу жұмысын құнтақты түрде орындап отыруға міндетті қылды. (С.Дөнентаев, Газет иесіне берілсін) 3. – Көріп тұрмын. Құнтақты қолдың жасаған қуыршағындай бала екен. Тек саудасына келіссек. (I.Жансүгіров шығармасынан)
СИДА 1. (ағашқа қатысты) Биік өскен, жапырақтары сирек; 2. (ауыс.) Биік, ұзын бойлы, бойшаң, сұңғақ. Мысалдар: 1. Көшенің екі өңірін қазқатар тізілген кәрі емен, сида теректер жапқан. (М.Мағауин, Ақша қар) 2. Көзі жасты, жіңішке сида бойлы бала жігіт бүгін таңертең обадан әкесінің қаза болғанын хабарлай келіпті. (М.Әуезов, Абай жолы: 4 том) 3. Солқылдап көк құрыштай, біткен тіп-тік, Жараған аш бөрідей, белі жіптік. Ыңғайлы, сұлу, сида, сұңғақ дене, Жараған бәйгі кердей ықшам, сыптық. (С.Сейфуллин, Көкшетау) 4. Қарашы анау қасқа тартқан тауыңа, Өзіңе ұқсап түсіпті ұры бағыңа. Сиреп қалған сидам орман шулап тұр. Қарғыс айтып, айбалталы жауыңа. (М.Мақатаев, Тоғай төңірегінде) 5. Көзі тышқанның көзіндей жылтыраған сидаң қара бала көк қалта қолына тигенде, күлімдеп кетеді. (Ә.Кекілбаев, Бір шөкім бұлт) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |