00:00 Көркем сөздің құдіреті | |
ӨҢМЕН Кеуде, көкірек, омырау, төс, дене. Етістік түрі: Өңмендеу — кеуделеп орынсыз ілгері басу, ентелеу. Сөз тіркес: Өңменнен өту — қатты тию, сүйектен өту (задеть, пройти сквозь тело). Мысалдар: 1. Енді, міне, ұлым маған қарайды, Өткір көзін өңменіме қадайды. Көп қателік жіберіппін, амал не? Кешір, ұлым, мойындадым, жарайды! (М.Мақатаев, Ұлыма) 2. – Тоқта! Тапжылма! Сөлектеп, алдымды орап, екеуiң бiр болмайсың. Осы түлкiнi алатын бүркiт пе, сен екеуiң бе? Немене өңмендеп қоймайсың!? Қал солай! – дедi. (М.Әуезов, Абай жолы: 2 том) 3. Әлемде сөзден күштi не бар екен? "Сөз өңменiңнен өтедi ғой" деген Қаратайдың тағы бiр тапқыр сөзi есiне түстi. (М.Әуезов, Абай жолы: 1 том)
ЖҰПЫНЫ Қарапайым, қарабайыр, жай, жобалғы, сүреңсіз, жүдеу, кедей. Мысалдар: 1. Күлiсiп, дабырласып сөйлеп келе жатқан ылғи жұпыны киiмдi жатақтар. (М.Әуезов, Абай жолы: 1 том) 2. Келіндер, жұмысшы, сауыншы, жылқышы, биешілер сияқты жұпыны жүзді көрші-қолаң да көп. Үлкендерден қартаң шал көршілер болмаса, басқа бөгде адам аз. (М.Әуезов, Абай жолы: 3 том) 3. Дәмежанның жұпыны, жүдеу қорасының төрінде ауыз үйлі, төр үйлі екі бөлмесі бар еді. Әйел қонақтарын ертіп, төргі үйдің есігін ашып, Абайға жол берді. (М.Әуезов, Абай жолы: 4 том) 4. Ауыл тұрмысы жұпыны. Қай үйге кірсең де жер еден, аласа дөңгелек үстел. (Ә.Әлімжанов, Махамбеттің жебесі)
ӘУЛЕКІ Әңгүдік, әңгі, әумесер, даңғой, елірме. Мысалдар: 1. Айтуға көңілім тербенді. Өзің жалғыз, надан көп, Ұқтырасың сен не деп, Әулекі, арсыз елге енді. (Абай, Келдік талай жерге енді) 2. Ертең өзі барып өкінішін айтып өтіл сұрау-ау, сонда да әулекі аңшы Мүсірепке сеніп қалып едім деудің өзі қандай ұят! (Ғ.Мүсірепов, Ұлпан) 3. Әулекі би ат үстінен билік айтар. (Мақал) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |